Жәрдемақы, әлеуметтік көмек және күтім

Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың нысандар мен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл бюджеттен 9 млрд 998,7 млн теңге бөлінетін болды. Аталған қаржы 2015-2018 жылдар аралығында игеріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Жәрдемақы, әлеуметтік көмек және күтімМинистрдің айтуынша, бюджеттен қарастырылып отырған қаражат ең бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандарға гигиеналық-техникалық құралдар ұсыну мен қызмет көрсету стандарттарын жақсартуға бағытталады. Сондай-ақ, бұған дейін оларға айлық жағдайын қамтамасыз етіп отыр едік. Ендігі кезекте бұл жылдық қамтамасыз етуге алмастырылады, – деді министр. Тамара Дүйсенова сонымен қатар, алдағы уақытта еліміздегі кохлеарлы имплантант алған балалардың есту-сөйлеу процессорын ауыстыру үшін 1,5 млрд теңге жұмсалатынын тілге тиек етті.

Төрехан ДАУЫТОВ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті ОҚО облысы бойынша департаменті басшы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Аумақтық медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілейді. Сондай-ақ, куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін анықтайды.

Мүгедектік тобына және санатына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, әрбір мүгедекке қажеттілігене байланысты оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу арқылы техникалық оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады. Мәселен, протез-ортопедиялық көмек, сурдо-техникалық құралдары, тифло-техникалық құралдары, міндетті гигиеналық жабдықтар, арнаулы жүріп-тұру құралдары, санаторлы-курортты емдеу, жеке көмекші және ымдау тіл маманының қызметі мен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету.

 

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Босымбекқызы: «Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау Қазақстандағы 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектелген азаматтардың жағдайын, құқықтарын жасартуды қамтамасыз ететіні сөзсіз. Мүгедектерді әлеуметтік қолдауды одан әрі жетілдіру Елбасының Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енуі жағдайында жалпы әлеуметтік экономика стандарттарын енгізу туралы тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді» – деді. Мәжіліске қатысушылар министрдің ұсыныстарын қолдайтындықтарын жеткізді.

Үй жағдайында көмек беріледі

Оңтүстіктегі 1,2 топтағы 52260 мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттік қызметтерді үй жағдайында алу мүмкіндігіне ие.

Енді мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйден шықпастан құжат толтырып, орталық қызметіне жүгіне алады. Жылдың басынан ОҚО мүмкіндігі шектеулі 230 тұрғын мемлекеттік қызметтерді үйлерінен шықпастан алды. Облыс бойынша 275 мемлекеттік қызмет түрі үйге бара отырып көрсетілді. Өтінімдердің басым бөлігі Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларынан келіп түскен.

«Облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз мемлекеттік қызметтерді ешқандай тосқауылсыз алуына барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. ХҚКО – на «кедергісіз» кіру үшін пандустар мен шақыру батырмалары орнатылған. 1,2  топтағы мүгедектерге үйлеріне барып, есту қабілеті нашар азаматтарға SMS көмегімен қызмет көрсетудеміз. Сонымен қатар, мүгедектердің компьютерлік сауатын ашып, көрсетілетін қызметті өз ыңғайына қарай пайдалана алуы үшін Электронды үкімет порталымен жұмыс істеуді үйретеміз.

Талғат Тілеубаев, I топтағы мүмкіндігі шектеулі жан:

– Жасым 45-те. Он бес жылдан бері мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға тәуелдімін. Осы уақыт аралығында мемлекеттік медицина қызметкерлерінің өз ісіне салғырт қарайтын тұстарын талай рет көрдім. Диагнозды дұрыс қоя алмайды. Ақылы медицина орталықтарына қарай жібере береді. Олардың бір МРТ-сінің өзіне кем дегенде 18 мың теңге кетеді. Оны дәрігеріңе келіп оқытар кезіңде де әбігерге түсесің. Аяқ астынан қатты науқастанып қалатын кездерім болады. Сол мезетте ауруханаға қабылдану қиынның қиыны. Портал сұрайды. Ол дегенің бір жарым айда дайын болады. Ал оны дендеген ауруың күтпейді ғой. Бір сөзбен айтқанда, «басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен ісі жоқтың» кері болып жатады.

Әйелім Мейіркүл Асқарова III топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Менің жәрдемақым 33 мың, жұбайымдікі 18 мың теңге. Мемлекет тарапынан қол жеткізіп жатқан көмегіміз осы. Мүмкін бұдан да басқа беріліп жатқан көмектер бар шығар. Бірақ, біз оны білмейміз. Білу үшін өзімізге қарасты (Еңбекші ауданы) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барсақ, дұрыс мәміле жасамайды. Мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан көмекті құдды өз қалталарынан беріп жатқандай сыңай танытады. Анық ақпарат бермейді. Мәселен, әлеуметтік такси бар екенін сізден естіп отырмын. Мүмкін, ол жерде де «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер бар шығар…

«ХҚКО» — ның ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтерін үйінен шықпай – ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсаңыз болады. Осылайша сіз қажетті мемлекеттік қызметтер туралы кеңес алып, өзінізге керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере аласыз. Осыдан кейін ХҚКО қызметкерлері Сізге хабарласып, мемлекттік көрсетілетін қызметті алу үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл үдеріс 72 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады».

Облыста 2015 жылдың I жартыжылдығына мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 110369

16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 15186

I топта ересек адамдар саны – 7977

18 жасқа дейінгі I топтағы балалар саны – 185

II топта ересек адамдар саны – 44534

18 жасқа дейінгі II топтағы балалар саны – 558

III топта ересек адамдар саны – 41080

18 жасқа дейінгі III топтағы балалар саны – 849

Жұмыс жасындағылар – 70 826

Жұмысқа жарамдылар – 39 664

Жұмыс жасайтындары – 11 924

Жұмыссыздары – 27 740

Жұмыссыздардың жоғары оқу орнын бітіргендері – 2176

Арнайы орта білімі барлар – 4850

Орта білімі барлар – 20 814

18-29 жас аралығында жұмыссыздары – 5428

30-40 жас аралығында жұмыссыздары – 5902

41-50 жас аралығында жұмыссыздары – 8177

51 жастан жоғары жастағы жұмыссыздары – 8233

Облыста 7 әлеуметтік такси қызмет етеді

Құжатыңызды дайындаңыз!

Мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және оны куәландыру (қайта куәландыру) мен қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау кезінде мынадай құжаттарды ұсыну керек:

1) Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігінің көшірмесі және медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама;

2) Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

3) Тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжат (мекенжай анықтама немесе ауылдық әкiмнiң анықтама). Адамды түзеу мекемесінде немесе тергеу изоляторында ұстау фактісін растайтын анықтама;

4) Ауру динамикасын талдау үшін амбулаторлық пациенттің медициналық картасы. Егер болған жағдайда ауру тарихынан үзінді көшірмелердің, мамандардың қорытындылары және зерттеу нәтижелерінің көшірмелері.

Бұдан басқа мынадай құжаттар ұсынады:

1) Жеке сәйкестендіру нөмірінің көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы (жеке басын куәландыратын құжатта жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда);

2) Медициналық ұйымға бекіту анықтамасының көшірмесі (талоны) тұрғылықты (тіркелген) жерінен тыс МСАК ұйымдарына бекітілген жағдайда;

3) Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын (анықтамасы) жұмыс істейтін адам ұсынады;

4) Еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі немесе еңбек сипаты мен еңбек жағдайлары туралы мәліметтер (жұмыс беруші толтырады). Алғашқы куәландыру кезінде еңбек ету жасына жеткен адам ұсынады (болған жағдайда). Бұларды өндірістік жарақаттар немесе кәсіптік аурулар болған жағдайларда ұсыну міндетті;

5) ДКК қорытындысы әзірленген күннен бір айдан кешіктірмей ұсынылған консультацияға бағыттаған жағдайда. Үйде куәландырудың (қайта куәландырудың) қажеттігі. ОЖБ қалыптастыру және түзетуге стационарда немесе сырттай бағыттау жағдайында;

6) Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу немесе қатыспау фактісін растайтын құжат. Осы әлеуметтік тәуекел бойынша жалпы еңбек ету қабілетінің дәрежесі (бұдан әрі – ЖЕА дәрежесі) алғаш рет белгіленген жағдайларда ұсынылады;

7) Жазатайым оқиға туралы актінің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан адам осы сақтандыру жағдайы бойынша алғашқы рет КЕА дәрежесін белгілеу кезінде ұсынылады;

8) Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығының берілгеніне екі жылдан аспаған қорытындысы (еркін нысанда) кәсіптік ауруға шалдыққан адам ұсынады;

9) Себеп-салдарлық байланысты белгілеген тиісті қызмет саласындағы уәкілетті орган берген құжат жараланумен, контузиямен, жарақаттанумен, аурумен байланысты мүгедектіктің себебін анықтау үшін бір рет беріледі;

10) Еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде алған жарақаттанумен, аурумен себеп-салдарлық байланысы туралы соттың шешімінің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы жұмыс беруші жеке кәсіпкердің жұмысы тоқтатылған немесе заңды тұлға жойылған жағдайда өндірістік жарақат алған немесе кәсіптік аурумен ауырған адам ұсынады;

11) Мүгедектің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру актісі тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ОЖБ-ның әлеуметтік бөлігін әзірлеу үшін мүгедек немесе оның заңды өкілі ұсынады. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды тексеру актісін жергілікті атқарушы органдардың мамандары жүргізеді.

Мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ұсынылған құжаттарды МӘС бөлімдеріне тапсырады.

Әділхан Абайұлы

Редакция

1 пікір

  1. Сəлеметсіздер ме? Сұрағым жауапсыз қалмасыншы өтініш. Əкем 25 жылдан бері 2 топтағы мүгедек. Диагнозын эпилепсия деп берген. Бірақ куніне кем дегенде 1-2рет талып есін білмей бəрін қиратып өзіне өзі келмей аурады. Анам алаңсыз жанында. Анам əкемніңжанынан шыға алмайды, жалғыз қалдыру мүмкін емес. Соның əсерінен анам жұмыс жасамайды. Көмек ретінде анама күтіп бағушы тарифтері қарастырылған ба? Рахмет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *