Жазықсыз атылғандардың саны 2500-ден көп

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ:

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ:

1937 жыл. 115 мың адам қуғынға ұшырап, жалған жаланың құрбаны болды. Соның 25 мыңы атылды. «Халық жауы» деген қаралы тізімге ілінген жазықсыз жандар айуандықпен аяусыз тапталды. Олардың ішінде 2,5 мыңы – Оңтүстіктің азаматы. Сол себепті республикамыздағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған үлкен мұражай Оңтүстікте орын тепкен. Музейде «қиыншылық пен азаптың лебін сезіндіретін мүсін 2001 жылы орнатылған.

Жан азабын дәйектейтін дүниеге қарасаң, заңсыз қудаланғандардың жанайқайын ұқтырғандай болады. Қасіреттің шері тарқамаған бейненің маңызы үлкен. Мәселен, қызыл кілем – құрбандардың төгілген қаны. Темір түйінділер – Алаштың антын ішкен азаматтардың қамалған құрсауы — темір торды елестетеді. Мәдени мекемедегі тоқсан тарау толқымалы тарихты, ондағы қандастарымыздың қасіретін бойына бұққан дүниелерге, естелік суреттерге қарап қазір, өткенге нала айтудан басқа шарамыз жоқ. Көпшілік қауымға «Ханапа» есімімен етене таныс ақын – Ханбибі Есенқарақызы «Алаш» арыстарының ерен ерлігін насихаттау үшін қызмет ететін мұражайдың бағытын бағып, қызметін жолға қойып келеді…

— Ханбибі Есенқарақызы, 31-мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елбасының Жарлығымен атаулы дата осыдан 9 жыл бұрын бекітілді. Сол сәттен бері-ақ, бұл күн айрықша мазмұнға ие… Биылғы жыл жөнінде не айтасыз? Облысымызда қандай іс-шаралар атқарылды?
— Қарқынды дайындық болды. Күн-түн демей мәліметтер жинап, оны халыққа ұсынуға тырыстық. Оқып-танысқан, мұражайдағы құны жоғары — ажал құшқан қандастарымыздың ерлігі мен жанкештілігін еске салар жәдігерлерді көрген жамағат өздері-ақ еңбектің бағасын береді. Биыл атаулы дата Оңтүстікте 15-рет ескерілді. Алыс-жақыннан қуғынға тап болған боздақтардың ұрпақтары келді. Құрмет көрсетіп, ерлікті еске алды. Сондай-ақ, 31 мамыр күні таңертең, сағат 9:00-де «Қасірет» мемориалына гүл шоқтары қойылып, қас қарайғанға дейін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу митингісі өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына экскурсия жасалып, аға буын мен бүгінгі толқын музейге қойылған дүниелерді тамашалады. Мұнымен шектеліп қалмай, өңіріміздегі орыс драма театрының ғимаратында «Тағзым» іс-шарасы кең көлемде өтті. Аптал азаматтарымыздың рухтарына бағыштап құран оқылып, ас берілді.

— Тарих беттерінен Қазақстанда мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшыраған, оның 25 мыңы ату жазасына кесілгенін білеміз. Қазіргі қоғамда сол қудалаудың құрбаны болған қазақ зиялыларының өмір жолы мен еткен еңбегін зерттеп-зерделеу жұмыстары қаншалықты жолға қойылды?
— Әрине, өзекті мәселе! Бірақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тақырып толығымен қамтылып, зерттеушілердің қарасы көрінді. Қазір тарихшылар едәуір шаруалар атқарды, деп ауыз толтырып айта аламын. Себебі ашаршылық жылдары туралы бүгінге дейін бір ауыз сөз айтудың өзі оңай емес-тін, жабық тақырып болды. Енді тарихшылар осы тақырыпқа қалам тартып, мейлінше бойлауға, тың дүниелерді көріп, зерттеуге кірісіп жүр. Жетістік — бұл ғана емес, тапқан тарихи мәліметтер бұрынғыдай жойылмайды, керісінше радио-телеарналардан айтылып, елдің назарына ұсынылып жатыр. Соған қуанамын.

музей2— Ел аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне ашылған мұражай саусақпен санарлық, ал біздің өңіріміздегі рухани мекеме БҰҰ елдері арасында тұңғыш болып қызметін бастады. Бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
— Иә, мұражайда — облыстық статус болғанымен, қызметі халықаралық деңгейде дей аламын. Себебі, мәдени нысанда тарихи дүниелер қалың қазақтың өткенін баяндайды. Текті ұлттың Ұлылығын танытады. Қазір Қарағанды мен Ақмолада осындай мазмұндағы, атаудағы мұражай жұмыс жасайды. Мәдени мекемелер қызметін бастаған шақта көптеген құнды жәдігерлерді бізден алды. Қазіргі тынысы да осы — экспонттарды жинақтау. Өзге өлкетану мұражайлары секілді бізде атын атап, түрін түстейтін дүниелер болмауы мүмкін. Себебі мұнда көбісі рухани құндылықтар мен қоғамның шындығын баяндайтын дәйектер, құнды құжаттар. Осыдан 3 жыл бұрын қосымша ғимараты салынып, ауқымы кеңейді. Бірақ, «Алаш» зиялылары, олардың ерлігі үшін бұл нысан тарлық ететінін ерекше атап өткім келеді. Себебі уақыт алға жылжыған сайын тиісті деректердің саны артуда. Мәселен, айына кемінде 50-60 адамның аты-жөнін тауып, сұрастыру шараларын жүргіземіз. Тағы бір маңызды ақпаратты айтқым келеді. Оңтүстік өңірінен атылғандардың саны ресми мәлімет бойынша – 2500 адам деп көрсетілген. Бірақ, қазір олардың саны тағы жеті адамға артты. Тарихтың ашылмаған беттері күн сайын ашылып, парақталып, зерттеліп, анықталып жатыр. Бұл — халық үшін жанын пида еткен қандастарымыздың қатары әлі көп деген сөз.

— Мұражайды жәдігерлермен толықтыру қалай жүзеге асады? Туған-туыстары әкеліп табыстайды ма, әлде мамандар ел-жерді аралап, жинау жұмыстарын жүргізеді ме?
— Жәдігерлер дейтіндей біздің қолымызда ардақтыларымыздың тұтынған дүниелері немесе баспанасы, заттары жоқ. Кезінде олар елі үшін өмірін тәуекелге тігіп, үйінен бас сауғалаған. Киімдері мен фотолары да жойылып отырды. Сондықтан, олардың есімдері мен естелік аз-кем құжаттарының өзі баға жетпес маңызға ие дер едім. Қазірдің өзінде, мұражай болып жұмыла осы мақсатта 16 мыңнан астам экспонат жинап үлгердік. Мұның өзі үлкен еңбекті, ізденісті талап етті. Жәдігерді көрген, естіген бойда сол аумақтарға ресми хат жолдап, өзіміз барып, арнайы сұраныспен шығып жинақтадық. Саяси қуғын кезінде қаза тапқан, атылған азаматтардың басым бөлігі Оңтүстіктен екенін ескерсек, бұл қызмет — баршамыз үшін парыз! Ал көбісі қаламыздағы «Қасірет» мемориалы маңындағы «Бауырластар» зиратында жерленген соң, сол маңайдың да жай орын емес екенін еске салайын.

— «Албасты сайдың» атауы қайдан шықты?
— «Албасты сай» деген сөздің төркіні бүгінде көп айтылмайды, сондықтан жабулы күйінде қалып жүргені жасырын емес! Расында мынау «Қасірет» мемориалындағы «Албасты сай», «Қайтпас» деген жер атаулары осы құрбандарға байланысты қойылған. Мәселен, «Албасты сайға» сол жазықсыз жандарды апарып атып, өлсін, не өлмесін, айырып болмастан көме берген. Міне, осы атау осы оқиғамен байланысты. Сол сұрапыл жылдары әйел, еркек демей барлығын айдауға салғанда кішкентай балалары көпшіліктен «қайда кетіп барады?», — деп сұраған. Сол кезде олар: «Қайтпасқа» кетіп барады деген екен. Десе де бүгінгілер мұны өзгертіп алыпты. Бұл аталу жайында Кеңес үкіметі кезінде бір ұсталар талмай-тынбай еңбектенгенді-мыс. Оларға қайт десеңде қайтпайды екен. Салдарынан «Қайтпас» пайда болыпты, дейді. Бұл қауесеттің барлығы да жалған.
— Қасық қаны қалғанша халықтың мүддесі үшін күрескен азаматтарымыздың құрметіне ашылған мекеменің қызметін бастағанына биыл — 15 жыл. Алғаш құрылғанда қандай қиындықтарды бастан өткерді?
— Мұражай тұңғыш болып жаңадан қалыптасқаннан кейін практикалық, методикалық немесе танымдық, теориялық көмек алатын еш жер болмады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығынан кейін ғана барша «халық жауы» жаласын жамылғандар ақталды. Сол сәтте, олардың ұрпақтары келіп тиісті құжаттарды тапсырып, насихатталуы үшін атсалысты. Ал, соңынан ізі қалмаған, ұрпақ сүйе алмай кеткен арыстарымыз қаншама? Оларды іздеушілер, еске алушылар да болмады ғой. Сондықтан біз қауіпсіздік комитетінен аты-жөндерін алып, мәліметтерді топтастырдық. Бір ғана есімді табудың өзі – көп уақытты талап етті.

— Күн санап, уақыт жылжыған сайын саясаттың «қуыршағына» айналып, ажал құшқан азаматтарымыздың қатары анықталып, өмір дәйегі толығып жатыр. Қазір мұражайда құрбан болған боздақтарға тиісті дәлелді құжаттарды құнттап, зерттеуші топ бар ма? Қандай мамандар жұмыс жасайды? Себебі ақпардың анық болуы үшін мекеме жанынан ғылыми институт қызмет етуі қажет сияқты…
— Біздің мұражайда ғылыммен айналысатын адам жоқ әзірге. Мұны жасырмау керек. Республикалық мұражайларда ғана кандидаттар мен ғылыми дәрежесі бар мамандар қызмет атқарады. Бұл міндетті. Ал облыстық саяси қуғын -сүргін құрбандарын еске алу мұражайындағы мамандардың ғылыми қызметкер деген лауазымы болғанымен, ресми құзыретіне ғылыммен айналысуы кірмейді. Дегенмен, өткен ғасырдың 20-26 жылдары «Қазақ» газеті жабылғаннан кейінгі жарық көрген «Ақ жол» газеті бар, оның редакторы – Сұлтанбек Қожанов. Аталған газетке Міржақып Дулатов сынды зиялы қауым өкілдері біртіндеп басшылық етті. Ал, оның алдында 22-23 жылдары Иса Тоқтыбаевтың бастамасымен «Шолпан» басылымы көпшілікке жол тартатын. Сол араб әліпбиінен яғни Байтұрсынов еңбектерін бүгінде аударып, көшіріп басып жатырмыз. Барлығының да көзі таныс, сондықтан аталған жұмысты біз ешбір ғылыми дүниелерден кем көрмейміз. Ал, ғылыми атағы бар мамандарды қызметке шақырайын десек, біздің мекемеде жалақы 30-40 мың теңгенің төңірегінде. Сол себепті, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты бізге келіп еңбек етуге құлықсыз, әзірге қолымыз қысқа болып отыр. Бірақ, еңсемізді түсірмейміз, үмітті болашаққа артамыз. Алдағы уақытта мұражайдың аясы кеңіп, қызметкерлердің дәрежесі көтеріледі деген ниетіміз жоқ емес.
— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Мөлдір Бекеева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *