Жұмыссызы жоқ Азаттық ауылы

Күнгейдегі көрікті мекендердің бірі Түлкібас ауданындағы Азаттық ауылы былтыр облыс бойынша «Үздік ауыл» атанды. Өңірімізде 932 ауыл барын ескерсек, солардың арасынан қара үзіп шығу үлкен абырой, әрине. Мақтаулы ауылға ат басын бұрғанда көргенімізді айтсақ, көңіл сүйсінеді. Күре жолдың бойын жағалай орналасқан ауыл тазалығымен тәнті етердей. Көшеге көрік беріп тұрған дарақтарды күз түспей тұрып күзеп қойыпты. Ауыл деген аты болғанымен қаладағыдан жағдайы жақсы. Ауылда көгілдір отын мен ауызсу мәселесі түбегейлі шешілген. Ауыл тұрғындары таңмен таласа тұрып, тырбанып еңбектенуді серік еткен. Еңбекқор екендіктерін сәулеті жарасқан үйлерінен-ақ білуге болады. Қас беті қасаң болып, күйі кеткен бір үйді көрмейсің. Бәрі де әктеліп, сырланып, жұтынып тұр. Осыған қарап-ақ ауыл тұрғындарының кәсібіне нәсібі сай екендігін бағамдауға болады. Ақжаулықтылары бала басын көбейтуге келгенде алдына жан салмайды. Бөріктілері пұл табуға келгенде бәрінен озат. Сөйтетіндей де жөні бар. Т.Рысқұлов ауылдық округ аумағында бүгінде 7227 жан бар болса, осы аумаққа кіретін бір ғана Азаттық ауылының өзінде 4250 тұрғын бар. Ал еңбекқорлық жағынан дес бермейтіні тағы бар. Өйткені азаттықтардың арасында жұмыссыз жүргені жоқ. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар көп. Бір ғана «Ырыс» МҚҰ-нан 500 отбасы несие алып, мал бордақылаумен айналысуда. Сондай-ақ қаншама адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Республикалық маңызы бар күре жолдың бойында орналасқандықтан мұнда күні-түні көлік ағыны үзілмейді. Осыны тиімді пайдалануды көздегендер есік алдынан бірі дүкен, бірі дәмхана ашып, кәсіпкерліктің көрігін қыздыруда. Самсахана ашып саудасын гүрілдетіп жатқандардың да қарасы қалың. Қай-қайсысын алсаң да алдынан адам үзілмейтіні көрініп тұр.

Тұрғындардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп, ала жаздай еңбектенетін диқан қауымның аудан қамбасын толтыруға қосып жатқан еңбегі орасан. Шетінен шешен сөйлеп, көшелі көрінетін, көшедегісінің өзі көсем сөз сөйлеп, бірлікпен бітімгершілікке, тірлікпен ымырашылдыққа ден қойған жұрт. Көп ұлтты, аралас тұратын ауыл ынтымақты. Қазаны қайнап, қонағы үзілмейтін киелі мекен.

Түтіні түзу шыққан ауылда күмбезі күнге жарқылдаған мұнаралы мешіті бар. Мешіт бар жерде ғибадат, ғибадат бар жерде әдеп болатыны белгілі. Ал, әдеп бар жерде жақсы әдет болатыны анық. Жас-тары имандылыққа ұйыған. Жат әдеттен аулақ. Мешітте қайырымдылық қоры бар. Қамқорлыққа зәру жандарға көмек қолын созатын…

Мақұлбек Аманов, Т. Рысқұлов ауылдық округінің әкімі:
– Ауылдың бұрынғысын бүгінгісімен салыстыруға болмайды. Өрлеу бар, өсу бар. Ең алдымен халыққа аса қажетті нысандарды іске қосуды орайластырдық. Жекенің қолына өтіп кетіп 18 жыл бойы бос тұрған нысанды қайта құрылымдау жүргізіліп, әкімшілік ғимараты ретінде пайдалануға берілді. Бүгінде мәдениет үйі де халыққа қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек медициналық бөлімше, дәріхана, шаштараз, жастардың спортпен айналысуы үшін арнайы бөлмелер ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінде Навои атындағы жалпы орта мектебі үш ауысымда оқытады. Бала санының артуына байланысты алдағы уақытта 600 орындық мектеп салу жоспарымызда бар. Жер телімі дайын. Ауылдық округтің бюджеті шағын. 4 салықтан алым алынады. Былтыр 11 млн теңге түседі деп жоспарланған болатын, 12 млн теңге салық жиналды. Ауылда жас отбасылар санының артуына байланысты жер телімдерін бөлу жоспарланып отыр.Бұл үшін 37 гектар жер бөлінген. Алдағы уақытта әр отбасыға 10 сотықтан жер бөлуді қарастырып жатырмыз. Сол үшін әрине инфрақұрылым жасалуы тиіс, алдымен. Қимылдағанның қыр асатыны анық, ауыл тұрғындары еңбекқор, әрқайысы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Былтырғы жылы үздік ауыл атанғанымыз жұмысымызға серпін берері анық. Алда атқарылар ауқымды жоспарлар көп.

Бүгінде ауыл тұрғындарының 250-і жер кезегінде тұр. Жұмыс жүйелі жүргізілсе олардың барлығы да жер алып, үй тұрғызбақ. Ауылдың аумағы одан сайын үлкеймек. Ауыл-да екі мектеп, бірнеше бала-бақша жұмыс істейді. Заман талабына сай жабдықталған білім бесігінде оқушылардың сабақ үлгерімін жақсартуға бар жағдай жасалған.

Былтыр Навои атындағы жалпы орта мектебі ауданда ҰБТ қорытындысы бойынша 14-орынға тұрақтады. Ауылда «Майлыкент» сүт өнімдерін өңдеу зауыты жұмыс істейді. Ірі қара мал ұстайтындар сүтті осы зауытқа өткізеді. Мұнда қаймақ, айран, ірімшік, өндіріледі. Тек ауданды ғана қамтып қоймай облысты сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Өмірі жайнаған, тірлігі қайнаған озат ауылдың озық тәжірибелері жетерлік. Алдағы уақытта бұдан да игілікті істердің ұйытқысы болмақты мақсат тұтып отырған жайы бар.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *