Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі?

Күнделікті редакциямызға оқырмандардан «Зейнеткерлікке шыға алмай жүрмін», «Декреттік төлемақыға қол жеткізу мүмкін болмай тұр», «Мүгедек балаға тағайындалатын жәрдемақыны алу мұңға айналды» деген сияқты сауалдар түсіп жатады. Олардың көкейінде жүрген бұл сұрақтарға жауап алу үшін ЗТМО ОҚО филиалының директоры Сағира Айтанаеваға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп беруін сұрадық.

Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі? Сағира Ермекбайқызының айтуынша, азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды ресімдеу үшін қажетті құжаттарды жинау барысында жиі қателесіп жатады екен. Салдарынан тиісті төлемдерді уақытылы ала алмай, біраз есікті тоздыруларына тура келеді. Маман: «қателіктердің орын алуына көбіне халықтың заңнамалық сауатының төмендігі мен өз құқықтарын жетік білмеуі себеп болады», – дейді.

– Халық арасында төлемақы мен жәрдемақының айырмашылығын білмейтіндер бар. Нәтижесінде, әлеуметтік төлемдер үшін құжат жинаған кезде немесе өткізу барысында түсініспеушіліктер туындайды. Бұл әрине, халықтың жүйкесін тоздырады. Уақытын алады. Содан барып, жоғарыдағыдай жағымсыз пікірлер қалыптасады, – дейді Сағира Ермекбайқызы.

Төлемақының жәрдемақыдан айырмашылығы

Жәрдемақы – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және қатыспайтын тұлғаларға бюджет қаражаты есебінен асырылатын ай сайынғы ақшалай төлем. Ал, әлеуметтік төлемақы — әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатынан жүзеге асырылады және тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы тұлғаларға ғана төленеді.

Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі? Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары кімдер?

ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңының 8-бабына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандырылуға:

қызметкерлер (жұмыс істейтін зейнеткерлерді қоспағанда);

өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар (ҚР аумағында тұрақты тұратын және ҚР аумағында табыс әкелетін қызметтерді жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды қоса айтқанда) жатады. Осылайша, пайдасына жұмыс берушісі немесе басқадай тұлға тарапынан әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жасалған жеке тұлға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушы болып табылады. Ал, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы:

– асыраушысынан;

– еңбек ету қабілетінен;

– жұмысынан;

– жүктілігіне, босануына, жаңа туған баланы асырап алуына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда қор есебінен әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады. Оның соммасы табысына қарай әртүрлі болады.

Ал, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын тұлғалар:

-асыраушысынан айырылған жағдайда;

-мүгедектікке шыққан жағдайда;

бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын жәрдемақыны республикалық бюджет есебінен алады. Жәрдемақы мөлшері белгіленген санатқа байланысты бәріне ортақ болады.

Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі?Жалпы ауруға шалдыққан мүгедектерге:

1 топ мүгедектері үшін – 30 337 теңге;

2 топ мүгедектері үшін – 23 715 теңге;

3 топ мүгедектері үшін – 16 664 теңге жәрдемақы белгіленген.

Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі? Ал, ҚР «Балалы отбасыларға бері-летін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңының 10-бабына сәйкес баланың тууына байланысты жәрдемақы мөлшері:

бірінші, екінші, үшінші балаға – 31,41 айлық есептік көрсеткіш (62 255 тг);

төртінші және одан кейінгі балаларға – 52,35 АЕК-ті (103 758 тг) құраса, бала бір жасқа толғанша дейін оның күтімі үшін берілетін жәрдемақы мөлшері:

– бірінші балаға – 5,76 АЕК (11 417 тг);

– екінші балаға – 6,81 АЕК (13 498 тг);

– үшінші балаға – 7,85 АЕК (15 559 тг);

– төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК (17 640 тг) құрайды.

Баланың күтіміне төленетін мемлекеттік жәрдемақы бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді. Бала күтіміне төленетін жәрдемақының тағайындалуы бойынша өтініш беру мерзімі бала туғаннан кейінгі 12 айдан аспауы тиіс.

Асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы мөлшері:

1 балаға – 14 742 теңге;

2 балаға – 25 424 теңге;

3 балаға – 31 619 теңге;

4 балаға – 33 542 теңге;

5 балаға – 34 610 теңге;

6 және одан көп балаға – 36 106 теңге.

Сондай-ақ, зейнет жасына жеткен зейнеткерлерге тағайындалатын жәрдемақы да бар. Оның сомасы 11 110 теңге.

Жәрдемақы мен төлемақы кімдерге тиесілі? Айтпақшы…

Жоғарыда аты аталған әлеуметтік төлемдерден бөлек арнаулы мемлекеттік жәрдемақы бар. Жәрде-мақының бұл түрін:

ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;

ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, із-түзсіз жоғалған) жауынгерлердің екінші қайтара некеге тұрмаған жесірлері;

«Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталғандар;

I, II және III топ мүгедектеріне және т.б санаттағыларға тиесілі.

Сондай-ақ, аталмыш жәрдемақыны жер асты және ашық тау-кен жұмыстарында немесе еңбек жағдайлары зиянды әрі ауыр жұмыстарда істеген тұлғалар да ала алады.

№1 тізім бойынша:

еңбек өтілі кемінде 20 жылды құрайтын, оның ішінде кемінде 10 жыл көрсетілген жұмыстарда істеген 53 жасқа толған ерлер мен еңбек өтілі кемінде 15 жылды құрайтын, оның ішінде кемінде 7 жыл 6 ай көрсетілген жұмыстарда істеген 48 жасқа толған әйелдер – 18 671 теңге;

№2 тізім бойынша:

еңбек өтілі 25 жылды құрайтын, оның ішінде 12 жыл 6 ай көрсетілген жұмыстарда істеген 58 жасқа толған ерлер мен еңбек өтілі кемінде 20 жылды құрайтын, оның ішінде кемінде 10 жыл көрсетілген жұмыстарда істеген 53 жасқа толған әйелдер – 16 610 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

№1 және №2 тізім – бұл еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр, сондай-ақ еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстардағы өндірістер, жұмыстар, мамандықтар, лауазымдар мен көрсеткіштер тізімі. Бұл тізімдер Үкіметтің осыған сәйкес Қаулысымен бекітілген. Өкінішке орай, көлемінің өте үлкендігіне байланысты газет оларды жариялай алмайды.

Ескерту: Жоғарыда аталған әлеуметтік төлемдер мен арнауы мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша ХҚКО немесе ЗТМО-ға бару керек.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *