Жуылмаған жеміс дәру емес, дерт әкеледі

 

117Бау-бақшамыздағы жеміс-жидек пен көкөністің алды пісіп, дастарханымызға қойыла бастады. Базарда құлпынай, шие, өрік,  қызанақ пен қиярдың саудасы қызып тұр. Дәрігерлер құрамы ағзаға пайдалы түрлі дәрумендерге бай жеміс-жидектер мен көкөністерді  пісу науқанын пайдаланып, молынан жеуге кеңес береді. Дегенмен, нақ осы мезгілде пайдалы деген өнімдерден түрлі инфекциялық аурулар өршиді. Тіпті, жедел ішек инфекциясынан балалар арасында өлім-жітім жағдайлары тіркеледі. Газетіміздің бүгінгі санында жуылмай жеген өнімдердің қандай қауіпті ауруларға әкеп соғатынын және  жемістер мен көкөністерді жеудің алдында жуып-тазалаудың қарапайым тәсілдерін айтатын боламыз. 

 

Екі кеселден сақтаныңыз

113Жаз айларында жуылмаған, дұрыс сақталмаған, бұзылған жеміс-жидектер мен көкөністерден зардап шегетіндердің дені балалар. Яғни, жеті жасқа дейінгілері. Себебі, бұл жас-та бала ағзасы ауру тудыратын микробтармен күресуге дәрмені жетпейді. Салдарынан дизентерия, сальмонеллез, вирусты гепатит, іш сүзегі, ішек құрт аурулары қозады. Әсіресе, жазда жедел ішек инфекцияларының белсенділігі артады. Жумай жеген өнімдердің салдарынан дәрігерлік көмекке жүгінетіндер көбінесе, жедел ішек инфекциясы мен ішек құрт ауруларына шалдыққан науқастар.
Сонымен қатар, шет мемлекеттерден келетін жеміс-жидектер ұзақ сақталуы үшін парафинмен жабады. Алайда, бұл материалдан жемістердің дәнінде зиянсыз жұқа пленка пайда болады. Оған түрлі бактериялар, шаң, құрттардың жұмыртқасы жиналады. Бұл өз кезегінде ауру тудырады.
Бұл екі кеселді өзге аурулардан бөле-жара айтқан себебіміз, жаз айларында алма, өрік, алхоры, шие, қызанақ пен қиярды дұрыс тазалап, жуып жемегендіктен жиі пайда болады. Өйткені, кейде базардан аталған өнімдерді сатып алып келе жатқанда балалардың шыдамсыздығынан жолда жумай беретін жағдайларға көбірек куә боламыз…

Қалай жуамыз?

112Мамандар жеміс-жидектерді қаншалықты сүрткенімен ауру тудыратын бактериялар, шаң-тозаң, паразиттің жұмыртқалары қабығында қалып қоятындығын айтады. Жемісті өңдеуден өткізудің ең қарапайым тәсілі – жуу. Сонымен, жемістер мен көкөністерді тазалаудың ережелеріне тоқталсақ:
Оларды дуршлаг немесе арнайы торда жуған дұрыс.
Жемістерді жуған сол мезетте жеген дұрыс. Себебі, жеміс-жидектерді жуғанда кейбірінің қабығы нәзік болғандықтан тез зақымдалады. Оны сол сәтте жемесе, құрамы бұзылуы мүмкін.
Ақбас қырыққабаттың (белокочанная капуста) сыртқы қабығын аршып, жоғарғы бөлігін кесіп, алып тастайды. Сосын салқын сумен жуып, аздап құрғатады. Түрлі-түсті қырыққабатты да осылай жуып-тазалайды.
Аскөк, ақжелкен, көк пияз секілді шөптердің сарғайған, шіріген жерлерін кесіп, алып тастайды. Сосын ыдысқа салқын су құйып, көктерді суға малып жуады. Суды қайта жаңартып, тазалауды осылай бірнеше рет қайталайды. Көк шөптерді жақсылап жумаса, жапырақ арасында ауру тудыратын бактериялар мен паразиттердің жұмыртқасы қалып қояды.
Сәбіз, картоп, қызылша, шомыр, шалғамды алдымен топырақтан тазартып, жылы немесе салқын суға бір малып алады. Сосын қалған құмы мен топырағын шөткемен ысып кетіреді. Салқын суға тағы бір рет шаяды.
Қызанақ пен қиярды да асықпай салқын сумен жуады. Оны турар алдында әрбіріне мұқият қарап шығыңыз.
Жүгеріні бірнеше минут суға салып, сосын крандағы суға асықпай қайта жуады. Баялды, асқабақ, кәді, ащы бұрыш, патиссонды кран суына жуып, сосын таза сүлгімен (салфеткамен) сүртеді.
Ал, лимон, апельсин, мандарин, грейпфрут секілді цитрусты жемістерді салқын сумен шайып, сосын үстіне аздап ыстық су құйып жібереді. Қауын-қарбызға арнайы жуатын құралды пайдаланады. Не болмаса суға ұзақ жуу қажет.
Шие, қарақат, алша, өрік, қарлыған, жүзім секілді қабығы нәзік жидектерді 10 минут салқын суға салады. Одан кейін ағып тұрған суға бірнеше рет жуады.

Дайындаған – Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *