Жалғас Тайкенов: «Параканоэмен шұғылданатын мен ғана…»

11 каноэ

Параканоэ — қазақстандық бапкерлер үшін жаңа спорт түрі. Бұрын соңды отандық ескекшілер мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасамаған. Сол себепті, параканоэ да дамымаған болатын. Алайда, соңғы екі жылда елімізде Жалғас есімді спортшы каноэда ескек есіп жүр. Бразилиядағы параолимпиадалық ойындарға берілген жалғыз жолдаманың да иесі осы — Жалғас Тайкенов. Қуантарлығы, биылдан бастап 18 жасар ескекші оңтүстікқазақстандықтардың намысын қорғайды. Шымкентке қоныс тепкен отандасымызды облыстық  ескек есу федерациясының ұжымы шетелде өтетін оқу-жаттығу жиынына шығарып салды. Сапар алдында Жалғас «Оңтүстік Рабат» газетінің тілшісімен әңгімелесіп, алдағы уақытта жоспарларымен бөлісті. 

— Жалғас, ескек есумен шұғылданып жүргеніңе екі жыл ғана болыпты. Аз уақыт ішінде параолимпиадаға жолдама жеңіп алдың? Дайындығыңа сенімдісің бе?

— Мен кішкентайымнан спортқа жақын болдым. Есімді білгелі жаттығуларымды тоқтатқан емеспін. Алғашында стрит воркаут спорт түрімен шұғылданып жүрдім. Нәтиже де жаман емес еді. Содан болар, ескек есудің бапкерлері ұсыныс жасағанда бірден келісе кеттім. Алайда, бастапқыда анау айтқан жетістікке жетемін деген ой жоқ-тын. Бірақ, үш айдың ішінде халықаралық жарысқа жолдама алғанымда қуанышымда шек болмады. Осы кезден бастап биік шыңды бағындырсам деп армандай бастадым. Міне, таяуда  Рио параолимпиадасына жолдама жеңіп алдым. Ендігі мақсатым — бапкер үмітін ақтау.

— Екі жыл бойы Астана құрамасының сапында сынға түстің. Шымкентке келуге не себеп болды?

— Оңтүстікқазақстандық ескекшілердің епті екені баршаға мәлім. Шымкентте спорттың бұл түрін дамытуға барлық жағдай жасалған. Оңтүстіктің ескек есу федерациясы да жақсы жұмыс жасайды. Сол себепті,  параолимпиадалық ойындарға дайындығымды шымкенттіктердің сапында өткізуді жөн санадым. Алғашқы оқу-жаттығу жиыныма да жіберіп жатыр. Демек, Оңтүстікке ауысу шешімім дұрыс.

— Жаттығу неге шетелде өтеді?

— Өйткені, Қазақстанда параканоэ спорт түрімен шұғылданатын жалғыз мен ғана. Ол дегеніміз ешқандай қарсылас жоқ. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың жарысы өзге талаптарға сай өтуі тиіс. Әлем бойынша ең мықты параканоэ шеберлері ресейліктер болып саналады. Сол себепті, оқу жаттығу жиындарын сол спортшылармен бірлесе өткізуді жөн санадық. Әрине, маған әлі де болса тәжірибе жеткіліксіз. Ал, ресейліктердің маған берері көп деп ойлаймын. Риоға жол тартқанша көршілес елде жаттығамыз. Әрине, үйден алыста жүру қиындықсыз емес. Алайда, нәтиже беру үшін бірқатар қиындықтардан өту керектігін жақсы түсінемін. Оның үстіне, маған осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бапкер үмітін ақтауым керек.

Жалғас параолимпиадалық ойындардың тізіміндегі ең қиын түрі KL 200 метрге жүзуден жарысады. Дегенмен, отандасымыз Германияда өткен Әлем Кубогі үшін таласта жартылай финалға дейін шығып, алтыншы орыннан көрінген болатын. Ақтық сынға шығуға Жалғасқа 2 секунд ғана жетпей қалған. Риоға дайындық алдымен Абхазияда басталады. Содан кейін қос бапкерімен сәуір айына жоспарланған Ресей чемпионатында бабын сынайды. Мамыр айында жерлестеріміз Германияға жол тартып, Әлем Кубогі үшін таласта іріктеуден өтеді. Бұл Бразилиядағы басты жарысқа дайындықтың бастамасы ғана. Тыңғылықты жаттығулардың арқасында екі жылдың ішінде Жалғас параканоэ шебері атанса, биылғы жұмыстың нәтижесінде ол ел қоржынын параолимпиадалық медальмен толықтыруға тырысады.

Сарбиназ Алдабергенова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *