Жаңа жылға теледидар сыйлады

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік сый жасады. Зауыт ұжымы қаламыздағы бірнеше мекемеге барып, ондағы жұртшылыққа түрлі тұрмыстық техникалар сыйлады.
Ең әуелі компания өкілдері Қарабастау аумағындағы №99 мектеп гимназияға барды. Мектепте қазір 1646 оқушы білім алады. Олар бұл оқу орнының спорттан, өнерден, оқудан үздік болған 40 оқушысына арнайы жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды. Сондай-ақ мектеп ұжымына соңғы үлгідегі музыкалық құрылғы мен ноутбуктар табыстады. Іс-шараға оқушылармен бірге ауыл ақсақалдары мен ата-аналар да жиналған. Олар әр мереке сайын қуанышты көңіл күй сыйлайтын компанияның ұжымына алғыстарын жеткізді.

Сейтаев Кеңес, Қарабастау ауылының биі:

— Петро Қазақстан мұнай зауыты озат оқушыларға жаңа-жылдық сый сыяпаттарын әкеліп тапсырып жатыр. Біз бұған өте қуаныштымыз. Және айтар алғысымыз шексіз. Бұл компания тек бұл жолы ғана емес үнемі осы мектебімізге қарайлап көмек қолдарын созып тұрады. Өткен жылы 4 интерактив тақта берген. Қазір балаларымыз жаңа құрылғымен оқып жүр. Сондай-ақ мектебіміздің өнерлі биші қыздарымызға тігін машинасын да сыйға тартқан. Сол машинамен қазір сахналық көйлектерін өздері тігеді. Биыл да мектеп ұжымына, оқушыларға керек заттарды арқалап кепті. Біз бұл үшін әрине зауыт ұжымына тек рахметімізді айтып алға қарай дами беруін тілейміз.

Бұдан кейін компания өкілдері Еңбекші ауданы Жұлдыз аумағының №94 жалпы орта мектебі мен Еңбекші ауданының №52 «Жұлдыз» бөбекжай балабақшасына ат басын бұрды. Бұл мекемелерге зауыт орталығы соңғы үлгідегі теледидар сыйға тартты. Мектеп басшылығының айтуынша, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС мектептегі аз қамталған отбасыларына да әрдайым жәрдемдесіп тұрады екен. №94 жалпы орта мектебінде бүгінгі таңда 1117 оқушы білім алады. Мектеп ұжымының компаниямен жұмыс жасап жатқанына 5 жылдың төңірегі болған. Сол аралықта олар әр мереке сайын мектепке қажетті заттарды сыйға тартады. Балабақша ұжымы да өз кезектерінде алғыстарын жеткізді. Кішкентай бүлдіршіндер енді «Балапан» теларнасын жаңа теладидардан тамашалайды.

Зауыт басшылығы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Олар №4 облыстық балалар үйі мен №5 арнаулы қарттар үйіне де теледидар сыйлады. Жаңа жылдық бағдарламаларды жаңа теледидардан көретіндіктеріне қуанған қарттар компания ұжымына алғыстарын айтып, бата берді.

Бүркітбай Мамырбеков, №5 арнаулы қарттар үйінің тұрғыны:

— Келе жатқан жаңа жыл қарсаңында қаламыздағы мұнай өңдеу зауыты біздің мекемеге келіп, сыйлық жасап жатыр. Соңғы үлгідегі үлкен теледидар әкеліпті. Біз бұған көп рахметімізді айтамыз. Енді біз жаңа жылдық салтанатты шараларды, бағдарламаларды осы жаңа теледидардан тамашалаймыз. Осы тұста мен барлық халқымызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бізді арнайы құттықтап келген зауыт ұжымына алғысымыз шексіз.

 

Еркін Жұмәділ, ұйымдастыру және PR жөніндегі менеджер:

— Жаңа жылдың алдында біздің ұжым өзіміздің әлеуметтік бағдарлама бойынша төңірегімізде орналасқан мекемелерге қолымыздан келгенше сыйлық жасағанды жөн көрдік. «Петро Қазақстан ойл продактс» компания-сының ұжымы және басқарма-сының әлеуметтік бағдарлама-лар бойынша жасап жатқан іс-шаралары аз емес. Біз әуелі Еңбекші ауданы әкімдігімен және ауыл ақсақалдарымен қосылып, «кімге қандай зат қажет?» дегенді бірге отырып талқылап шешім қабылдап сол бойынша көмек береміз. Бұл жолғы көмекті де солай шештік. Балалар қуанып жатыр. Бізге баланың күлкісінен артық не керек? Жалпы жұтшылыққа қуаныш сыйлағанымызға өзіміз де қуаныштымыз. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды жаңа жыл мерекелерімен құттықтаймын! Халқымыз аман болсын, еліміз алға дами берсін. Халықтың жағдайы жақсы болсын, жаңа жылдан-жаңа жылға аман-есен жете берейік!

Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *