Жақсы аудан, бірақ газы мен суы жоқ

Жыл басында жер-жердегі әкімдердің өткен жылы атқарған шаруасын түгендеп, халық алдында есеп береді. Солардың қатарында Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та бар. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қатысқан жиында Парманов пен оның командасы қой жылында нендей іс тындырғанын баяндады. Жергілікті жұртшылық көңілі толатынын айтып, «жақсы» деген бағасын берді. Бірақ… Алдымен, сандарды судыратып жақсы жаңалықтарынан басталық…

Не бар?

Сарыағаш ауданында 309 мың адам тұрады. Бүгінде республика тұрмақ, жақын шет елдеріне танымал, облыстағы заманауи нарықтық инфрақұрылымның негізі қаланған өнеркәсіптік-аграрлық ірі аудан. Ауданда 24 ауылдық округтерге қарасты 153 елді мекен бар. Көршілес Өзбекстан Республикасының 5 ауданымен (Қыбырай, Ташкент, Зеңгі-ата, Жаңажол, Шыназ аудандары) шекараласады. Шекара бойында мемлекетаралық 4 кеден бекеті бар. Сондай-ақ, облысымыздың Шардара, Отырар, Арыс, Қазығұрт аудандарымен шекаралас жатыр. Статистика басқармасының соңғы дерегіне сүйенсек, Сарыағаш ауданы даму деңгейі бойынша өңірімізде екінші орынға орнығыпты. Аумақтық жалпы ішкі өнім көлемі 123 млн 911 мың теңгені құраған. Өнеркәсіп саласы бойынша 23 907,3 млн теңгенің  өнімі өндірілген. Ауыл- шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі   60 млрд-қа жеткен. 5,5 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Аудан бюджеті 29 млрд теңгеге жеткен. Былтыр  51 нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен  8 млрд теңге бөлінген. Оның 296 млн-ы ауызсумен қамтуға қажетті 2 нысанның құрылысына, табиғи газбен қамтуы тиіс 12 нысанға 1 млрд теңгеден астам қаржы, электр қуатымен қамту бойынша  4 нысанның құрылысына 206 млн теңге бағытталған. Қазынаның 85 млн теңгесі 8 мәдениет нысандарының құрылысына жұмсалған. Тозығы жеткен жолдардың бүгінде біразы жөнделген. Мәселен, «Самал» шағынауданында  былтыр облыс бюджетінен қаралған 600 млн теңгеге 17 ішкі көшенің жолдары жөнделіпті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Не жоқ?

Әйткенмен, Сарыағаш жұртының тең жартысы әлі күнге сапалы ауызсуға жете алмай отыр. Бұған дәлел, елді мекендердің 55 %-ы осы күнге дейін сапалы ауызсу тартылатын орталық құбырға қосылмаған. Ауыл тұрғындарының есептік жиындарда көтерген негізгі сауалдары да осы тіршілік нәріне қатысты болды. Мұны бір деңіз…
Ендігі бір мәселе, табиғи газдың әйтеуір бір келетіні белгілі. Бірақ, әлі жоқ. Аудандағы 86 ауылдың тұрғыны әлі күнге көмір жағып, күн кешеді. Әкімдіктің сөзіне сенсек, бұл ауылдарды сапалы ауызсу және  көгілдір отынмен қамту  бағытында жоспар түзіліпті. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынға ұқсайды. Мұны екі деңіз…
Ауданда 6 мыңға жуық адам ресми жұмыссыздар есебіне тіркеуге алынса, олардың 4 мыңы былтыр тұрақты жұмысқа орналасыпты. Сарыағаштықтар еңбекқор,  жұмыс болса, екі қолға бір күрек табылса болғаны, білек сыбана кірісіп кетеді. Соның бір айғағы, мұндағы жылыжайлардың жалпы ауданы тек облыста емес, республика көлемінде көш бастап тұр.
Жылыжай шаруашылығы жөнінен көш бастап алға шыққанымызбен, дәл осы салада әлі күнге шешімін таппаған түйткілдер бар. Бастысын жиынға қатысқан шаруалар айтып салды.
«Өсірген өнімдерімізді ұзақ сақтай алмай, шығынға батып жатырмыз. Сондықтан   заманауи үлгідегі  жылыжайлар, қоймалар салу керек. Бейбіт Бәкірұлы, осыған көмектессеңіз. Біз еңбек етуден, жұмыс істеуден қашпаймыз», — дейді сарыағаштық дихандар. Мұны үш деңіз…

Қуантарлығы,  ауданда мал, құс  азығын дайындауда бұрнағы мәселелер бүгінде шешілген. Елді мекендерде ашылған  құрама жем дайындайтын цехтарға бүгінде өзге  аудандардан тапсырыс түсіп жатыр.
Ауданның ақсақал-дары да белсенді. Тек құдайы тамаққа барып, шапан жапқан шаралардың басы-қасында жүрген жоқ. Жерлестерінің қамын ойлап, әлеуметтің әлеуетін арттыруға сөзбен де, іспен де атсалысуға кіріскен. Соның бір нәтижесі — Сарыағаш қаласында  тағы бір «Шапағат» әлеуметтік дүкені ашылды. Алғашқысы былтыр желтоқсан айында ашылған еді. Осы игі іске ұйытқы болған қалалық ақсақалдар кеңесін әкімдік қолдап, ғимаратты жалға алған екен. Мұнда күнделікті тұтынатын азық — түлік қолжетімді бағамен сатылады. 1 келі ұнның бағасы — 50 теңге, құмшекер келісі — 120 теңге, күріш — 100 теңгеден, ал, макарон өнімдерінің келісі — 75 теңгеден сатылады.
Дүкендерде  азық-түлік арзан бағада сатылса, киім-кешек тегін таратылады. «Сарыағаш қалалық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахымберді Оспановтың айтуынша, қалада  көмекке мұқтаж 214 отбасы  бар. Олардың барлығы  арнайы тізімге енгізілген, сол азаматтарға дүкеннен керегін алу үшін жағдай жасалды. Дүкен сөресін демеушілер толтырады. Әкімдіктен бір тиын бөлінбейді. Сондай-ақ, мұнда  баспанасын қатты отынмен жылытатындарға  қаппен көмір де  беріледі.
Кәсіпкерлері көп ауданда шағын және орта бизнесті 50 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Шынар Оразова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *