Желсіз түнде жарық ай…

Жаһандану кезеңінде адамдықтан алшақтап, өз ұлтының бар құндылықтарын кем санап, әлемде қалыптасып келе жатқан жеке басының ғана дәулетін мұрат тұтқан адамды ғылымда «идентификациялану қасиетінен ажыраған» деп атайды. Бұл – әлемдік проблема. Ұлттық қасиеттерді ғана емес, жалпы адамдық қасиеттердің де көбіне мойынсұнбай, америкалық, еуропалық мәдениеттердің бүгінгі үлгілері мен ұстанымдарына бас июді жөн деп білгендер саны өсуде.

Туған жері, ата-анасы, ағайындары мен бауырларының бәрін, бабадан қалған рухани құндылықтарымен бірге қажетсіз деп саналуға жастарымыз әзірше толық бой алдырмай тұрғанда қапыда қалмайтындай амал табу – міндетіміз. Ұрпағымыздың рухын ұлттық мұраның даналық үлгілерімен сусындатып, өзі отбасы мен өзгелер арасындағы қарым-қатынасты реттеу, адамның табиғатпен үндестікте болуы жаратылыс заңдылығы екенін санаға сіңіріп, күнделікті қажеттілікке айналдыру жолын табу – елдік парыз. «Қазір болмаса қашан, біз болмасақ кім?» деген театр ұжымы әлеуметтік мәселені өзінше ұсынып отыр.

Желсіз түнде жарық ай...

Абай өлеңдері мен әндерінен, ғибратқа толы қара сөздерінен құрылған «Желсіз түнде жарық ай» спектаклін Ж.Шанин театрында осы мақсатты көздеп қойғандай…

Абайға арналған әдеби-музыкалық кештер ақынның көзі тірісінде-ақ басталған екен (театртанушы Бағыбек Құндақпаев). Алғашқы қойылым Абайдың өлеңдері мен әндерінің халық арасында кең таралуына жоғары әсер етсе, кейінгі қойылымдардың бірі Қ.Жандарбеков режиссерлығында көрсетілген. Онда сахнадағы екі топ арасындағы тартысты шиеленістер Абай жақтаған әділет, халық ынтымағы, адамгершілік қасиеттер негізгі идея ретінде ұсынылғанын жазады сыншы.
Қоюшы режиссер Қуандық Қасымов тарихи тәжірибеге сүйеніп, орындаушыларды екі топқа бөлген. Тек Қасымовқа тән шешім тапқан. Драмалық шайқас екі топ арасында Абай мен жүргізушінің қатынасуымен өтеді. Бұл жолғы шиеленіс тақырыпшалары өзгеше бүгінгі рухани осалдықтарды Абай сөзімен көрсетіп, соңында Абай философиясымен шешімін ұсынған.

Балалық кезден таныс ауыл табиғаты суреттемелерінің көріністеріне арналған, туған жерді қастерлейтін өлең мен әндер бір эпизод болып қабылданды. Екіншіден, сұлулықты қорғау арқылы, адамдықты дәріптеу — махаббат тақырыбы Абайдың өміріне байланысты және А.С.Пушкин романынан Онегин мен Татьяна арасындағы сүйіспеншілік сезімінің шыңы мен шыңырауы суреттелді. Ұлт құндылықтарын бойға сіңіріп, рухты биіктету жеке қажеттілік емес. Ол ұлт тірегі болар азамат парызы, қазақ ұлтын сақтау биік ұстанымына арналған Абай қарасөздері келесі эпизод мазмұнын қамтыды. Аталған үш күрделі мәселе спектакль арқауын құрды.

Желсіз түнде жарық ай...

Осы идея қалай жеткізілгені туралы ой толғайық. Спектакль бастамасының өзі бірден тақырыпқа сай атмосферасымен баурап алды. Әуелі сахна безендірілуі. Ымырт қараңғылығы. Толған ай ойға жетелейтін тұңғиық тереңдігімен өзіне тартады. Бар кеңістік түнгі дыбыспен ғана бірге тыныс алғандай. Мұндай тамаша түнде жастар қыдырмағанда не істейді. Сахнада екіге бөлініп, қыз-жігіттер ауыл шетіндегі дөңкестеу жер іспеттес биіктіктерге орналасты. Орта ашық. Спектакль бойы екі топтағы актерлар Абай өлеңдерінен үзінділер оқып, олар Абай әндерімен қошталып тұрды. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен адами қасиеттерді қадірлей білу ойын Абай сөзімен жеткізудің режиссерлық тапқырлығы. Әндерді бірнеше дауысқа бөлініп, әрбір актер өз тұрғысынан үнін қосу арқылы Абай ойының мәңгілік өзектілігін жеткізу мақсатын қойғандай. Әндер көрерменнің эмоционалдық қабылдау әсеріне оң ықпал бере алды. Әндер бөлек шығарма ретінде емес, тақырыпқа байланысты Абай ақын мен Абай азаматтың жанын күйзелткен проблеманы күрделендіріп, өкініш пен қуанышты қуаттайтын құрал ретінде орын алып отырды. Тамаша.

Тек осы амалдардың бір әттеген-айы байқалды. Абай туындысынан гөрі орындаушылардың өздерін көрсету тұстары басым болды. Екі топтың арасы өлең мен әннің мазмұнына мән беріп, өзінше бағалау, кейіпкермен көпшілік бір-бірімен соған лайықты қарым-қатынас жасау орнына орындаушылық мұқияттылық танытуға тырысқан қарапайым хорға айналып кетті. Талап сондай болды ма? Актерлар сахнадағы өз мақсатын жете түсінбеді ме? Олар ұлттық қасиет қадірін түсініп, оны қастерлеуші халық өкілдері емес пе? Неге біресе әнші, біресе тақпақ оқушыға айналып кеткендер болды? Әрине, бәрі бірдей емес. Абай сөзінің тереңдігін ұғынып, толық адам болуға деген ұмтылысын көрсету міндетінен тайынбай, оқылған өлеңдер «жүректі тербегендіктен» шыққан сөздер болып, көрермен пікірі мен сезіміне бағыт берушілер болып қабылданар еді.

Екінші эпизодтағы Абай мен Тоғжан, Абай мен Әйгерім араларындағы ең нәзік те биік сыйластық танытатын қыз-жігіт пен жұбайлар арасындағы сезімдері аса назар аударды. Белгілі желіс, көпке мәлім оқиға болғандығымен емес, режиссердың шешімі мен актерлардың ойын ерекшеліктері таң қалдырды. Бала кезінен байсалдылық пен сабырлылық қасиеттерді негізгі мінез ұстанымы етіп қалыптасқан Абай сүйіктілерімен түсінісуге келгенде неге соншалықты сабырсыздық танытады? Тоғжан терең ойлылығымен, қазақ әйелі даналығын танытатын ең ұтымды қасиеттерімен Абайға ұнаған жан емес пе еді? Ол неге Абайға дауыс көтереді?

Қазақта қыз бен жігіт ұрыспаған.

Ұялтқан өкпелесе назыменен,

Қазақта қыз бен жігіт бет жыртпаған (Қ.Мырза Әлі), – деген ұстанымнан тайынған Абай мен Тоғжанның бүгінгі жастарға еліктегені ме? Бұл эпизод актерлары өз рөлінің мақсатын спектакль мақсатымен ұштастыра алмағаны, Абайдың өзі мен аяулыларын нашар мінезді адамдар санатында көрсеткені қынжылтты. Татьяна мен Онегин түсінісу сахнасында аристократтық сыпайылық, ұстамдылық пен нәзіктілік деңгейіндегі сыр ашу өнегесін көрсете білді. Абайдың аудармасындағы Онегин еркіндігін жойғысы келмейтін Татьянадан бас тартушы емес, өзінің кемшіліктерін алға тартып, асыл жанды қауіпті қадамнан сақтандырушы ретінде көрінсе, Татьяна алабұртқан сезімнің құрбаны болуға даярлығын паш ете білді.

Желсіз түнде жарық ай...

Үшінші эпизодта Абай ойының қайткенде қазақ кемел адам, келешегі биік кемел ұлт болады деген толғанысы қарасөздер үзінділерімен жеткізілді. Материал іріктелуі, мазмұны жағынан адами қасиеттердің сабақтастырылуы, дара тұлға мен ұлт болмысына сипат беретін бұл эпизод спектакльдің құнды бөлігі. Сөздің мәнін жеткізуде де, қимылдық әрекетте де орындаушылар арасында пікірталас, пікірқосу қақтығысы, ой қосу, ой туғызу болмай қалды. Соның салдарынан философиялық ой түйінділер бірсарынды насихаттау болып қабылданбады. Спектакльдің шарықтау шегіне жеткізе алмай қалды. Абайдың ақындық та, адамдық та мұраты халқының биіктен көрінуге жол көрсету ойы, эмоционалдық әсерленбеді.

Спектакльдің ең ұтымды жерлері біріншіден, орындаушылар тек жас актерлар. Екіншіден, Абай шығармалары арқылы әуелі жастар бой мен ой түзейтін жағдаяты режиссердың қажеттілік танытуымен, театр әкімшілігі тарапынан толық жасалған. Ән сабағының ұйымдастырылып, оның біршама жоғары дәрежеде игерілгені, кәсіби әнші болмаса да актерлардың қабілеттілігі таң қалдырды да, қуантты да. Бірақ, соған қарамастан, сахналық әрекетті толық, аяғына дейін қоштайтын зейін сақтамай, образ арқауынан ажырап, кейбір актерлардың өзімен-өзі болып қалатын сәттері білініп қалып отырды. Үшіншіден, Абай әндерінің таңдалуы, оранжировкасы – жоғары кәсіби тұрғыда орындалғаны. Дирижер өнеріне қарап, әнге қосылып та кеткің келетін сәттері болды. Қаншама шеберлікпен ән жетектелінсе, соншалықты дирижер көрермендердің бар зейінін өзіне аударып тұрды. Сондықтан «жетекшісіз актерлар өздігінен ән айта алмай ма?» деген сұрақ туындады. Ендеше, опера театрындағы хор әрі әнін айтып, сонымен бірге сахналық әрекет те жасайды емес пе? (өзіміздің опера және балет театрындағы «Риголетто» спектаклінде хор толыққанды сахна кейіпкері бола алды).

Дегенмен де осындай спектакль дүниеге келіп, Абай әлеміне ену театр көрермендерін қуантып, шығармашылық топ үшін шеберлік сынынан өту сабағына айналды. Бұл спектакльдің алғашқы қадамы. «Көш жүре түзеледі» деген бар. Актерлар тарапынан шеберлік таныту сәті ең биік классикамыз Абай шығармаларының еншісіне тигені, адам жанын түзей алатын өнер аренасына шығудың өзі труппаның 40 адамы үшін қандай шығармашылық олжа. Абай әлемі театр ұжымын сәттіліктерге жетелей берсін!

Н.Камалова,
көрермен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *