Жасыл желекшілердің жыры көп

img_8506

Шымқалада көгалдандыру мәселесінде кемшін түсіп жатқан тұстар көп. Жуырда ғана облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қаланың дамуы бойынша өткен мәжілісте берген есебінде Шымкенттің «жасыл қала» деген атына лайық еместігін айтты. «Жыл сайын қаржы бөлінгенімен, нәтиже неге жоқ?» деген сауал да тастады өңір басшысы. Ресми деректерге сүйенсек, биыл 112 мың түп көшет егілуі қажет. Оңтүстікте онға жуық тұқымбақ бар. Бірақ отырғызылатын көшеттердің дені Алматы, Тараз, Өзбекстандағы тұқымбақтардан әкелінеді.

 

Ағаш егуге ақша сұрады
Өткен жылы Шымкентте 100 мың түп ағаш егілген. Биыл 112 мың түп көшет отырғызуға қазынадан 75 млн теңге жұмсалған. Оның бүгінде 35 мыңға жуығы егілген. Жоспарланған көшеттің қалғанын қараша-желтоқсан айларында отырғызбақ. Мәжілісте қала әкімі осылай деп цифрларды тізе жөнелді.

Сондай-ақ, қаланың көріктендіру-көгалдандыру жұмыстарын жандандыруда қала басшысы келесі жылға 750 млн теңге сұрады. «Ең арзан деген көшет қарағаштың бір данасының өзі 200-300 теңге тұратындықтан бөлінген ақша жетпейді»,-деді қала әкімі Ғ. Әбдірахымов өз сөзінде.

— Аудан-қалаларды аралап, жағдайларымен танысып жатырмын. Бәрі «пәлен-түген сомада ақша керек» деп сұрайды. Осыған дейін көріктендіру-көгалдандыруға қаржы бөлінді. Ағаштардың түрі не болды? Солып, бүрісіп тұр. Суреті де бар. Ондай ағаштарды қалаға егуге болады ма? Көшет сатып алу керек дейсіздер. Оталған ағаштардан неге алмайсыздар? Арнайы көшет егетін мемлекетік кәсіпорындар ұстап отырмыз. Дендросаяқта болдым. Онда көшеттердің көптігінен ағаштар бірін бірі қалқалап, өсірмей тұр,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Дегенмен, мәжілісте қаланың көріктендіру-көгалдандыруына келер жылға бюджеттен 500 млн теңге қарастырылатын болып шешілді. Жансейіт Түймебаев көріктендіруді әуежайдан бастау қажеттігіне тоқталды. Ол шаһардың атына заты сай болу керек деп тапсырма берді. Ең бастысы, отырғызылатын ағаштардың санына емес сапасына, сұрыпына назар аудару қажеттігін ескертті.

img_8546

Өңірде онға жуық тұқымбақ бар
Тұқымбақ демекші, бізде жасыл желекті өсірумен айналысатын тұқымбақтардың көріктендіру-көгалдандыруда қала тұрмақ елімізді көшеттермен қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметі бойынша, өңірде көшет өсіретін 9 тұқымбақ бар. Оның алтауы – Сарыағашта, қалғаны — Қазығұрт, Мақтарал, Сайрам аудандарында. Тағы бірі — Шымкенттегі Дендросаябақ.

Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінің тұқымбағында осыдан біраз уақыт бұрын арнайы іссапармен барған болатынбыз. Мұнда 40 түрлі ағаш көшеттері өсіріледі, 3 млн данадан астам көшеттер мен өскіндер бар. Тұқымбақтан қылқан жапырақты, үлкен жапырақты, сәндік көшеттер мен бұталардың сан түрін кездестіресіз.

Мемлекеттік мекеменің жалпы жер аумағы 60 гектар. Біздің құзырымызға орман тұқымдарын дайындау мен жинау, ағаш көшеттерін және басқа орман өнімдерін өсіру мен өткізу кіреді. Тұқымбақтық шаруашылық саласына техникалық көмек және кеңес береміз.

Көшеттердің 70-80% тұқымдары Қазығұрт, Сарыағаш аудандары, Шымкент қаласының ағаштарынан жинап, дайындалады. Яғни, көшеттеріміз жергілікті жерден дайындалғандықтан, аудандастырылған түріне айналған. Бұлардың барлығы өңірдің кез-келген аймағына жерсінеді, тез бейімделеді. Сондай-ақ, оларды отырғызғанда тез өніп-өседі. Тұқымбақтағы өнімдердің бағасы дағдарысқа байланысты арзандатылды. Бұрынғыдан 20%-ға төмендетілді, — деген болатын «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Дариха Әділбекова.

Сол кезде көшет өсіретін мемлекеттік мекеменің айтар наз-өкпесі аз болмады. Дариха Әділбекова «көшетке тапсырыс берген бірде-бір мемлекеттік мекеме болған жоқ. Көбінесе облыс-қала тұрғындары, жеке меншік серіктестіктер өз ғимаратының айналасына егуге ғана тапсырыс береді» дегенді алға тартты.

Ал жақында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Қазығұрт ауданына жасаған іссапарында «Жасыл желек» мекемесінің жұмысымен танысты. Басшы тұқымбақтағы көшеттерді аралап көріп, қылқан жапырақты және декоративті ағаштардың биіктігі 2,5 метрден асатын сұрыптарын Шымкент қаласының орталығындағы 26 көшеге отырғызуды тапсырды.

– Өздеріңіз білесіздер, халқы көп Шымкент қаласында тиісінше, автокөліктердің саны да тығыз. Сондықтан экологияны сақтап, табиғи балансты реттеу үшін Шымкентті жасыл қалаға айналдырып, атына лайықты етуіміз керек. Шаһардың көркіне сән беретін түрлі декоративті ағаштардың санын көбейту үшін осы тұқымбаққа жаңа көшеттерді егу керек. Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына тиісті сала мамандары бірауыздан жұмылдыруды жүктеймін»,-деді әкім.

Белгілі болғандай, «Жасыл желек» тұқымбағынан қалада отырғызуға сай келетін шамамен 100 мың ағаш көшетін алуға болады екен.

 

Сыннан кейін Дендросаябақта…

Шымқаланың өкпесі саналатын – дендросаябақтың көшетжайының бүгінгі ахуалы қандай екендігін де өз көзімізбен көріп қайттық. Бұрынғы ресми санақта, саябақта 500 мың түп ағаш бар екендігін айтады. Белгілісі қазір мұнда ағаштың 213-тен астам түрі бар. Ал, санын нақтылау түгендеу жұмысы аяқталған соң мәлім болады.

– Жоғарыда атап өткен тұқымбақтардың өндірістік деген статусы бар. Яғни, олар көшет күйінде егіп, өсіріп-сатады. Ал, біздің тұқымбақтың олардан айырмашылығы ерекше ағаштарды тұқым күйінде егіп, өсіріп, жерсіндіру. Ғылыми тұрғыдан зерттеп-бақылап, өзімізде көбейтуге атсалысу, -деді ғылыми мониторинг және молайту бөлімі көшет өсіру шаруашылығының инженері Мадина Тлеева.

Мұнда көшет өсіруге 0,5 гектар жер бөлінген. Ондағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына араға жылдар салып, қайта қан жүгіргені байқалып тұр. Бірақ, әлі де күйі жетім қыздың көйлегіндей. Биыл тұқымбаққа тағы жарты гектер жер қосылыпты. Саябақ аумағын «2015-2017 жылдарға арналған дамыту жоспары» аясында көшеттерді көбейту тетіктері қарастырылған. Өзбекстан, Алматы қалаларындағы бақтардан қызғалдақ ағаш, Веймут қарағайы, қара қарағай, қырым қарағайы, емен, қайың, сібір шыршасын алып келіп, өсіру жұмыстары қолға алынған.

–Дендросаябақтың бүкіл аумағында 10 мың түптен аса көшет бар. Оның 7800-і екпе, 1700-і тікпе көшеттер. Өңірдегі көріктендіру-көгалдандыру жұмыстарында дендросаябақтың көшеттермен қамтамасыз етуіне мүмкіндігі жетеді. Бізде жұмыс күші аз,-дейді мұндағы мамандар. Облыс басшысының жергілікті тұқымбақтың өнімін пайдаға асыру керектігін айтып, қала басшылығын сынға алған соң ба, олар мұндағы көшетжайдан 4 мың түп көшетке тапсырыс беріп те үлгеріпті.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *