Жаңашыл шаруалар ғана субсидия алады

Өңірімізде 50 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Жыл он екі ай жер тырмалап, еңбек еткен осы дихан қауымы күзгі жиын-терімін аяқтауға жақын. Несібесін жерден тауып отырғандар алған өнімнің мол болғанын қалайды. Ол үшін шаруаларға мемлекет те көмек қолын созып келеді. Соңғы кезде шаруаларды осы мемлекет тарапынан берілетін көмектердің, нақтырақ айтқанда субсидия көлемі азаяды деген ақпарлар алаңдатып отыр. Себебі, дағдарыс кезінде мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың мейлінше үнемделетіні белгілі. Осы ретте біз Оңтүстіктің шаруаларына келер жылы мемлекеттен қолдау көрсетіле ме, субсидия мен басқа да қаржылай көмектер бола ма деген сауалдарға жауап алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Алпысбаевқа жолыққан едік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Алпысбаев

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Алпысбаев

– Кеңес Батырбайұлы, биыл өңірдегі шаруаларға субсидия берілу мәселесі қалай жүзеге асты?

– Шаруа қауым еңбек етсе ғана оның нәтижесі болатындығын бүгінде жақсы түсінеді. Сонымен қатар, диқандар мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауларды да тиімді пайдалануда. Себебі бұл қаражаттардың тигізіп жатқан септігі зор. Жалпы, аграрлық саланы дамытуға Үкімет тарапынан беріліп жатқан субсидияның мөлшері жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Мысалы, қазір жердің құнары төмен болғандықтан, оған тыңайтқыш сеппей, өнім алу мүмкін емес. Бұл үшін мемлекеттен биыл 2,260 млрд теңге қаралды. Яғни, былтырғыға қарағанда 5 мың тонна артық тыңайтқышқа субсидия берілді. Дербес арамшөптерге қарсы химикаттарды алуға да мемлекет жәрдем береді.

– Қазір дағдарысқа байланысты шаруалардың арасында «субсидия берілмейді екен» деген қауесет тарауда. Ол қаншалықты шындыққа жанасады?

– Субсидия берілуге байланысты дау-дамайлардың жиі туындайтынын білеміз. Кейбір шаруалардың «егін ектім» деп жалған айтып, субсидия алғандығы кейіннен әшкере болып жатады. Жалпы, келесі жылдан бастап мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді. Енді, кез-келген шаруа қожалығының субсидия алуға қолы жете бермейтін болды. Бұл мемлекеттен бөлінетін қаржы тоқтамайды, оның көлемі де азаймайды. Тек, сапалы өнім өндіруге әрекет жасаған шаруалар ғана көмекке қол жеткізе алады деген сөз. Ол үшін өңірдің климатына байланысты басымдылық танытатын өнімдер ғана сараланып алынады. Енді, қай өнімді дамытуға болатындығын жергілікті билік анықтайды. Бұл бір. Екіншіден, мақта егіледі делік. Бір мақтаның өзіне мемлекеттен 6 түрлі субсидия бөлінеді. Оған алынатын тұқым, тыңайтқыштар, химикаттар және өзге берілетін заттарға қаржы (субсидия) гектарына беріледі. Мемлекет бүгінде мұның тиімсіз екенін түсінді. Себебі, шаруа қожалықтардың өндірген өнімдерінде ешқандай жаңашылдық жоқ. Олар мемлекеттен көмек ақша алады, оны пайдаланады, өнім де алады. Дегенмен, оның аз-көптігіне, сапасына ешкім бас қатырмайды. Сол себепті, ендігі көмек тек ғылыми жаңалық енгізген диқандарға ғана беріледі. Қазіргі таңда мұның ережесі жасалу үстінде.

Жаңашыл шаруалар ғана субсидия алады

 

Мақта алқаптары қысқарды

Мақталы алқап – Мақтаралда бүгінгі күні мақта егу тиімсіз болып қалды. Себебі, шаруалар мақтаның пайдасын көремін деп соңғы жылдары әбден шығынға батқанын білеміз. Мәселен, 2013 жылы бұл аймақта 96 мың гектар жерде мақта егілген болса, өткен жылы 84 мың гектарды құраған. Ал, биыл диқандар 77 мың гектарға ғана мақта өсірген. Мұның бірінші себебі, шілде-тамыз айларында егіс алқабын ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі қиындайтындықтан, мақта дұрыс өнім бермейді. Бұл жердегі проблема су тапшылығы. Екінші мәселе, ауа райының қолайсыздығынан жиын-терім уақытында суыққа қалып кетіп, шаруаларды тағы да шығынға батырды. Мақтаның тиімсіздігін сезінген мақтаралдық шаруалар енді мақтаны суды аздау пайдаланатын дақылдармен ауыстыруды қолға алған. «2014 жылдан бері мақта егудің тиімділігі болмаған соң шаруалар көкөніс, жоңышқа, жеміс дақылдарын өсіруге көшті. Биыл өңірімізде дәнді-дақылдар алқабы 255 мың гектар алқапты құрады. Яғни, өткен жылға қарағанда дәнді-дақылдар 22 мың гектарға артық егілді», – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Алпысбаев.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Мақтаралдағы «Қаршыға» шаруа қожалығының жұмысын атап өтейік. Осыдан біршама жыл бұрын жүзім шаруашылығын қолға алған шаруа қожалықтың бұл еңбегі текке кетпеген. Мақталы өңірде ақ алтын егуді дағдыға айналдырғандықтан алғашында сенімсіздік болғаны бар-ды. Дегенмен, бүгінде өнім алғашқы жемісін беріп те үлгерген. Бұл үшін Италиядан арнайы жүзім көшеттерін әкелген.

Жеміс-жидек өсірушілер көбейді

Аудандағы мақта алқабы қысқарғанымен көкөніс, жеміс-жидектерді өсіру жұмыстары қарқынды дамуда. Себебі, шаруалар істің көзін тапса, нақ осы күндері бұл тиімді жұмыс. Мемлекеттен көмек ретінде қомақты қаржы да беріледі. Мәселен, 25400 гектар жерде бау-бақша өнімдері жүзім мен жеміс-жидектер бар болса, ол биыл тағы 5 гектарға ұлғайтылған. Бұл үшін шаруаларға осы жылдың өзінде 2,7 млрд теңге субсидия бөлінді.

Түйін:

Қазір билік шаруалардың шаруасын дөңгелетуде субсидиядан бөлек жаңа бір пилоттық жүйені ендіруді қолға алмақшы. Бұл 6-7 пайызбен диқандарға несие беру жобасы. Ол егіс көлемі аз шаруа қожалықтарды ірі қожалықтармен ерікті түрде біріктіріп, несие беруді көздейді. Алайда, мұның жүзеге асуы уақыт еншісінде.

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *