«Жыры» бітпеген ғимараттар

Шымкент қаласында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан, жүргізіледі деген де нысандар жетерлік. Соның бірі – «Қазақстан» кинотеатры мен бұрынғы Сәкен Сейфуллин атындағы «Халықтар достығы үйі» және Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плазаның» құрылысы жөнінде кішігірім журналистік шолу жасаған болатынбыз.
Ең бірінші, «Қазақстан» кинотеатрына тоқталайық. Аталмыш кинотеатрды жыл соңында Оңтүстіктегі ұлттар мен ұлыстардың орталығына айналады деген жаңалықты өздеріңізге көктемде-ақ айтып, сүйінші сұрағанбыз. Барлық ұлттың әндері шырқалып, билері орындалады деп этномәдени орталықтың басшылары қатты қуанған. Ғимараттың облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі деп аталатынын экс-әкім Асқар Мырзахметовтың өзі бекітіп берген. «Бұрынғы Халықтар Достығы үйіндегі этно-мәдени орталықтар биыл осында көшеді. Бұл біздің Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына деген тартуымыз болады» деген-тұғын. Орталық басшыларымен, сәулетші, құрылысшылармен бұрынғы кинотеатрға барып, қалай жөндеуге болатыны, қалай жаңартатынын ақылдасқан-ды…

Арада алты ай өтті. Құрылыс жұмыстары қайнап жататын жаздыгүні Шымкенттегі ең үлкен кинозалдың іші де, маңы да жым-жырт. Сол баяғы қаңтар айында көргендей. Ол кезде жылуы істен шығып, төбесінен су ағып тұрған еді. Қазір ондай емес, бірақ қараусыз қаңырап тұр. Негізі, бірегей нысанның жекенің қолына өткелі 10 жылдан асқан екен.

«Қазақстан» кинотеатры

«Қазақстан» кинотеатры

 

2015 жылдың басында облыс әкімдігі нысанды банктегі кепілдіктен коммуналдық меншікке қайтарды. Ол процедура бюджетке 300 миллион теңгеге түсті. Құрылысшылар мен сәулетшілер орталық басшыларымен бірлесіп, жаңа ғимаратты қайта қалпына келтіруді бастау үшін түрлі нұсқаларды да қарастырған болатын. Облыстың бас сәулетшісі эскизін сызып, ұсыныстарын жасап, ол бекітілген де еді. Алайда, бүкіл елде үнемдеу шарасы басталғалы, ғимаратты жаңалау «күйіп тұрған» нысан болмағандықтан өздігінен кейінге ысырылған секілді…

Бірақ үміт бар. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынба- сары Ермек Қыдыровтың айтуын-ша, ғимаратты жаңалау жобасына қазынадан он тоғыз миллион теңге бөлініп, 8 миллионы қарастырылыпты. Барлық жобалық-сметалық құжаттары осы тамыздың соңына дейін дайын болады. Сол құжаттар негізінде облыстық мәслихаттың депутаттарына ұсыныс жасалмақ.

Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар сарайы

Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар сарайы

Өз кезегінде ОҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол Байқонақовқа да жолықтық.

– Қазір бұрынғы «Халықтар достық үйі» деген жоқ. 2014 жылы 19 тамызда облыстық аппараттың жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Және осы жылдың 8 қыркүйегінде облыстың экс-әкімінің қаулысы бойынша қайта құру жолымен «Қоғамдық келісім» мен «Достық үйі» мемлекеттік мекемесі бірігіп, бір мемлекеттік мекемеге айналды. Біздің негізгі міндетіміз, этномәдениеттермен бірлесе жұмыс істеу, Ассамблеяның жұмысын бірлесіп атқару. Былтыр «Қазақстан» кинотеатрының ғимаратын бізге берді. Себебі, этномәдениет үйінің отыратын ғимараты тар әрі репетициялық залымыз жоқ деген болатынбыз. Біз әкімшілікке қарайтын мекеме болғандықтан, тапсырысты беруші аппарат болып табылады» – деді.

Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар сарайы

Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар сарайы

 

Бұдан кейін, біз бұрынғы «Халықтар достығы үйінің» ғимаратына бас сұқтық. 1964 жылы бой көтерген бұл орталықтың атауы өзгертіліп, облыстық Жас-тар орталығына берілгені туралы айтылып жүрген. Мәселені анықтамақ болып, орталықтың директоры Ерлан Айтбаевтың өзімен сөйлестік.

– Облыстың бұрынғы әкімі А.Мырзахметовтің қолдауымен «Халықтар достық үйі» «Жастар орталығы» болып өзгерді. Оған бірден бір себеп, 2014 жылы әкімнің жастармен кездесу барысында «барлық өңірлерде жастарға арналған сарай бар, біздің өңірімізде ғана жоқ» деген мәселе көтерді. Алдында «Жастар сарайы» болған, бірақ кейін ол опера және балет театры болып кетті. Кейіннен бізді Абай саябағындағы екі қабатты ғимаратқа көшірді. Ондағы акт залы 90 адамға арналғандықтан жастардың кешін өткізуге мүмкіндік болмады. Жастардың өздерінің кештерін өткізетін үлкен сарай болса деген тілек айттық. Сондықтан, жастар «Қазақстан» кинотеатрын сұрады. Ғимарат ол кезде қаңырап, бос тұрған. Бір жылға жетпей облыс әкімінің шешімімен «Жас-тар орталығы» дүниеге келді. Жобалау-сметалық сызбалары сызылып, 2016 жылдың басында құрылыс жұмыстарына дайындық жасалып кетті. Бұл ғимаратта алдын Ассамблея отыр еді, оларды «Қазақстан» кинотеатрына жайғастырды. Жанындағы «Жастар орталығы» олардың кеңсесі болып, екі ғимаратты да соларға берді. Ал бізге осы ғимаратты берді, — деді.

Жарты ғасырлық тарихы бар нысанға 2006 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Акт залында сол баяғы 64-ші жылғы орындықтар ауыстырылмаған күйі тұр. Алда өтетін құрылыс жұмыстары барысында 700 орындықты қысқартып, сахнаны кеңейтпек. Орталық директорының айтуынша, кинотеатр мен сахнаның нормативтері сәйкес келмейтіндіктен, жаңа заманға сай етіп жабдықтамақшы.

Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плаза»

Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плаза»

 

Иә, 773 мыңнан астам жастары бар облысқа осындай күрделі жөндеуден өткен «Жастар орталығы» қажет-ақ. Бірер күннен кейін жаңа оқу жылы бас-талып, студенттер орталыққа ағылады. Айтпақшы, Ассамблеяның кейбір іс-шаралары әзірге осы ғимаратта өтіп жатыр. Себебі, «Қазақстан» кинотеатрына жөндеу жұмыстары әлі жасалмағандығын сөзіміздің басында айтып өттік. Сонымен қатар, Ерлан Айтбаев орталықты келер жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Жастар сарайы деп атауды да ұсынатынын айта кетті.

Хош, келесі кезек Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плаза» нысаны. Алғашында бұл ғимаратты жұртшылық әкімшілік орталық болады десіп шулап жүрген. Бірақ, облыстың бұрынғы әкімі Асқар Исабекұлы аппаратты «Нұрсәт» жаққа орналастырып, ел арасындағы түрлі әңгімеге нүкте қойды. Бүгінде алаңда ірі сауда орталығының құрылысы жүріп жатыр. Аумағы 48 000 шаршы метрді құрайтын «Шымкент Плаза» ірі сауда орталығының сәулетін ағылшынның Benoy компания-сы ұсынған. Құрылыс жұмыстарын TS Development компаниясы қолға алған. Халықаралық деңгейдегі бұл орталықта керемет сауда жасап, уақытыңызды қызықты өткізе аласыз. 25 000 шаршы метрге сәнді киімдер сататын дүкен, ресторан, кафе мен кофе ішетін орындар ашылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 7 кино-театр залы жұмыс істемек. Құрылыстың бас инженері Бақытжан Бекназаров жобаға 10 млрд теңге бөлінгенін айтты. Қаржылай қолдау білдіріп отырған серіктестік «Халық банк» АҚ-ы.

Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плаза»

Әл-Фараби алаңындағы «Шымкент Плаза»

 

– Былтыр жер жұмыстары тамыз айында басталған, күзде монолитті темір құю жұмыстары жүргізілді. Ал жаппай монтаждау өткен жылдың желтоқсан айында басталып, биыл мамыр айында аяқталды. Қазір ғимараттың сыртын қаптау жүріп жатыр. Жалпы, 4000 тоннадай темір қапталды. Конструктивті құрылыс жағынан 70 пайызы орындалды. Құрылыс жұмыстарына 400-дей адам тартылған, 90 пайызы жергілікті тұрғындар.

Жобада келушілерге арнап ашық және жабық түрдегі 650 автокөлік сыятын автопарк қарастырылыпты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Құрылыс келесі жылдың шілде айында аяқталып, ашылуы тамыз айына жоспарланып отыр. «Нысанды бұл мерзімнен де ертерек ашуға болады. Бірақ, маусымға байланысты тамыз айында ашу тиімді, – дейді TS Development компаниясының бас директоры Еркін Байботаев.

Сонымен, амандық болса келесі жылы қала тұрғындары Қазақстандағы ең ірі сауда орталығының тұсаукесерін тамашалайтын болады. Қысқасы, Шымкенттің шырайын ашуға тағы бір нысан қатарға қосылып, жоғарыда аталған ғимараттар толықтай жөндеуден өтеді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *