Жылыту маусымына дайындық қалай?

Жаз айы осы аптамен тәмам. Тамылжыған тамызбен қош айтысып, күздің қыркүйегіне аяқ басамыз. Тұрғындар жылыту маусымына қазірден бастап қамданбаса, ертеңгі күні қақыраған аязда тоңып қалмасына кім кепіл? Сонымен қала қысқа дайын ба? Бізді қызықтырған осы сауалға жауап алу үшін бірқатар аудандардағы тұрғын үйлерді аралап көріп, мамандармен аз-кем тілдескен едік.

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Әл-Фараби ауданында 458 үй дайын

Қаладағы халқы көп аудандардың бірі – әл-Фарабиде 665 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 609-ы орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылған. Ауданның солтүстігіндегі 251 үйді «3-Энергоорталық» АҚ, оңтүстігіндегі 358 үйді «ҚуатЖылу Орталық-3» МКК жылумен қамтамасыз етеді. Іс-шараға сәйкес мамыр-тамыз айларында 509 тұрғын үй дайындалуы қажет болса, қазіргі таңда 458 үй жылыту маусымына дайын. Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты «Халықпен жұмыс жүргізу» бөлімінің басшысы Досбол Есілбектің айтуынша, ауданда көпқабатты тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсететін екі мекеме бар. Олар – «Жилкомхоз», «ЖилСтройСервис» ЖШС. Аталмыш серіктестік жанынан тағы да 8 тұрғын үйге қызмет көрсету орталығы (ТҮҚКО) ашылған. Олар 348 көпқабатты үймен келісімшартқа отырып, тұрғын үйге қатысты коммуналдық саладағы жұмыстарды тиімді әрі сапалы түрде жүргізіп жатыр.

– Ауданда бекітілген 7 учаске бар. Соған біздің әкімшіліктің мамандары халыққа өздері тұрып жатқан үйдің шатырларын, кіре беріс есіктерді, терезелерді бүтіндеу және жертөлелердің техникалық, санитарлық жағдайын жақсарту, үйдің жылу жүйелеріне жылу есептегіш құралдарын орнату, баспалдақ алаңшаларын, үйге іргелес алаңдарды тәртіпке келтіру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді, – дейді бөлім басшысы.

34-019

 

Қаратауда 153 үйге сығымдау жасалды

Ал жаңадан құрылған «Қаратау» ауданына – 223 көпқабатты тұрғын үй қарайды. Мұндағы жылуға қосылған 204 көпқабатты үйдің 153-і қысқа дайын. Бұл аудандағы 120 көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелеріне «Спецкомплектсервис» мекемесі қызмет көрсетеді екен. Коммуналдық сала бойынша Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев қалған үйлерді 15 қыркүйекке дейін сығымдау жұмыстарынан өткізіп үлгеретінін айтты.

– «Қыстың қамын, жаз ойла» деген бар. Сондықтан да, тұрғындар құбырларды шаю, сығымдау жұмыстарына немқұрайлы қарамай, өздері де атсалысса екен. Елбасының тапсырмасымен қазір жарық, газ, жылуды үнемдеу керекпіз. Осы ретте тұрғындар жылу үнемдейтін есептеуіш құралды орнатса, жылуды да, ақшасын да үнемдейтінін айтқым келеді. Мәселен, біздің ауданда мұндай құрал әзірге 7 көпқабатты үйде орнатылған. Алдағы уақытта тағы да 6 көпқабатты тұрғын үйге қою жос-парда бар. Құрылғыны орнатуға ниет білдірген тұрғындар «ҚуатЖылу Орталық-3» мекемесімен келісімшартқа отыру керек, – дейді М.Тәжібаев.

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Еңбекшіде 350 үйдін жүйесі жөнделді

Енді, қаладағы Еңбекші ауданына тоқталайық. Бұл ауданда орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған 525 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 226-сы әртүрлі мекемелермен жылу жүйесін қысқа дайындау туралы келісімшартқа тұрыпты. Қалған 299-ы жеке бригадалар мен үй комитеті өкілдерін жалдаған. Қазіргі таңда 525 үйдің 350-і жылыту маусымына дайын.

Мұндағы мамандардың айтуынша, Еңбекші ауданындағы пәтерлерді қысқа дайындауда бірнеше қиындықтар туындап отыр. Мәселен, кейбір пәтер иелерін үйінен таппайсың, кейбірі еңбек демалысына кетіп қалған, кейбірі үйлерін жалға берген. Алайда, соған қарамастан Еңбекші ауданы әкімінің қызметкерлері қарызы бар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаражатты неғұрлым тезірек жинаса, жылудың да жақсы берілетінін айтумен келеді. Ең қызығы, жылу мәселесіне тұрғындардың өздері мүдделі болуы керек болса, бізде керісінше әкімшіліктің қызметкерлері халықтың соңынан жүгіріп жүреді. Бұл ауданның жылуға қарызы 206 миллион теңгеге жетіпті. Еңбекші ауданы әкімінің бөлім бастығы Александр Малаховтың айтуынша, тұрғындар көбінесе қарыздарын төлегісі келмейді. «Ондай кезде мәселені қайтадан түсіндіруімізге тура келеді. Қарыз ақша тезірек жиналса, жылу жұмыстарына соғұрлым дайындықты ерте бастаймыз», – дейді маман.

Енді қыста тоңбас үшін жылудың ақшасын уақтылы төлесеңіз, қыс бойы жылы үйде ауырмай-сырқамай шығарыңыз сөзсіз.

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Үнемдейтін есептеуіш құралын орнатып ал!

Қазір судың да, жарық пен газдың бағасына айырмашылық (дифференция) тарифі орнатылған. Осындай тариф жылуға да, жылу өңдейтін ұйымдарға да енгізілді. Мәселен, тұтынушы осы есептеуіш арқылы төлейтін болса, арзанға түседі. Өйткені, орта айырым тарифі 36 %. Егер пәтер иесі әрбір шаршы метрге 4000 теңгеден төлеп келген болса, есептеуіш құралын орнатқаннан кейін 2800 теңгеге дейін үнемдейтін болады. Ал есептеуіш құралдың ақшасын төрт жылға бөліп төлейсіз. Ол айына үйіңіздің шаршы метріне қарай бағаланады. Есептеуіш құралын орнату үшін «ҚуатЖылу Орталық-3» МКК келісімшартқа отыру керек. Әл-Фараби ауданында бүгінде он шақты пәтер иесі есептеуіш құрал орнатуға өздері ықылас білдіріп отыр екен.

Сөзіміз жалаң болмасын, 2011 жылы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасынан кейін 2012 жылы алғаш рет тәжірибе жүзінде аталған Жалпыүйдің есептеуіш құралын (ЖЕҚ) Тәуке хан даңғылындағы №33 көпқабатты тұрғын үйге орнатып көріпті. Осы есептеуіш құралының бүгінгі нәтижесі туралы бізге үй басқарушысы Роза Байымбетова (суретте) айтып берді.

– Мен №33 үйдің І, ІІ, ІІІ корпусының кондоминиум меңгерушісімін. Тұрғын-үй коммуналдық және шаруашылық басқармасының жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннен кейін 2012 жылы мамыр айында бізге жылуды бөлетін есептеуіш құралын орнатты. Алғашқы жылы «ЭнергоОрталық-3»-тің ешқандай бұйрығы шықпағандықтан үнемдеу болмады. 2013 жылы бұйрық шыққан соң жеке тұлғалар орнатылған есептеуіш құралдары арқылы 2000 теңге төлесе, ал орнатпаған үйлер 4000 теңгеден төледі. 2013 жылы түбіртек келген кезде 150 тұрғын аз төлейді екенбіз деп таңырқады. Мәселен, мен өзім бес бөлмелі үйде тұрамын. Бұрын қаңтар айында 7 999 теңге төлеп келсем, қазір қаңтар айында 4000 теңге төледім. Яғни, бес айға 20 мың теңге кетті. Бұл елу пайыз арзан. Ол үшін қала әкімшілігіне ризашылығымызды білдіреміз. Алғаш бұл есептеуіш құралдарын қала әкімшілігі өз есебінен бізге тегін орнатты. Оның бағасы 800 мың теңге шамасында. Оның қазір қызмет көрсету ақысын төлеп жатырмыз. Өзге тұрғындарға айтар кеңесім, есептеуіш құралын орнатып алғаны дұрыс, үнемдеу болады.

Дайындаған – Жансая Сыдықбай

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *