Жасанды аяқ жасап шығарады

Бүгінде тағдырдың теперішіне ұшырап, аяқ астынан мүгедек болып қалған жандар аз емес арамызда. Көбінің аяқ, не қол протездеріне күні түсулі. Тіпті кіп-кішкентай шағынан-ақ арбаға таңылған балғындар қаншама. Олардың басым бөлігі қатарластары сынды жүргісі келеді, жүгіргісі келеді. Жанарлары жәутеңдеп терезеге телмірген жаутаңкөздердің жан жарасын жеңілдету де қиын. Дегенмен, бұрынғыдай емес, бүгінде қоғам назары мүмкіндігі шектеулі жандарға бұрыла бастады. Олардың мәселесін түбегейлі шешіп тастамаса да барынша қолдау білдіруде. Бұдан бөлек аталған азаматтарға жанашырлық танытып, қолдан келгенше көмек қолын созып жүрген жандар аз емес.

Қимылдайтын (робот) қол… Жаңа технология …

2001 жылы ҚР Үкіметінің «Протез-ортопедия саласын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шықты. Аты айтып тұрғандай, осы саланың дөңгелегінің өрге өрлеуіне дем беретін қаулының арқасында мүгедектерге жағдай жасалуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бүгінде протезге мұқтаж жандардың мәселесін шешуге көңіл бөлуде. Мамандар көбіне аяқ, қол, жамбас, құлақ протездеріне тапсырыс түсетінін айтады. Елімізде жасауға мүмкіндік жоқ аса қымбат протездерді Германиядан, тағы да басқа дамыған елдерден 1 миллионнан аса ақшаға алдыратындар бар екенін жасырмайды. Бірақ олар басқарманың есебіне кірмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысын 100 пайызға орындауға күш салуда. Күнгейліктер бұрын облыс орталығында протездің барлық түрін жасайтын орталық болмағандықтан өзге ірі қалаларға ат арылтып барып келетін. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты деуге толық негіз бар. Өйткені облыс орталығынан протез-ортопедиялық орталық ашылып, жұмыс істей бастағанына да біршама уақыт болды.

Еліміздегі протездік орталықтар бүгінге дейін протездерді ескі әдіспен дайындап келсе, енді заманауи технологиялармен жұмыс атқаруда.

Бүгінде аталған саланың тамырына қан жүгіріп, сең қозғала бастады. Бұрын арбаға таңылған жандар жол жүріп, Алматыға, Астанаға баратын. Қоғамдық көліктерде де, пойыздарда да, тіпті ұшақта да мүгедектер арбасын көтеріп түсіретін құрылғы жоқ. Сондықтан да оларға барып қайту азабы мол шаруа-тын. Енді ол жаққа барудың қажеті болмай қалды. Шымқалада ашылған протезді-ортопедиялық орталыққа келіп, тапсырыс арқылы қажетті бұйымын жаса-тып алуына мүмкіндік мол. «Көгершін» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің протездік шеберханасы жоғары технология бойын-ша өнім шығаруда. Басшылық жарымжан жандарға арналған бұйымдардың ыңғайлы әрі сапалы болып шығуы үшін бар мүмкіндікті қарастырған. Ол үшін сапа стандартын бақылайтын мамандар өздерінде жұмыс істейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі 11 азамат еңбек етуде. Он екі мүшесі сау адамдардан көрі олар бұйымның кем-кетігін тез байқайды. Әрі өте ыңғайлы жасалуы үшін барынша тырысады. Аталған ұйым облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе жұмыс атқарады. Әрі демеушілік есебінде көптеген жандарға көмек қолын созып келеді.

Байдалхан Айдосов, «Көгершін» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы:
— Әу баста ұйымымызды ашқанда өте қиын болды. Өздерін қоғамнан шет қалған жан деп есептейтін топпен жұмыс істеу расында оңай емес. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Жоғары технологиялы құрылғылармен жасалынған аяқ, қол, тізе протездері өте сапалы. Сондықтан оның сапасына сын айтушылар жоқ. Өзіміз шығарған өнімге кепілдік береміз. Егер де дене мүшелеріне дұрыс келмей жатса қайтадан жасап береміз. Ортопедиялық аяқ киім, корсет, реквинатор, бандаж, тутор, қол, аяқ бұйымдарын жасаймыз. Аудан, қала болсын мүгедектерге арналған арнайы көлікпен үйлеріне барып, осында алып келіп, протездердің өлшемін аламыз. Осында олар жүріп, тұрып ыңғайлылығын тексеріп көреді.

 

Өнім өзімізден, шикізат шетелден..

Сондай-ақ бүгінде мұнда мүгедектерге арналған арба да жасап шығарады. Бұзылған арбаларды осында жөндеп береді. Оның бөлшектері елімізде жасалмайтындықтан Ресейден тасымалданады. Жуырда мамандар робот-қол жасап шығара бастады. Бұл инновациялық жобаға жатады. Өйткені бұрынғыларына мүлдем ұқсамайды. Қолдың саусақтарына дейін қимылдайды. Затты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Жаңа технология бойынша жасалып жатқан бұйымның бірі. Ортопедиялық аяқкиімдердің де жаңашылдықтары көп. Оның жазғы түрі, қыстық түрі де жасалады. ДЦП-мен ауыратын балалар ылғи да төсекте жататындықтан олардың аяқтары майысқақ болады. Сол үшін жаңа технология бойынша аяқтың сыртына қаптама құяды. Бұлшықет протезі яғни, қимылдайтын табаны бар протез де бар. Онда тізе буын топса бекіткіші бар, оны тежегішімен де жасайды. Құрылымы қиын аяқ киімдерді 25 мың теңгеге, туторді 9-11 теңгеге сатып алуға болады. Бірақ бұл қатып қалған баға емес.

Әркімнің дене бітімі әртүрлі болатындықтан аталған бұйымдардың жеке бөлшектері қосылуы мүмкін. Сондықтан да баға ауытқушылығы болуы кәдік. Жылына 3 миллионға жуық бұйым шығарады. Аз қамтылған азаматтар квота арқылы алуына болады. Тапсырыстар тек облыс көлемінде ғана емес өзге өңірлерден де түседі. Тараз қаласында бөлімшесі ашылды жуырда. Игі іске мұрындық болып жүрген ұйымның алға қойған жоспарлары да ауқымды. Алдағы уақытта мүгедектерге арналған «Оңалту орталығын» ашуды көздеп отыр. Бүгінде «Кіші Самал» ықшамауданында бой көтеруде. Онда қамкөңіл жандарға барынша жағдай жасалмақ. Моншасы, шаштаразы, ойын залдары болады. Өздігінен жүріп тұра алмайтын жандар үшін моншаға түскенде, буға кіргенде арнайы мамандар көмектеседі. Адамның алақаны мен табаны барлығын сезетіні белгілі. Сондықтан да дерті дендеген жандар үшін ыстық құмы бар алаңқай жасалмақ.

… Олар көпшілік орындарға бара алмайды, көшеде еркін жүре алмайды. Сондықтан аз да болса олар үшін кішігірім мереке жасауды ойластырған ұйымның бұнысы әрине сауапты іс. «Көгершінмен» бірге демалыс» деп аталатын жоба ұйымдастырмақ. Сондай-ақ қаладағы дендросаябақ, зообақ, цирк сынды орындарға қамкөңіл жандарды аралатып, қыдыртып тұратын арнайы жос-парлары да бар.

Бақытнұр Айымбет

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *