Зоб анадан балаға беріледі

050505«Зобты» қазақта жемсау немесе алқым безі деп атайды.  Осы кеселдің жылдан жылға жасарып бара жатқандығы эндокринологтарды алаңдатып отыр. Себебі, бүгінде туа бітті жемсаумен дүниеге келіп жатқан балалар көп. ДДСҰ мәліметінше, әлемде 1,5 млрд астам адам йод жетіспеушілігін сезінеді. Йодтың тапшылығынан 650 миллионнан астам адам зобқа шалдыққан. Ал, өңіріміз йод жетіспейтін өңірге жататындықтан эндемиялық аймақ саналады. Сондықтан статистика бізде де мәз емес. 

Бүгінгі таңда облыстық эндокринологиялық диспансерінде 18 мыңға жуық адам есепте тұрса, оның 3-4 мыңы балалар. Жыл басынан бері 1 112 адамнан ауру белгілері анықталған. Жемсау – жеңіл-желпі қарайтын ауру емес. Дер кезінде тексеріліп, ем қабылдамағанда – соңы қатерлі ісікке айналу қаупі бар.

Қалқанша безінің қызметі

Йод – адам ағзасы үшін өте қажетті микроэлемент. Балалар ағзасына тәулігіне 150 мг, ал ересек адамдарға 200-250 мг йод түсіп тұру қажет. Оны ағзаға жеткізіп, реттеп отыратын көлемі 20 грамм ғана болатын қалқанша безі. Осы кішкентай ғана мүшенің ағзада атқаратын қызметі күрделі. Ол жүрек, ми белсенділігі және бұлшықеттердің жұмысын жүйелеп отырады. Сондай-ақ, адамның өмір сүруі үшін қажетті тироксин, тиреотропин, кальцитотин секілді гормондарды бөледі. Йод жетіспегенде қалқанша безінің қызметі бұзылады да, гормондар өз деңгейінен көп бөлінеді. Нәтижесінде қалқанша безінің көлемі үлкейіп, ауру пайда болады. Сау кезінде 20 грамм болған без ауырғанда 1000 грамға дейін өседі. Бұл ауру гормондардың аз не көп деңгейде бөлінуімен тікелей байланысты пайда болып, дамиды. Осы себепті, жемсауды анықтауда мамандар гормонға сараптама жасатады. Айталық, егер қанда тироксин гормоны қалыпты мөлшерде болса, адам өзін жақсы сезінеді. Ал, тироксин өз деңгейінен төмендегенде адам әлсіреп, күші сарқылады. Бұл ауру гипотериоз деп аталады. Кальцитотин гормоны ағзаға түскен кальцидің өңделуі мен сіңуіне көмектеседі. Егер бұл гормон өз деңгейінде болмаса, сүйек тінінің қауіпті дерті – остеопороз басталуы мүмкін.

Ауру қалай білінеді?

Дерт белгілері басталғанда азғада көптеген ауытқулар байқалады. Көлемі өскен без басқа мүшелерді зақымдайды. Атап айтқанда, науқаста мынадай белгілер байқалады:
Тынысы тарылып, ауа жетіспейді;
Салмақ тастайды, жүрегі тарсылдайды;
Қалқанша безінің көлемі үлкейіп, көзі бадыраңқы болады;
Токсикалық жемсау кезінде қалтырап-дірілдейді;
Ауруда жүйке жүйесі зақымдалатындықтан науқас ашуланшақ келеді;
Болмашыға жылайды, өкпелегіш келеді;
Терісі шамадан тыс құрғайды, шашы түседі;
Терлейді.
-Ағзасында гормондық өзгерістер жиі орын алатындықтан еркектерге қарағанда әйелдер жемсаумен көп ауырады. Дегенмен, ер адамдар кеселге шалдыққанда аяқ-қолдарының еттері тоқырап, жүре алмайды. Аурудың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар көп. Экология, тұқымқуалаушылық, тез дайындалатын көше тағамдары мен химикаттары көп тағамдарды айтпағанда, бүгінде күйзелістің салдарынан аурудың өршу жағдайлары жиі кездесуде. Аталған белгілер байқалғанда уақыт создырмай эндокринолог-дәрігерге қаралған дұрыс. Өйткені, аурудың асқынуы жүрек жетіспеушілік, бүйрек жетіспеушілік, түйін пайда болғанда онкологиялық ауруларға айналуы мүмкін,-дейді облыстық эндокринологиялық диспансері емханасының меңгерушісі Мұхан Исабеков.

Балалардағы жемсау

Бүгінде балалардың арасында туа бітті жемсаудың көбейіп жатқандығын дәрігерлер де растайды. Әйелдердің жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбауы, күтінбеуі, инфекциялық аурулармен ауыруы, жемсауға шалдыққанда дер кезінде ем алмауы іштегі баланың денсаулығына әсер етеді. Осының салдарынан бүгінде туа бітті жемсаумен өмірге келіп жатқан сәбилер көп. Өңірімізде йод тапшылығы бар. Су арқылы ағзаға мүлдем йод түспейді. Әсіресе, әйелдер жүктілік кезінде міндетті түрде эндокринолог-дәрігердің тексерілуінде болып, зобтың бар-жоқтығын анықтағаны дұрыс. Жемсаумен ауырғанда дер кезінде ем қабылдамаса, баланың да осы кеселмен өмірге келуіне жол береді,- дейді Мұхан Базарәліұлы. Балалардың ағзасында йодтың жетіспеуі олардың ақыл-есінің дамуын тежейді.

Біле жүріңіз!

Йод тапшылығын орын толтыру үшін арнайы препараттардан бөлек азық-түліктерді кәдеге жаратуға болады. Мәселен, йод – апельсин, банан, лимон, қауын, жүзім, құлпынай, алма мен құрмада құрамында көп. Қызылша, картоп, сәбіз, сарымсақ та бұл микроэлементтен кенде емес. Балықтың барлық түрінде йод элементі кездеседі. Йод:
5 жасқа дейінгі баланың ағзасында – 80-100 мг;
12 жасқа дейінгі балаларда – 130 мг;
12 жастан жоғары және ересек адамдарда –160 мг жоғары;
Жүкті және бала емізетін әйелдерде – 200 мг болуы тиіс.

А.КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

050505236Мұхан
Исабеков,
Облыстық эндокрино-логиялық диспансері емханасының меңгерушісі:

Бүгінде емдеу мекемесінде жемсауды емдеудің жаңа әдістері енгізілді. Диспансерде жаңа технология бойынша физиоем алады. Қалқанша безі үлкейгенде химиялық реактивпен қатырып тастау – бұл да жаңа әдіс. Соңғы уақытта қан тамырларын түрлі хирургиялық жолмен қатырып тастау әдісі де қолданылып жүр. Хирургиялық отаға тек соңғы сатысында ғана жіберіледі. Дәрігерлеріміз біліктілігін арттыруда жуырда Санкт-Петербор қаласының мамандарымен тәжірибе алмасты. Дәрігерлермен қатар, зертхана мамандары қалқанша безінен биопсия алудың жаңа тәсілдерін үйреніп қайтты.

 

0505055Гүлнар
Сапарбекова,
Облыстық эндокрино-логиялық диспансерінің зертхана дәрігері:

Санкт-Петербор қаласындағы Ұлттық морфологиялық диагностикалық клиникасында қалқанша безінен биопсия алудың жаңа әдістерін үйреніп қайттық. Бұрын бұл сараптаманы алғанда жалпылама сипаттама беріп ғана қоятынбыз. Қазір 6 класификация бойынша жіктеп, әрқайсысын түсіндіріп жазып береміз.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *