Жер телімін сатып алғанда түбірін тексеріңіз

Редакциямызға оқырмандар тарапынан көптеген сауалдар түсіп жатады. Олардың басым көпшілігі жер мәселесіне қатысты болып отыр. Үй іргелік жер алу үшін кезекте тұрғандар қашан жер берілетінін білгісі келсе, базбіреулер кезінде рәсімдеген құжаттарын заңдастыра алмай отырғанын айтады. Сондай-ақ, тұрғындарды үйі мен жері мемлекет меншігіне өткен жағдайда қанша өтемақы берілетіні не болмаса жер қай аумақтан берілетіні қызықтырады. Осынау сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовты сөзге тартқан едік.

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауов

– Қасымбек Пернебекұлы, қазір қала аумағынан азаматтарға жер телімдері беріліп жатыр ма?

– Қазіргі кезде жер беріліп жатқан жоқ. Жаңадан жасалған бас жоспарға сәйкес, тұрғын үй салуға қажетті жер бөлінген. Алайда, ол жер әлі бос емес. Себебі, ол жер бастапқы кезде жеке және заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатында берілген болатын. Бүгінде сол жер телімдерін мемлекетке қайтару, қайта рәсімдеу, әлеуметтік нысандардың орнын белгілеу, инфрақұрылымдарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың барлығы жасалып болған соң ғана біртіндеп кезекте тұрғандарға беріле бастайды. Бірақ нақты мына уақытта беріледі деп айта алмаймын. Ол алдағы уақыттың еншісінде.

– Қазір жер теліміне қанша адам кезекте тұр? Егер жер телімдері берілген жағдайда бірінші кезекте кімдерге беріледі?

– Бүгінде тізімде жер алғысы келетін 64753 адам бар. Бұл кезекке 2004 жылдан бері өтініш жазғандар енгізілген. Яғни 2004 жылға дейін кезекке тұрғандардың тізімі жүйеленіп, қайта жасақталған. Енді жер телімдері берілген жағдайда сол азаматтарға, кезегіне қарай беріле бастайды.

– Егер жер алғысы келетін азаматтың не болмаса әйелінің меншігінде жылжымайтын мүлкі болса, үй іргелік жер берілмей қалмай ма?

– Кез-келген ҚР азаматы бір рет тегін жер телімін алуға құқылы. Оның атында жылжымайтын мүлкі болса да, жер беріле береді. Сондай-ақ, әйелінің атында жылжымайтын мүлкі немесе жері болса да ол азаматқа жер алуына кедергі бола алмайды. Егер ол тұрғын бұған дейін жер алған болса, екінші рет тегін берілмейді.

– Қазір Шымшаһардың аумағы үлкейіп, бірнеше елдімекен қалаға кіріктіріліп отыр. Сол елдімекендерде шаруа қожалықтарына тиесілі жер телімдерін базбіреулер тұрғын үй салу үшін сатып жатыр екен. Осы әрекеттер қаншалықты заңға сәйкес келеді?

– Заң бойынша қалада орналасқан шаруа қожалықтарына берілген жерді сатуға тиым салынған. Сондай-ақ, ол жерге тұрғын үй салуға болмайды. Тұрғындар осы мәселеге өте қатты мән берсе деймін. Мәселен, қазір бізге азаматтардан көптеген арыздар түсуде. Олар «Қарабастау», «Жұлдыз», «Жаңаталап», «Қайнарбұлақ» сияқты елдімекендерден жер сатып алғандар бізге келгенде мемлекеттік акті шығара алмайды. Себебі, электронды жоспарда ол жер шаруа қожалығына тиесілі деп көрсетілгендіктен, тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Сол үшін кез-келген жерді алмас бұрын бізге келіп, тексертіп, қандай мақсатта берілген жер телімі екенін анықтап алған жөн.

– Бүгінде қала тұрғындары арасында жерін заңдастыра алмай жүрген азаматтар көптеп кездесуде. Олар 2006 жылы жаппай мүлікті жария ету кезінде мемлекеттік актіні алып, әділет басқармасына тіркетіп қойған. Алайда, екінші адамға сатқанда мемлекеттік акті шықпайды. Қалалық жер қатынастары бөлімі ол құжаттарды заңсыз деп қабылдамауда екен. Бұл мәселеге қатысты не айтасыз?

– Ия, ондай фактілер баршылық. Ол кезеңде жаппай заңдастырып жатты да, жерді электронды картаға тіркету, қазығын қағу, кадастрға тіркету шаралары жасалмаған. Жауапкершіліктің барлығын жердің иесіне жүктелді де, оларға жер тегін берілсін деп заңда көрсетіп қойды. Сол жер иесінің айтуы бойынша шекарасы белгіленіп, мемлекеттік акті беріп жіберді. Ал ол актілердің барлығы ауада тұрды. Яғни ХҚКО тіркегенімен электронды картаға түспегеннен кейін заңсыз деп танылады. Қазір біз сол құжаттардың түбірлері бар болса рәсімдеп жатырмыз. Ал түбірі жоқ құжаттарға мемлекеттік акті берілмеуде. Оның бәрі заңды деп айтар едім.

– Сіз сол мүлікті жария еткен жылдары осы қалалық жер қатынастары бөлімінде заңгер болып жұмыс істедіңіз. Сол құжаттарға өзіңіз де қол қойған шығарсыз?

– Жоқ, мен мүлікті жария етуге қатысты бірде-бір құжатқа қол қоймағанмын. Ондай маңызды құжаттарды жасауға қатысқаным жоқ.

– Енді ол азаматтар ол жерге үй алып, орнығып қалды. Ондай жағдайда қандай әрекет жасау керек деп айтар едіңіз?

– Неге біз алаяқтық жолмен құжат жасап алған азаматтарға мемлекеттік акті беруіміз керек? Ол азамат білді ғой сол құжатты жасаған кезде. Оған біреу жасап берді ғой. Құжаттарын істеткізді. Яғни, жасатқан құжаттары, мөрлері, шешімдері жалған болғаны ғой. Дегенмен, мемлекеттік акті шыққан. Яғни, мемлекеттік мекемені жаңылыстырып, бұрмалап, соған акті жасатып алған. Егер сол уақытта мемлекеттік мекемеге арызданып, жасатқан болса бәрі заңды болатын еді. Енді ол жер қайтарыла ма, жоқ па, сотпен шешіледі. Ол құжаттарды қалай жасатқанын, кім жасап бергенін құзырлы органдардың алдында дәлелдеп беруі керек.

– 2006 жылы мүлікті жария ету кезінде бір мекенжаймен екі мемлекеттік акті беріліп кеткен жайттар орын алды. Осы тұста, бір жерге екі — үш мемлекеттік акті беріліп кеткенін білеміз. Бұл құжаттар қалай заңдастырылады?

– Мүлікті жария ету кезінде бір жерге екі емес одан да көп мемлекеттік акті берілу жайттары орын алды. Бірақ ол жер телімдерінің басым көпшілігі электронды картаға енбей қалған. Егер электронды картаға бір адам жерін тіркеткен болса, екінші адам ол картаға жерін енгізе алмайды. Яғни, құжат жүзінде ала берген. Кейін соттасып жатты. Алайда біздің мамандарымыз сотқа барып, сол электронды карта бойынша жердің заңды иелерін көрсетіп берді. Ол бұрындары болған жағдайлар еді. Қазір бір жерге екі мемлекеттік акті беру деректері тіркеліп жатқан жоқ. Ал бір жерге таласып қалған жағдайда оны сот шешеді.

– Бізге «Оңтүстік», «Самал-3», Киров шағынаудандарының бірқатар тұрғындары хабарласып, жария ету кезінде жеріне шешім шығарып алғанын айтады. Алайда қалалық жер қатынастары бөлімдері ол жер телімдерінің түбірі жоқ деп тіркемепті. Кейін сотқа шағымданған. Сот тек тұрып жатқан үйлерінің жерін заңдастыруға шешім шығарған да, аулаларындағы жерін тіркете алмаған. Бұл азаматтар қандай әрекет жасауы керек?

– Ол азаматтар құжаттарының түбірі жоқ болуына қарамастан үй салып алған. Енді заңдастырып бер дейді. Ондай құжаттарды біз арнайы комиссияға ұсынып көреміз. Комиссия мүшелері тек қана үйі тұрған жерді ғана беріп, қалғанын мемлекет меншігіне қайтарып жатыр. Қазір бұл азаматтарға тек үйіне кіріп шығатын жерін ғана заңдастыра аламыз.

– Бұған дейін екі жылдан артық игерілмеген жерді мемлекет сот арқылы кері қайтаратын еді. Қазір осы тәртіп қалды ма, әлде өзгерді ме?

– Биылдан бастап жер телімдері жеке меншікке берілді ме, ол мүлдем қайтарылмайды. Үй соқса да, соқпаса да өз меншігінде қала береді. Тек баспана тұрғызбағандар салықты көп мөлшерде төлейді (10 соттық жерге 13 мың теңге), ал үй тұрғызғандар әлдеқайда аз (шаршы метріне 200 теңге) төлейді. Қайтарып алу ауылшаруашылығына және коммерциялық нысандар салуға берілген жерге қатысты жүргізіледі. Осы ретте айтып өтейін, қазір қала аумағына кіріктірілген «Қайнарбұлақ», «Жаңаталап», т.б елдімекендердің ауылшаруашылық мақсатта берілген жерін базбіреулер тұрғын үй соғуға болады деп сатып жатыр. Бұл дұрыс емес. Біз бас жоспарға сәйкес ол жерді заңдастырмаймыз.

– Коммерциялық нысандарға жалға берілген жерді қайта сатып алудың тәртібі қалай?

– Сатуға болатын жер болса береміз. Ал сатуға рұқсат етілмеген аумақта орналасса, бере алмаймыз. Оны сәулет және құрылыс бөлімімен бірлесіп отырып тексеріп, анықтаймыз. Ол жер қызыл сызыққа жата ма, астынан инфрақұрылымдар өте ме, жоқ па зерттеледі. Содан кейін сатуға болатын, болмайтынын арнайы комиссия қорытындысы негізінде шешіледі.

– Қазір қала тұрғындарын мазалап отырған сауалдардың бірі үй іргелік жердің мемлекетке қайтарылуы болып отыр. Мұндай өзгерістер қайсы шағынаудандарда болып жатыр?

– Қаланың бас жоспарына сәйкес, бірнеше жер телімдері мемлекет меншігіне өтеді. Қазір біз ондағы тұрғындарға ескерту қағаздары берілуде. Бірінші кезекте «Тұран» шағынауданының сол жағындағы 412 гектар қайтарылады. А. Байтұрсынов көшесінің /44 участок/ кеңейтілуіне орай жер қайтарылады. Дамбовая /10 участок/, Сыпырған ата, Аймауытов көшелері мен Ынтымақ шағынауданында /69 учаске/ осындай жұмыстар жүргізіледі. Яғни, халықтың мұқтажына қарай қай жерден ұсыныс түседі, біз сол жерді мемлекет меншігіне алу шараларын жүргізе береміз.

– Жер телімдері мемлекетке қайтарылған жағдайда ол азаматқа жер қай жерден беріледі не болмаса қанша өтемақы төленеді?

– Егер ол азаматқа жер учаскесі қажет болса, біз бұрын заңсыз жер алып, кейін мемлекетке қайтарылған жерді ұсынамыз. Соған қарап өзі таңдау жасай алады, қай жерден алғысы келетінін. Яғни мұндай азаматтарға жер телімдері бірінші кезекте беріледі. Ал өтемақы алғысы келсе, онда нарықтағы бағамен сатып аламыз. Жекеменшік бағалаушылар үйдің немесе жер учаскесінің құнын бағалайды. Соған қарап төленеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан – Айнұр Ақбаева

Редакция

2 комментария

  1. Саламатсызба мен 2007 жылы жер кезегіне тұрған едім сол жерімды 10жылдан бері аламай жүрмін неістетем болады?

  2. Саламатсызба.Біз Қайнарбұлақ е/ м жер сатып жатыр деген соң жер сатып алған едік. Енді мына мақаланы оқып мен ойланып отырмын.Біз ол жерге үш жылдан бері налог төлеп келеміз. Осыған қайдан жауап тауамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *