Жедел жәрдем қызметіндегі жаңалық

Қазақстанда жедел жәрдем қызметі бір жүйеге көшеді. Енді шұғыл жәрдеммен ауруханаға түскен науқастар сағаттап дәрігерді күтіп отырмайды. Бұл үшін әр медициналық мекемеде жедел жәрдеммен жеткізілген азаматты қабылдайтын арнайы бөлім жұмыс істейтін болады. Бұл туралы жедел медициналық көмек көрсету қауымдастығының мүшелері қатысқан жиында айтылды. Сала мамандарының мәлімдеуінше, шұғыл медици-налық көмекті жүйелеу қажет.

Алғаш рет жедел медициналық көмек көрсету қауымдастығының мүшелері ұйымдастырған жиынға жедел жәрдем станцияларының бас дәрігерлерімен қатар Ресей елінің жедел жәрдем қауымдастығының өкілдері де келді. Олар осы саладағы қызметті жақсарту мен жаңа форма және технологияны енгізу үшін екі жақты мемарандумға қол қойды.Сондай-ақ жиында жедел-жәрдемді жүйелеу бойынша жаңа жоспарлар таныстырылды.

Жаңа жүйе бойынша ауруханаларға жедел жәрдеммен келген науқастар дәрігерді күтіп уақыт жоғалтпайды. Бұл үшін медициналық мекемелерде қабылдау бөлімінен ашылатын арнайы бөлме ауруларға күндіз-түні қызмет жасайды. Нәтижесінде науқастарға дер кезінде көмек көрсетіледі, әрі жедел жәрдем қызметкерлері уақытын үнемдей алады.

Нұржан Отарбаев, республикалық санитарлық авиация орталығының директоры:
— Кейбір облыстарда жедел жәрдемдегі көрсеткіштер төмен. Әрине, бұған көп жағдай себеп. Тозығы жеткен көліктер, жолдағы кептелістер және де ауруханадағы кезек күту мәселесі. Біз жедел жәрдем қызметін көрсеткенімізбен, ауруханаларға барғанда сағаттап дәрігерді күтіп қалатынымыз рас. Сондықтан жедел жәрдеммен жеткізілген науқастарды қабылдайтын қосымша бөлім қажет. Жедел-жәрдемге түскен қоңырауларды, науқастарды ауруханаға жатқызу, ауруханадан шыққаннан кейінгі жағдайы барлығы бір диспетчерлік бөлімде тіркеуде тұрады. Соның арқасында, жедел жәрдемге жүгінген науқастың жағдайы арнайы бақылауда болады. Қазір осы ұсынысымызды Үкіметке жолдадық. Бұл мәселені шешу үшін жоспар да құрдық.

Қазақстанда жедел жердем қызметінің сапасын арттыруға қолбайлау болатын тағы бір тұс — бригадалар саны жетіспейді. Мұндай келеңсіздік, әсіресе, Оңтүстікте көп байқалады. Өйткені, миллионға жуық халқы бар бір ғана Шымкент қаласында жедел жәрдем стансасында 79 бригада бар, аудандарда төрт-бесеу ғана. Бұл дегеніміз — шалғайдағы ағайынға шұғыл қызмет әлі толығымен жете қойған жоқ деген сөз.

Гүлнәр Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері;
— Шымкентте 1 млн аса халық бар. Біз тәулігіне 1500 шақырту қабылдаймыз. Бірақ,оның барлығына дер кезінде бара алмаймыз. Өйткені бізде қалада 79 бригада жұмыс істейді. Бұл бригадалар саны орталыққа келіп түскен қоңыраулардың барлығын дер кезінде қамтуға жетпейді. Жедел қоңырауларға 14 пайызға кешігеміз. Бірақ, бұл көрсеткіш жылдан-жылға жақсаруда. Соңғы екі жылдың ішінде біз 20 бригадаға толықтьқ. Келесі, 2017 жылы тағы 10 бригада қосылады деген жоспар бар.

 

Жол бермеген жүргізушілерге айыппұл

Қоңырауларға кешігудің тағы бір себебі — жол кептелісі. Онсыз да науқасқа асығып бара жатқан бригадаларға машиналардың жол бермейтіні тағы бар. Осындай төмен мәдениетті қолдан жасағандарды енді жол сақшылары қадағалайы. Тіпті жедел жәрдемге жол бермегендерге айыппұл салуы да мүмкін. Салаға жауаптылар осы ұсынысты Үкіметке жолдаған. Қолдау тапса, көлік кептеліс мәселесі шешілмек.

 

Жедел жәрдем қызметі 30 жаңа көлікпен толығады

15 желтоқсаннан бастап, жедел жәрдем қызметіне жаңа 30 көлік пайдалануға беріледі. Қажетті көліктердің барлығы Шымкентке жеткізілген. Қазір көліктердің барлығы медициналық жабдықтармен қамтылуда. Айта кетейік, қалалық жедел жәрдем стансасында 89 автокөлік қызмет етеді. Станса басшысының айтуынша, қызметтегі көліктердің басым бөлігінің тозығы жеткен. Сондықтан жақын арада қалада жаңа көліктер қызмет жасайды. Тағы бір жаңалық жаңа көліктерге кардиометр қондырғылары орнатылады. Сондай-ақ, қыркүйек айында 30 көлікке жаңадан кардиометр қондырғылары орнатылды. Соның арақасында дәрігерлер бірер минуттың ішінде науқастың жүрегіндегі ақауларын анықтай алады. Бұл үшін медициналық көліктердегі жаңа қондырғылар онлайн режимінде жұмыс істейді. Яғни, шақыртуға барған фельдшер науқастың жүрегін аппаратпен тексерген сәтінде оның түсірілімін кардилог маман скайп арқылы көре алады. Сөйтіп, науқасқа нақты диагноз қояды.

Жылдың соңына дейін бригадалар саны толықса, кешігу көрсеткіші біраз төмендері анық. Сондай-ақ, жедел жәрдем қауымдастығы өз қызметін республикадан тыс шеңберде де кеңейтпек. Яғни, алыс және жақын шетелдердегі әріптестермен белсенді тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Ресей өкілдерімен келісім — шарт түзілді.

Лаура НАХЫПҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *