Ж. Түймебаев, ОҚО әкімі: Қымыз-қымыранды «Қазатомпром» ішпесе, халыққа таратыңыз

14925778_1772688696331893_6637878273945604501_nОблысымыздың солтүстігіндегі Созақ ауданының дамып, өсіп-өркендеуі үшін екі жол бар. Біріншісі – мал шаруашылығы, екіншісі – индустриаландыру. Теріскейдің табиғаты мал шаруашылығына жайлы болғанымен де егістік үшін қолайсыз. Бүгінде аудандағы ауыл шаруашылығының тек 10-15 пайызын ғана егістік құрайды. Сондықтан да аудан үшін мал өсірумен қатар индустриалды жобаларды қарқынды түрде іске асыру аса қажет. Бұл үшін аудан аумағындағы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның әлеуетін пайдалану керек. ОҚО басшысы Жансейіт Түймебаев Созақ ауданына сапарында жергілікті жұртшылықтың «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істеу керектігіне баса назар аударды.

12 мыңнан астам қызметкері бар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы күнделікті тамаққа қажетті еттің тек 38 пайызын ғана жергілікті шаруалардан алады. Созақтағы ұсақ малдың басы 250 мыңнан, ірі қараның саны 20 мыңнан асып жығылады. Уран өндіруші компанияның етке деген сұранысын қамтуға толықтай қауқары жетеді. Бірақ, қажетті еттің 60 пайызын сырттан тасиды.

Ауыз судың да тек 10 пайызын ғана жергілікті өндірушілерден алса, қалғанын шеттен әкеледі. Сүт өнімдерінің де жағдайы осы. Уран өндірісі адам денсаулығына аса залалды болғандықтан айран-сүт тұтынудың маңызы зор. Уран өндірушілердің күнделікті тамақ рационынан да жергілікті жұртшылықтың қорасындағы малынан алынатын сүт өнімдерін таппайсыз. Мұның бәрі де облыс әкімінің Созақ әкімдігінің аппаратымен кездесуінде белгілі болды.

«Аудан әкімінің бір орынбасары әр күні «Қазатомпром» басшылығымен байланысып, оларға не керегін, не қажетін біліп, сұранысын қанағаттандырып, осы іске жауапты болуы қажет» деген Жансейіт Қансейітұлы аудан аппаратының «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен арадағы қызметтестік деңгейінің нашар екенін айтып, сынға алды. Облыс басшысы мұны «алтын сандықтың үстінде болғанымызбен, аш отырамыз» деп бағалады.

«Қымыран бар, қымыз бар. Бірақ, аудандағы әрбір отызыншы адам – мүгедек. Сол ағарғанды «Қазатомпром» ішпесе, халыққа таратып беріңіз» деген әкім мұндағы 60 мың тұрғынның 2100-і мүгедектер санатында екенін де мәселе етіп көтерді.

Аудан әкімі Мақсат Исаев туризмді дамыту бойынша жоспарларымен бөлісіп, араға 20 жыл салып айдыны толған киелі «Қызылкөлді» ерекше қорғалған аймақтар тізімінен шығаруға көмектесуін сұраған еді. Ол бұл сұранысын көлдің айналасына туристік нысандар салу үшін, жекенің пайдалануына беру керектігімен түсіндірді. Бірақ, Мақсат Исаевтың бұл ұсынысы Жансейіт Қансейітұлы тарапынан қолдау таппады. «Туризмді дамыту үшін алдымен жолдың бойындағы кафелерді жөндеңдер. Осында келе жатып, жол бойындағы аялдамалар мен су ішетін орындарды көрдім. Ешқайсысы жетісіп тұрған жоқ. Нақты жоспар жоқ. Еш жоспар құрмай-ақ, мінәжат ету орындарына алып баратын жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жөндесеңіздер, соның өзі табыс әкеледі» деген әкім туристік нысандарға алып баратын инфрақұрылымның сын көтермейтінін алға тартты.

14908327_1772688812998548_3051999085371691729_n

Ауданда денсаулық сақтау саласының жайы мәз емес. Жалпы өлім-жіті көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейіп, онкологиялық аурулардан көз жұмғандар саны 52,4 пайыздан 61,3 пайызға өскен.

Жалпы қылмыс саны 14 пайызға, өзгенің мүлкін ұрлау 39 пайызға, мал ұрлығы 47 пайызға артқан. Ал, топтық қылмыс саны 68 пайызға бір-ақ көтерілген.

Қоршаған ортаға эмиссиялық рұқсаттар алу жұмыстары бойынша қолданыстағы 12 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның 8-іне құжат ресімделмеген.

«Аудан әкімдігі тарапынан жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауына байланыс-ты елдімекендердің көшелері мен тасжолдары бойында бей-берекет қоқыс орындары көптеп орын алған. Қоқыс шашылып жатыр. Соны жинауға не керек? Бәрі де өз ықыластарыңызбен жасалатын шаруа» деген әкім аудандағы көгалдандыру жұмысының да тоқтап тұрғанына айтты. 97 мың түп көшет егу жоспарланған болса, соның тек 14 мыңы ғана отырғызылған.

Осының бәрін санамалаған әкім өңірдегі ең бір ортақ мәселенің шетін шығарды. Айтуынша, бәріне ортақ бір сөз, ол — «өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деген жауап. Арысы «республикадан, жоғарыдан қаржы керек» деп қайталау. «Жобалық-сметалық жоспарын жасау керек, анау жасалмады, мынау жасалмады» деп басқаға сілтеудің де белең алуы болып отыр.

Жиын соңында Жансейіт Түймебаев Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы таяп қалғанын айтып, соған дайындықты бастауды тапсырды.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *