Жаңғырту жұмыстарының II кезеңі басталды

Биыл «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және реконструкциялау жобасы аса қарқынды жүргізіліп, талай шаруа тындырылды. Көктемнен бері цехаралық эстакадалардың монтаждау жұмыстары орындалып, барлық металл құрылымдары салынып бітті. Енді құбыр желілері жүргізіліп жатыр. Факель шаруашылығының негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Трансформатор подстанциясының құрылысы жүргізілуде. Зауытқа электр қуатын жіберу желісінің де құрылысы 50 пайызға аяқталып, қазір қарқынды түрде жалғасуда.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жобаларды бақылау жөніндегі директоры Сейілхан Жүсіпбековтің айтуынша, бұл айтылған нысандардың барлығы да келер жылдың ортасында пайдалануға берілуі керек. Ал изомеризациялау қондырғыларына келсек, ондағы негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған.

Ендігі қалған жұмыстардың дені бақылау-өлшеу қондырғыларына, кабельдер мен электр жабдықтауға қатысты болып отыр. Осы жұмыстардың аяқталуы келер жылдың ақпан айы соңы мен наурыз айының басына жоспарланған. Изомеризациялау қондырғысын қосу-реттеу жұмыстары наурыз айында басталмақ. Зауытта 10 наурызда жоспарлы жөндеу жұмыстарын бастау белгіленген. Сол кезде осы жаңа қондырғыны қосу-тексеру басталады. Зауыттағы жоспарлы жөндеу жұмыстарының аяқталуымен қатар бұл қондырғына да қалыпты технологиялық режимде іске қосу жоспары бар.

Изомеризациялау қондырғысы – жоғарыоктанды бензин өндірісіне қажетті қоспаларды алуға арналған. Бұл қондырғы К-4, К-5 санатындағы бензин алуға мүмкіндік береді. Максималды жүктемеде кезінде бұл қондырғыдан жылына 600 тоннадай қоспа алуға болады.

Зауытта қазір осы қондырғыда жұмыс істей білетін мамандар жинақталған. Олардың бір бөлігі бұрыннан келе жатқан тәжірибелі кадрлардан құралған. Олар алдын үш ай Атырау мұнай өңдеу зауытындағы дәл осындай қондырғыда іс-тәжірибеден өткен. Қазір Қытайда оқып жатыр.

Сейілхан Жүсіпбековтың сөзінше, сондықтан да қондырғыны іске қосу барысы қандай да бір қиындық туғызбайды. ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және реконструкциялау жобасының I кезеңі бойынша атқарылған жұмыстардың жалпы жоспар барысы осындай.

Қазір жаңғыртудың II кезеңі бойынша жұмыстар басталды. Бұған мұнай қалдықтарын екінші ретті өңдеу кешенін жаңғырту кіреді. Мұның қатарында газдарды күкіртті сутектен тазарту қондырғысы да бар. Жер жұмыстары басталып, іргетасы құйылды.
Ал зауыт аумағындағы жаңғырту жұмыстарының барлық жай-жапсарын, ендірілетін өзгерістердің мән-жайын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы қадағалайды. Айына бір рет келіп, тексеріп отырады. Зауыт басшылығы мен министрліктің өкілдері үнемі бақылайды.

Сейілхан Жүсіпбеков, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жобаларды бақылау жөніндегі директоры:

— Мен басқаратын департаментте 62 адам жұмыс істейді. Мамандардың дені – жастар. Ертең осы жастар қондырғылар пайдалануға берілгенде, соның басы-қасында жүреді. Яғни, кадрларды жобаның басталуынан соған қатыстырып, бірінші күннен бастап дайындап, кейін пайдалануға берілгенде жұмысын алып кетуіне жағдай жасалады. Сонда маман өзі жұмыс істейтін нысанның бүге-шігесіне дейін қанығады.

Зауыт салынған каталитикалық крекинг қондырғысы мұнай қалдықтарын тереңдете өңдеуге арналған. Қазір зауыттағы ЛК-6У технологиялық кешенінен шығарылған мазутты вакуумды қондырғыға жіберіледі. Бұдан вакуумды газойль алынып, оны шетелге жөнелтеді. Қалған мазутты ЖЭС-сына не тағы да басқа жанармай ретінде пайдаланатын нысандарға сатады. Ендігі мақсат, осы арзан бағалы мазут өнімін қымбат бағалы өнімге айналдыру болып отыр. Сол үшін де каталитикалық қондырғыда өңдеп, одан жоғары октанды бензинге және дизелді отынға қажетті қоспа алынады. Содан кейін аз ғана мөлшерде мазут қалады. Бұл да зауыт үшін қосымша кіріс көзіне айналады. Бір жағынан қазір нарықта сұраныс азайып бара жатқан мазуттың да мөлшері төмендейді.
Каталит-икалық крекингтің іске қосылуы зауытта өндірілетін бензин көлемін екі есе ұлғаяды. Дизель отынын өндіру де ұлғайып, сығымдалған газ бен қазандыққа қажетті жанармай алынады.

Зауыттағы жаңғырту және реконструкциялау жобасын қаржыландыруға 1 млрд 200 млн АҚШ доллары бағытталған. Оның 400 млн АҚШ долларын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан, қалған 800 млн АҚШ доллары қытайлық компания тарапынан беріледі.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *