Жағдайы жоқ, қылмысы көп аудан…

wp_20151129_007Бүгінде Шымқалада қиын аудандар жетерлік. Қылмыс та сонда, ұрлық та сонда, айқай шуы бір бітпейтін мұндай аумақтар тиісті органдардың тізімінде тұр. Солардың қатарына «Көксай» (Зеленая балка), «Жас дәурен» (Ворошиловка), Оңтүстік (Чапаевка) сынды шағынаудандар жатады. Криминогенді аудан атты қосымша атауы да бар. Мұнда «күндіз түні бір тынбай» қылмыстың неше атасы орын алып жатады. Әсіресе түнгі уақытта бұл аудандарға өміріне бей-жай қарайтын адам ғана бара алады. Өйткені мұнда жүрудің өзі «өмірге аса қауіпті».

Қаладағы Еңбекші ауданына қарайтын аумақ болған соң әкімшілік те, аудандық ішкі істер бөлімі де мұнда жиі-жиі «сауықтыру» шараларын ұйымдастырып тұрады, яғни тұрғындармен кездесіп, қылмыстың алдын алу жолдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен мұндай шаралардың пайдасы аз ба деген ойға қалмасқа шара жоқ…
Түнімен ішімдік ішіп, айқай-шу шығарып, төбелесіп, тұрғындардың мазасын алатындар мұнда жеткілікті. Әсіресе Көксайдан мұндай шағымдар көп түседі. Олар бүгінде учаскелік полицейдің қара тізімінен «құрметті орнын» алған. Коммуналды қызметтің біразынан шет қалса да мұнда мекендеушілер көп. Тіпті оны қажет етпейтіндей де. Басым бөлігі – ішкілікке салынғандар. Нашақорлар да жоқ емес. Түрмеден тәртібі түзелмей келгендер де осында.

Көксайдың көшелері қорқынышты…
Биылдың 10 айында Еңбекші ауданындағы Көксай-2, Көксай-3 көшелері бойынша жалпы 61 ұрлық, 4 бұзақылық, 5 көліктегі ұрлық, 23 есірткіге қатысты қылмыс орын алған. Көксай-2, Көксай-3 көшелері бойынша 1 учаскелік тірек пунктінде 3 учаскелік полиция қызметкері жұмыс істейді, оның екеуінің жұмыс өтілі 10 жылдан, біреуінің жұмыс өтілі 5 жылдан жоғары. Олар автокөлікпен, техникалық құрал жабдықтармен, дерекқорларымен қамтамасыз етілген.

Дегенмен аталған ықшамауданның шешілмеген мәселелері көп. Соның ең басқысы бейне бақылау камераларымен қамтамасыз етілмеген. Оны айтасыз көшелердің көбісі жарықтандырылмаған.

Аудан прокуратурасының бас-тамасымен учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік полициясымен бірлесіп, аудан аумағында ұрлық қылмыстарының алдын алу, болдырмау және жолын кесу бағытында рейдтік іс-шараларын өткізу қолға алынған.
Бүгінгі таңда, аудан прокуратурасымен «Ұрлықтан сақ болыңыздар», «Жолаушылар сақ болыңыздар» тақырыбында стендтер және жадынамалар дайындалып, адамдар көп шоғырланатын жерлерде, яғни автобекеттер, аялдамалар, автобустар ішінде, базарлар, сауда орындары, көпқабатты пәтер аулаларына ілініп, жадынамалар аудан тұрғындары арасында тарату жұмыстары қолға алынып, осы бағытта қысқа бейнеролик дайындалып, жергілікті телеарналар және қоғамдық көліктердегі бейнеэкрандар арқылы таратылуға ұсынылды.

Қазіргі таңда осы аумақта бейне бақылау құралдарын орнату және тұрғын жайлары аумақтарында стационарлық полиция бекеттерін ашу мәселесі туындап отыр.

Өнер Әбдіхалықов, ОҚО прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары:
Біздің қаламыздың күрделі аймақтары болып табылатын «Ворошиловка», «Қайнар бұлақ», «Зеленая балка», «Бадам» сияқты аймақтарында қылмыстың алдын алу іс-шараларын жүргізсек оның азаюына және тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп айтуға болатын еді. Жол картасындағы көрсетілген іс-шараларды яғни, «Жұмыс жәрмеңкесі», «Алко-21.00» мүмкіндігі бойынша осы өзекті аймақтарда өткізуді ұсынып отырмыз. Қылмыстық құқықбұзушылық картасының пайдасы көп. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметкерлерінің және әкімшілік қызметкерлерінің барлығына (бірінші кезекте учаскелік инспекторларына) осы бағдарламаға қолын жеткізу қажет. Айта кету керек, облыс әкімшілігімен бірге «ҚылмыстыҚ құқықбұзушылықтар картасы» атты интернет-порталы биылғы жылдың қыркүйек айында іске қосылды. Аталған портал арқылы қандай қылмыс қай жерде жиі орын алғанын көруге болады, яғни, полиция күштерін, патруль, ИДН-і қай аймаққа салуға болатынына көмек береді.

Аудандағы ең көп тараған қылмыс бөтен мүлікті ұрлау, тонау, алаяқтық, бұзақылық қылмыстары болып тұр. Қылмыстың жасалу себептері мен проблемаларына келер болсақ, ол: жұмыссыздық, қаңғыбастық. Арнайы емес жерде және белгіленген уақыттан тыс спирттік ішімдіктердің сатылуы, ойын-сауық орындардың бақылаусыз жұмыс істеуі салдарынан, жалпы тіркелген қылмыстардың 40 пайызы түнгі уақыттарда жасалған. Құқықтық мәдениеттің төмендігі салдарынан кәмелет жасына толмағандар жасаған қылмыс былтырғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскендігі байқалады.

 

«Варшава»
Бұл алыстағы әйбат қала деп ойлап қалмаңыз. Тұмсығымыздың түбіндегі ықшамаудан. Оның да аты теріс жағынан мәлім. Қаламыздың кез-келген тұрғыны қылмыстық аты шулы аудандар туралы жақсы біледі. Әсіресе есірткіге қатысты ең алдымен аты ауызға ілігетін аудандар Забадам, Ворошиловка, Зеленая Балка (Көксай) және Чапаевка ықшамаудандары. Бұл жақта «шөп сататын-дардың» жұмысы «жақсы жолға қойылған». Әсіресе есірткіге қатысты жиі аталатын Ворошиловка тұрғын үй алабын жалпақ тілде «Варшава» деп атайтынын да былайға жұрт беске біледі. Әрине бұл аудандарда есірткінің құлағын кім ұстап отырғанын білу оңай емес. Енді олар көшеге «Есірткі сатам, есірткі…» деп айқайлап шықпайды ғой. «Шөпті» көтерме бағамен сататын «өрмекшіге» шығу да оңай емес. Оның әрине арнайы жұмыс кестесімен істейтін «дилерлері» бар.

Қай нашақордың күнделікті қанша мөлшер қолданатынын да беске біледі. Тіпті арнайы «кестелері» бар десек те артық болмас. Ауданда пайда болған белгісіз «бейнелер» сол сәтте-ақ керек адамға лезде хабарланады. Ол жерде кімнің «өрмекші», кімнің «аяқ» екені керекті адамдарға белгілі шығар, бірақ тәртіп сақшылары арыз шағым болмаса кез-келген үйді барып өздігінен тінту жүргізе алмайды. Ол әрине әр азаматтың конституциялық құқығына қол сұққандық болар еді. Дегенмен түнгі уақытта осы алаптан шыққан кез-келген көлік тексеруден өтеді. Қауіпсіздік үшін. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасындағылар бүгінде есірткінің ауыр түрін пайдаланушылардың азайып келе жатқандығын айтады. Олардың сөзін облыстық наркодиспансердің мамандары да қуаттап отыр.

Бақытнұр Айымбет

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *