Жылу Жаңа жылға дейін қымбаттамайды

жылуОблыста 1510 білім, 951 денсаулық сақтау, 811 әлеуметтік бюджеттік мекеме маусымға дайы. Оларды жылытуға170,2 мың тонна қатты отын, 9,2 млн литр сұйық отын кетеді.

Биыл алғашқы қар қазан айында түсіп үлгерді. Сондықтан жылу бюджеттік мекемелерге ертерек берілді. Ал, көпқабатты тұрғын үйлердің бәрі бірдей қысқы маусымға дайын емес. Жаңа жылға дейін жылу бағасы көтерілмейді. Мұның бәрі 2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жайын пысықтаған брифингте айтылды.

Жылу «жыры» жыл сайын қайталанады. Биліктегілер жүз пайыз дайынбыз деп есеп беруден шаршамайды. Оңтүстіктің жайлы қысында осы дайындықтан «мін» табылып жатады. Қыс келісімен тоңған халықтың жанайқайы жиі естіледі. Әсіресе, көпқабатты үйлерге сапалы жылу жетпейді. Биыл қазанның ортасында табиғат тосын мінезін көрсетті. Күз ортасында қара жерге қар түскені бұқара халықты алаңдатты. Себебі, Шымқалада әлі күнге дейін магис-тральды құбырлар ауыстырылып жатыр.

-Облыстық орталықтан-дырылған жылумен қамтамасыз етілетін 3272 бюджеттік мекеме, 2278 көпқабатты тұрғын үй бар. Бюджеттік мекеменің 676-сы жылуға қосылды. 2278 көпқабатты тұрғын үйдің 2242-сі қысқы маусымға дайын. Жылу беретін үлкен екі жылу орталық бар десек, қазіргі таңда «3-Энергоорталық» мекемесі 74 МВт электр энергиясын өндірді. Шымкентте магистральды құбырларына сағатына 260 тонна су жіберілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің жылу құбырларға сығымдау жұмыстары жүріп жатыр, -дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы басқармасының басшысы Марайым Марғұлан.
Соңғы уақытта жылу өндіруші мекемелер «ҚазТрансГаз» АҚ-на қарыз екендігі айтылған болатын. Мұның өзінен тұрғындар «жылусыз қаламыз ба» деп алаңдаған. Дегенмен, «3-Энергоорталыққа» қазан айының басында газ берушілер көгілдір отын беруді бастады. Жылу өндіретін бұл мекеме көгілдір отын таратушыларға қарызының 700 млн теңгесін төлегенімен, әлі 1 млрд теңгеге жуық қарызы бар. Ол берешек арнайы жасалған кестеге сай төленетін болады.
Ал, Шымкент қалалық тұрғын үй комуналдық-шаруашалық бөлімінің басшысы Талғат Нәбиұлы қаладағы құбырларға сығымдау жұмыстары 25 қазанға дейін бітетінін хабарлады. Содан кейін барып, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілуі мүмкін. Мұның өзі нақты емес. Себебі, күн райы жылы болса, қарашаға қалады. Жылуға жауапты бөлім басшысы шымқалалықтардың биыл тоңбайтындығын айтып сендіруде.
-Қаланың жылу жүйелері «Оңтүстік» және «Солтүстік» болып екіге бөлінеді. Оңтүстік бөлігіндегі жылу құбырлары қаланың меншігіне кіреді. Бюджет есебінен бөлінген қаржыға 90%-дан астамы жаңартылды. Солтүстік аймағы былтыр ғана коммуналдық меншікке өтті. Мұндағы құбырлардың 60-65% ескі. Қазіргі таңда 20 шақырым жерге жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6,5 шақырымдық магистральді жылу құбыры ауыстырылады. Оның бүгінде 6,2 шақырымы бітті. Қазан айының 20-на дейін бұл жұмыстардың барлығы толығымен бітеді. Бір айта кетерлігі, бұл шаралардың құбырларды сығымдау жұмыстарына ешбір кедергі жасамайды, — дейді Талғат Нәбиұлы.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында жылу берушілер сапалы жылу беруге тырысып-ақ жатқаны белгілі. Алайда, тұрғындардың қарызы — 91 млн теңгеге жеткен.
«Қуатжылуорталық-3» ЖШС мамандары халыққы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, қарызды бермейтін тұтынушылар ісі сотқа жолданады,-дейді бөлім басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Батырша Махановтың айтуынша тұрмыстық газ, су, жылу секілді мәселелер бойынша өңірдегі тұрғындардан WhatsApp желісіне бір жыл ішінде 5 мыңнан аса шағымдар түскен. Шымкент қалалық диспетчерлік қызметке жылына 2-3 мыңға жуық арыз-шағым тіркелген. Биыл олардың саны 300 ғана екен.

Марайым МАРҒҰЛАН, облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы басқармасының басшысы:
— Жылу үшін газ бен көмір қолданылатыны белгілі. Сондықтан, әрбір тұрғын қауіпсіздік ережелерін дұрыс орындауы тиіс. Өйткені, жыл сайын осыған байланысты қайғылы оқиғалар орын алады. Газ құбырларының техникалық жағдайларына, үйге кіретін бөліктеріне көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге жылу әлі берілмегендіктен көбісі электр жылыту құрылғыларын қолданады. Мұның өзіне аса сақ болу қажет.

Талғат ҚАСЫМБЕКОВ, Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:
— Жылу бағасы жаңа жылға дейін көтерілмейді. Яғни, өзгеріссіз қалады. Баға монополияға қарсы мекеменің құзырында болғандықтан, қаншаға көтерілетінін жаңа жылдан кейін солар шешеді.

Дайындаған – Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ


Шымкентте жылуға қатысты шұғыл желілер іске қосылды. Онда аудан әкімдіктерінде елдімекен тұрғындарымен жұмыс істеу бөлімінің мамандары жылуға қатысты сұрақтарға жауап береді.
Абай ауданы — 21-41-71
Әл Фараби ауданы — 54-96-54
Еңбекші ауданы — 43-31-09
Қаратау ауданы — 42-10-21.

«Қуатжылу орталығы» мекемесі-
44-82-37, 44-82-25.
Шымкент қаласы әкімдігінің телефоны-
545-545
Қалалық диспетчерлік қызмет орталығы-
53-00-15.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *