Жұмыстан шығып қалсаңыз…

Газетіміздің редакциясына қоңырау шалушы оқырмандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алып тұрады. Бұл жолы оқырмандардың сұрауы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда тағайындалып, төленетін әлеуметтік төлем жайлы сұрақтарға зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың ОҚО филиалы директорының орынбасары Жомарт Үмбеталиев жауап берді.

Жұмыстан шығып қалсаңыз...Сұрақ:

– Кәсіпорынның жабылуына байланысты жұмысынан айырылған адамға қолданыстағы заңға сәйкес қандай төлем қарастырылған?

Жауап:

– «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңға байланысты егерде жұмысшы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса және жұмыстан шыққанға дейін ол үшін кәсіпорын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым жасап отырса оған мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем төленеді.

Сұрақ:

– Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қайда және қандай құжаттар ұсыну қажет?

Жауап:

– Жұмысынан айырылған жағдайда өтініш беруші тіркелген мекенжай бойынша зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы аудан немесе қала бөлімшесіне әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін құжат өткізеді. Қажетті құжаттар:

– Жеке басын куәландыратын куәлік;

– Тұрғылықты жері туралы мәліметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық округ әкімінің анықтамасы);

– Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгендігі жайлы анықтама;

– Банктік шотының нөмірі;

Сұрақ:

– Әлеуметтік төлем қай уақыттан бастап төленеді?

Жауап:

– Жұмыстан шыққан адамға әлеуметтік төлем жұмыссыз ретінде уәкілетті органға тіркелген күннен бас-тап төленеді. Айта кетерлігі, жұмыссыз адам тіркеуден өткеннен кейін жұмыспен қамту бөліміне 10 жұмыс күн ішінде жұмыссыз ретінде белгіленуі керек. Ал, ауылдық жерде тіркелген жұмыссыз кем дегенде айына бір рет ауылдық округ әкіміне белгіленіп отырады.

Сұрақ:

– Әлеуметтік төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

Жауап:

– Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік аударым обьектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін тиісті табысты ауыстыру коэффициенттері (оның мөлшері 0,3) орташа табысына көбейту арқылы айқындалады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының коэффициент өтілі мынадай болып есептеледі:

– 6 айдан кем болғанда — 0,1

– 6 айдан 12 айдың аралығында – 0,7

– 12 айдан 24 айдың аралығында – 0,75

– 24 айдан 36 айдың аралығында — 0,85

– 36 айдан 48 айдың аралығында — 0,9

– 48 айдан 60 айдың аралығында — 0,95

– 60 ай және одан көп айларға — 1,0

Орташа табысын анықтау соңғы 24 айдың табысын 24-ке бөлу арқылы анықталады.

Сұрақ:

– Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қанша уақытқа төленеді?

Жауап:

– Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалып және төленеді:

* 1 айға, егерде МӘСҚ-ке 6 айдан 12 айға дейін аударым жасалынса;

* 2 айға , егерде МӘСҚ-ке 12 айдан 24 айға дейін аударым жасалынса;

* 3 айға, егерде МӘСҚ-ке 24 айдан 36 айға дейін аударым жасалынса;

* 4 айға, егерде МӘСҚ-ке 36 ай және одан да көп айға аударым жасалынса.

Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу 6 айдан кем болған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалмайды. Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемнің мерзімі 4 айдан аспайды.

Лаура Сапарбекова

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *