Жетпісінің жігерлі ақ желкені

54Өмірдерек… Ғұмырдарияға тағдырымыз ескексіз қайықша тасталған сәттен-ақ, «ақ желкенді» тағдыр нәсіп етсін деп тілей беріңіз. Себебі, қайықты бағытынан адастырмай, желмен жарыса жағалауға жеткізетін –  ақ желкен.

Бүгінде Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының саңлақтары қатарынан құрметті орнын иеленген, 70 жастың белесіне жеткен Қазақстанның Мәдениет қайраткері, актриса Айжан Жұмабекова өз ақ желкенін – Өнерден тапты.

Күн келбет, ақша жүзі ашық маңдай,
Сөздері сәуле төгіп шашылғандай.
Жетпіске жеткен Айжан қандай болса,
Абайдың әз Зересі дәл осындай.
Текті жан, тектен-текке таңдала ма,
Әсият секілдідей «Тау қызында».
Сахына Сүлейіндей көріндіңіз,
Әуезов Қарагөзін сомдағанда…

Бұл жыр жолдарын Мәлік Нұрболат Айжан апасына арнап жазыпты. Өнермен өмір жолын кестелеп келе жатқан шығармашылық иесіне жас жеткіншектер жыр жолын арнап жатса – көрерменнің көңіліне ұялады демек.

Жұмабекова Айжан Жұмабекқызы 1946 жылы шілденің 29-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Коммунизм кеңшарында, қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келген. Өнерге деген тартылыс, балалық шақтан бас-тауын алып, 1952-1962 жылдары Абай атындағы қазақ орта мектебінде оқып жүргенде көркемпаздар үйірмесінің белсенді мүшесіне айналады. Жүрек түпкірінде ұшқындаған өнер оты өрге жетелеген Айжан Жұмабекқызы, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, бірнеше дүркін аудандық және облыстық ән байқауларында топ жарып, жүзден – жүйрік озады. Өнермен ауызданған өнерпаз қыз, 1962-63 жылдары Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түседі.

img_6319

Көкейден кетпес өнер күші жас қызды бейтарап қалдырсын ба, студенттік албырт әлемде жүрсе де өнерін ұштай түскен А.Жұмабекова, Қызылорда облыстық Бекежанов қазақ драма театры жариялаған конкурсқа қатысады. Ажары мен бойына өнері сай қыз, қазылар алқасының назарына ілігіп, театрға әртіс болып қабылданады. Осылайша, «актерлік ғұмырдың ақ желкені» қайығына қағылады.

img_0003

Әр мамандықтың өзіндік ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығы жеткілікті. Десе де, көрерменнің көз алдында өзгеге айнала отырып, өз жанын жегідей жейтін «Актер» мамандығының сансыз қырын түбегейлі суреттеуге тіл жетпес. Ойсы, айналаға күле қараған көрерменге ой салып, елеусіз өткізген тұсқа егілте қарататын – «Театр» сиқырына елітіп әкететін ғажайып өнерде табан тіреп қалу үшін – Өнерге деген ынтызарлық қажет.

111

Сол кездегі театрдың бас режиссері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Рубен Суренұлы Андресянның жетекшілігімен, Ш.Хусаиновтың «Алдар Көсесіндегі» — Қарашаш, «Есірткең еркесіндегі» — Наскен, Шағжинның — «Сандықтан шыққан сайтанындағы» — Цэрэгма, М.Әуезовтың — «Айман-Шолпанындағы» — Айман, К. Гольдонидың «Қонақ үйдің қожасындағы» — Ортензия рольдерін кәсіби деңгейге жеткізе орындауға қол жеткізеді.

Өмірдің сан-алуан соқпақ жолында, өміріңе ықпал етіп, тіптен, өзгертіп жіберетін жандар болады. Қызылорда театры мен Шанин театры артистері, киелі Тараз қаласының сахнасында кездесіп қалады. Шанин сахнасының саңылағына айналған Қазақстанның халық артисі Жұмабике Серікбаева мен Қазақстанның еңбек сіңрген артисі Райысхан Байкенов, Айжан Жұмабекқызының «оңтүстіктің тумасы» екенін біле сала, ажарына өнері сай актрисаның «өз өлкесіне қажеттігін» айтып, арнайы шақырады. Міне, осылайша, кездейсоқ кездесу – Шымқаланың төріне жетелеп келеді.

1966 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы театрына орналасқан актриса, театрдың бас режиссері ҚР еңбек сіңірген әртісі Ә.Ордабаевтың ұстаздық қамқорлығының арқасында: М.Әуезовтің- «Қаракөзінде»- Қаракөз, «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» — Қарлыға, У.Шекспирдің- «Асауға – тұсауында» — Катарина, Ф.Шиллердің — «Зұлымдық пен Махаббатында» — Леди Мильфрод, М.Кәрімнің — «Ай тұтылған түнінде» — Шафак, Ш.Айтматов шығармасы желісімен Т.Дүйсенбаев жазған — «Қашқын»- Сейде, А.Балақаевтың «Аңыратпашы ананы» — Шарка, Т.Ақтановтың — «Антында» — Фатима ханум, Р.Гамзатовтың — «Тау қызында» — Әсият, М.Байджиевтың — «Жекпе жегінде» — Назы, Д.Исабековтың — «Әпкесінде» — Әпке, «Ескі үйдегі кездесуде» — Зейнеп, А.Сулейменовтың — «Кегіндегі» — Кежім, Ғ.Мүсіреповтың- «Ақан Сері-Ақтотысындағы» — Ақтоты, «Қозы көрпеш- Баян сұлуындағы» — Баян, Б.Майлиннің — «Шұғасындағы» — Шұға т.б. 200-ге тарта қазақ және дүние жүзі драматургиясының інжу-маржандары мен бүгінгі заман авторларының туындыларында басты кейіпкерлерін сомдап, көрермен көзайымына айналды.

Жетпейтін жыр шумағы көмкеруге,
Лайықты қызғалдақ қыз гүлденуге.
Шолпан жұлдыз секілді Шафақ ару,
Кәрімнің «Ай тұтылған түндерінде» — деп, жас ақын Мәлік Нұрболат жырлағандай, актерлық жолына Б.Майлинның «Шұғасындағы» Шұға мен Шафақ аруды алғашқылардың бірі болып сомдау бақыты бұйырған актриса, үздіксіз, талмай ізденістің арқасында шығармашылық жетістіктерге жете білді.

222

Өнері мен бойындағы қайраткерілігін қатар ұштастырған актриса, облыстық, қалалық көпшілікке арналған мерекелік іс-шараларға қамқорлығымен қатар, құлшына кірісіп кетеді. Дүбірлі мерекелерге орай өткізілетін театрландырылған көріністерге ат салысып, актрисалығымен қоса әншілік өнерімен өз көрерменін тәнті етеді.

Білек сыбана кіріскен іс, еленбей қалмақ емес. Айжан Жұмабекқызының қоғамдық жұмыстарда көрсеткен белсенділігі бағаланып, 1969 жылы қалалық кеңестің депутат болып сайланды. Өзгенің мұң-мұқтажын – өзінен биік қоя білген актриса, театр жастары комсомол ұйымының, театр қоғамының, әйелдер кеңесінің бірнеше рет төрайымы болып сайланды.

1979 жылы Әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтында театр сахнасынан қол үзбей жүріп білімін жоғарлатты.
1980 жылы театрдың Алматы қаласында өткен гастрольдік сапарында, талғамы биік астана көрермендерінің ерекше ілтипатына ие болып — Қазақ ССР Жоғары кеңесі Президиумның «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1992 жылы «Сахна шебері» кәсіби номинациясын иеленіп, 1994жылы және 2001 жылдары екі рет Қазақстан Мәдениет министрінің «Құрмет» грамотасымен, 2003 жылы Санкт-Петербург жоғары оқу орындарын бітірген Оңтүстік Қазақстандықтар қауымдастығының «Сахна маликасы» дипломымен, 2004 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталды.

Аяулы ана, қадырменді әже боп жанұя ұйытқысына айналған А.Жұмабекова Оңтүстік Қазақстан облысы әкімнің 2012жылғы 29 қазандағы №1-267 Өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Иә, өнер әлемінде «Өз ақ желкенін» таба білсе, «Артист» сөзі – қуаттана бермек. 70 жасыңыз құтты болсын, Айжан Жұмабекқызы!

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *