Жауынгер Нысанбай Бурахановтың күнделігінен…

555555555555555555Ұлы Отан соғысына қатысушы, «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысының ІІ дәрежелі» ордендерімен «Германияны жеңу», «Праганы азат ету», «Берлинді азат ету» және т.б. медальдарінің иегері Нысанбай Бурахановтың күнделігінің ықшамдалған нұсқасын жариялап отырмыз.

Мен 1901 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №8 ауылында (Төменарық) дүниеге келдім. Әкем Бурахан, анам Нұржамал, бауырларым — Кеңбай мен Санбай.

***

1917 жылдың күзінде әулетіміздің ақылшысы, тірегі, жанашыр әкеміз Бурахан дүниеден өтті…

***

1924 жылы орта оқуды тәмамдап, жоғары білім алу үшін Москваға аттандым. Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Маған жатақханадан орын берілді. Кейін Ленинградтағы ауыл шаруашылық институтына ауысып кеттім.

***

1927 жылы жазғы демалыста ауылға бардым. Кіреберіс үйде жүрген жас бейтаныс қызды көзім шалып қалды. Оқуда жүргенімде ағаларым Кенбай, Санбай мен анам Нұржамал Шиелідегі Баһірам мен Зылиха деген кісілермен құдаласып, қыздарын үйге алып келген екен. Маған жар дайындап қойыпты. Қыздың аты Шолпан. Маған өте ұнады. Үйлендік. Тойымызда неке қиылды. Шолпан бар жоғы он алты жаста еді. Оқуыма кететін уақыт та келіп қалды. Қоштасып, Ташкент-Москва бағыттағы пойызға мініп кеттім. Оқуды бітіргенше екі қыз дүниеге келді. Екеуі де шетінеді. Екеуінің де аттарын Кеңес деп қойған едік…

***

555555555555555551930 жылғы 1 наурыз. Ленинград ауылшаруашылық институтын агроном-ұйымдастырушысы мамандығы бойынша тәмамдаған мені, яғни жас маманды Ташкенттегі мақта шаруашылығы басқармасының қарамағына жіберді. Олар болса мені Орта Азия мақта институтына және Коммунистік университетіне аға оқытушысы қызметіне бекітті.

***

Жұбайым Шолпан екеуміз қол ұстасып, бір чемоданды қолымызға алып, «қайдасың Ташкент» деп, Орта Азияның ең ірі қаласына келдік. Бұл қалада ұлымыз Болат дүниеге келді. Мен таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыстамын, Шолпан баламызбен үйде. Осылай күніміз өте берді.

***

Қазақстанда жоғарғы білімді кадрлар тапшы еді. Орталық партия комитеті еліме қайтарды. Бала-шағамды алып Алматыға келдік. Бізге екі бөлмелі пәтер берді. Ауыл шаруашылығы институтына экономика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқардым.

***

1933 жылы бала-шағамды алып Москваға келдім. И.В.Сталин атындағы коммунистік университетінде және қалалық коммунистік жоғарғы мектебінде дәріс бердім.

***

1936 жылы СССР Орталық атқару комитеті мені еліме қайтарды. Алматы ауыл шаруашылық институты саяси экономика кафедрасының меңгерушісі қызметіне жіберді. Алматыға оралдық. Мұрат баламыз дүние есігін ашты…

***

Халықаралық жағдай күрт шиеленісті. Гитлер соғыс ашып, біраз елді жаулап алды. Совет өкіметімен бейбітшілік келісімге келді. Жүрегімнің түбінде күдік жасырынғандай болды. Сталинның саясаты совет халқын бейғамдыққа әкелді. Жаудың аты жау. Ақыры 1941 жылдың 22 маусымында соғыс жарияламай, фашистік Германия совет елінің шекарасын бұзып өтті. Соғыс басталды.
Жаппай мобилизация жарияланды. Мыңдаған отандасымыз Қызыл Армия қатарына шақырылды. Мені 1941 жылы қыркүйек айында Орта Азия әскери аймағының қарамағына жіберді.
Бұйрықты алған соң, тез арада отбасымды жолға дайындап, Шымкент облысы Мамаевка ауылына, ағайындар арасына тапсырдым да, Ташкентке аттандым.
Партия тәрбиесін алған мен сияқтылардың Сталиннің жүргізген саясатына, ұстанған қағидаларына сенімімі кәміл еді. Сондықтан бұйрықтарын бұлжытпай орындадық.

***

1942 жылы қаңтар айында Украина майданы 101-ші атқыш бригадасының жеке байланыс батальонының комиссары етіп тағайындады. Қарамағымызда 200 жауынгер мен 10 офицер аянбай, майдандағы алдыңғы шептегі жауынгерлері мен штаб басшылығы арасында байланыс орнатып, оның үзілмеуін қадағаладық. Жауынгерлер қатарында қазақ бауырларым да бар еді. Осы жылдың маусым айында 101 атқыш бригадасына парткомиссияның хатшысы қызметіне ауыстырды. Жауынгерлер үлгі алатындай ерлік жасады. Калинин майданына, яғни біздің бригадаға фашистер қара күшін жаудырды.

***

Бізге бұйрық келді. Стратегиялық маңызы зор плацдармнан жауды ығыстыру керек. Екі жақта снарядтармен атысқаннан кейін бригада командирі шабуылды өзі бастады. «Ура!»-деген ұранмен алға ұмтылдық. Атыс барысында екі жақтан да шығын жетерлік болды. «Командир жарақат алды!»-дегенді естіп мен қасына жеттім. «Комиссар Бураханов примите командование на себя»-деген бұйрықты командирмнен алғанан кейін. «Родные мои, вперед, за Родину, за Сталина!»- деп алға атылып шықтым. Қол астымдағылар тура жаңа бір қуат берілгендей «Уралап» фашистерді қыра бастады. Айнала жалындаған от, жарылып жатқан снарядтар, жауған оқ, қаза болған, жарақаттанған жауынгерлер, фашистердің өлі денелері. Бұл ауыр шайқаста мақсатымызға жетіп көздеген плацдармға бекіндік. Украина майданының басшылары ерлік көрсеткен жауынгерлерді орден, медальдармен марпаттады. Менің үлесіме «Қызыл ту» ордені тиді.

***

Онымен қоса, маған 10 күндік, жолды санамағанда, демалыс берді. Елді, бала-шағамды сағынғаным соншалық, жолдың қиындығына қарамай бір апта көлемінде ауылға жеттім. Ағайын туыстармен қауыштым. Әйел, бала-шағам Төре арықтың бойында Санбай ағаның отбасымен тұрды. Көршілеріміз Омархан ағаның әулеті еді.
Арыс қаласындағы, Комсомол елді мекеніндегі ағайындар, «майор» бауырымыз соғыстан келді-деп үйлеріне шақырып қонақ етті. Әрине ол уақытта жағдай мәз емес тұғын. Соған қарамай ағайын сый-сияпат көрсетті. Мен майдандағы оқиғалармен бөлістім. Мамбетхан інімнің үйінде қуаныш – дүниеге бала келді. Ырымдап маған ат қойғызды. Баланың атын Жеңіс деп қойдым. Өз балаларым өсіп қалыпты. Колхоздағы жұмысқа да араласқан еді. Болат пен Марат жер жырту, шөп шабу т.б. жұмыстарға тар тылды. Уақыт тез өтіп кетті. Майданға қайту мерзімде келіп қалыпты. Арыстан поезға мініп кеттім.

***

Совет (Қызыл) Армиясы фашистерді батысқа ығыстырып қуды. Қала-қалалар мен деревня-станцияларды жаудан азат еткен совет жауынгерлерін жергілікті жұртшылық қуанышпен қарсы алды. Біздің 3-ші Беларусь және 1-ші Украина майданындағылар Украинаны азат еткеннен кейін Польша, Чехословакия, Болгария елдеріне кірді. Барлық жерде қиратылған үйлер, ғимараттар, толығымен жанып кеткен деревнялар аш-жалаңаш халық, ерте есейген жасөспірім. Барлығының көздері қайғыға толы еді.

***

Біздің 2-жойғыш ауа корпусы жаудың шоғырланған жерлерін бомбалап жатты. Прагадан кейін Берлинге кірдік. Бұл қалада фашистер жанталасып, біздерге қарсылық көрсетті. Әр үй, көше үшін қантөгіс шайқастар болды. Ақыры 1945 жылы 8 мамырда Рейхстагқа жеңіс туы тігілді. Рейхстагқа ту тіккен батырлардың арасында бауырымыз Рахымжан Қошқарбаев бар еді. Біз оны мақтан тұттық.

***

1945 жылы 9 мамырда фашистік Германия тізе бүкті.

***

1945 жылы 25 маусымда «Жасы ұлғайып қалған офицерлер Қызыл Армия қатарынан шығарылсын»-деген заң шықты. Осыған сәйкес мені Орта Азия әскери аймағына жіберді. «Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен, «Германияны жеңу», «Берлинді алу», «Праганы азат ету» медалдарымен марапатталдым.

***

Берлиннен Москваға пойыздан пойызға, машинадан машинаға мініп жеттім. Ресей-Қазақстан шекарасынан өткенде қазақ даланың иісі шықты. Елім-ай! Саған жетер мекен жоқ дүниеде. Тезектің иісі, маңыраған қойдың, мөңіреген сиырдың дауысы мен кісініген жылқылардың кең далада еркін шауып жүргені жаралы көңілімді жұбатты. Еріксіз көзіме жас алдым. Ауыл-ағайын, бала-шағам еске түсіп, жүрегім сағыныштан сыздады. Тәтті ләззат күйге бөлендім.

***

Еліме жақындаған сайын ұйқыдан қалдым. Арыс станциясы да көрінді, жүрегім дүрсіл қақты. Қала тұрғындары майдангерлер эшалоны келе жатыр дегенді естіп, ағайын-туыс, жолдас-таныстарды қарсы алайық, деп перронда жиналған екен. Чемоданымды, әскери басшылық сыйлаған 16 калибрлі қосауыз мылтықты, қылышты алып тамбурға шықтым.

***

Перрон адамдарға толы. Көзіммен бауырларымды іздедім. Қалың жұрттың арасынан Тұрман, Тұрсын, Қабыл, Ахмет бауырларымды және олардың бала-шағаларын көрдім. Табыстық, қауыштық. Қуаныштан көзімізге жас алдық. Көз жасымызбен бір-бірімізді жудық. Тұрман ағаның үйінде дастархан жайылған екен. Хал-жағдайлардан хабардар болғаннан кейін әңгіме таң атқанша жалғасты. Азғана демалып, Көлтоғанға да (Мамаевка) жеттім. Отбасыммен, туыстарыммен жүздесіп көңілім қуанды. Араларында біраз уақыт болғаннан кейін бала-шағамды алып Алматыға кеттік. Орта Азия әскери Саяси басқару бөлімінде офицер ретінде 1946 сәуірге дейін резервте едім.

***

1947 жылдың шілдесінде Жамбыл қаласында Қуат, 1950 жылдың шілдесінде Қайрат балаларым дүние есігін ашты.

***

1952 жылы шілдеде Жаннат баламыз дүниеге келді.

***

17 желтоқсан 1955 жыл, Алматы қаласы Менің мақсатым — кандидаттық диссертация қорғау. Мерзімі бекітілді. 1956 жылдың 10-15 қаңтары аралығында қорғаймын. Командировка — бір ай. Әлі де толықтыратын жерлерім бар болғандықтан ерте келіп архив және кітапханаларда жұмыс істеу қажет. Диссертация тақырыбы: «Жамбыл облысындағы қызылша өндірумен айналысқан шаруашылықтардың өнімін көтеру тәсілдері».

***

Әттеген-ай, өмір мен денсаулық, жастық пен қуат қайта келмейді ғой!

***

1956 жылдың басы. Жаңа жыл жаңа табыс, береке, ынтымақ алып келсін!

***

1956 жыл қаңтардың үші. Құдай қаласа, 11 қаңтар — жоғарғы аттестация комитетіне баратын күнім…

***

Жатсам, ойыма өткен өмірімнің кезеңдері келеді де тұрады. Балалық шағым, әке-шешем, ағайындар тура кеше ғана болғандай, көз алдымда. Қартайғаным ба? Денсаулығым да кейінгі кезде сыр беріп жүр…

P.S: Бураханов Нысанбай Бураханұлы 1956 жылы 5 қаңтар күні кенеттен қайтыс болды. Нысанбайдың денесін іні-бауырлары Шымкентке ұшақпен алып келді. Партия басшылары мен әріптестері совет тәртібімен, майор Бураханов Нысанбайды табытқа салып, соңғы сапарға аттандырды. Шымкенттегі Н. Төреқұлов (бұрынғы Некрасов көшесі) көшесі бойындағы жауынгерлер мазаратына жерледі. Нысанбай Бураханұлының кандидаттық диссертациясын қорғауына бір жеті уақыт қалған еді.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *