Жұмыссыздарды жарылқайтын жоба туралы 6 сұрақ

7 цонЕл Үкіметі 2014 жылдың басында «Өрлеу» жобасын бекітті. Алғашында тек бір­неше облыста ғана пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізілді. Өткен жылдың ортасынан бастап еліміздің барлық өңірін­де іске қосылды. Осы жоба турасында сіз бен біз білуге тиіс бір нәрсе, бұл – тұр­мыс жағдайы төмен отба­сылардың әлеу­меттік жағдайын жақсарту жобасы. Отбасы мүше­леріне жұмыс тауып беріп, соның негізінде ақша төлеу. «Оңтүстік Рабат» газетінде бұл жоба туралы бірнеше мақала жарық көрді. Әйткенмен, жаңа жоба болғандықтан, жұрт­шылықтың түсінбеген сауалдары баршылық. Осы себепті де, редакциямызға келіп түскен сұрақтарды топтастырып, жауабымен жариялап отырмыз. Мемлекет қазынасына арқа сүйеген жалқаулықтан арылтып, еңбектенуге шақы­рады деген жобаға қатысты сұрақ­тарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы басшысының орынбасары Полатов Сәтжан Мұхтарұлы жауап береді.

7 Сатжан полатов

Сәтжан Полатов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы басшысының орынбасары

Сұрақ:
— «Өрлеу» бағдар­ламасы жайлы егжей-тег­жейін түсін­діріп беріңізші?

Жауап:
«Өрлеу» жобасы аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолдау көрсету ретінде жүзеге асырылып жатыр. Оларға төленіп отырған төлемнің жаңа түрі. Яғни, бұрынғы атаулы әлеуметтік көмек пен «Өрлеудің» айырмашылығы көп. Мысалы, бұрын­ғы атаулы әлеуметтік көмекті табысы жан басына шаққанда күнкөріс денгейінің 40%-на жетпеген отбасылар алатын. Ал, отбасы табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда 60%-дан төмен, 11262 теңгеден төмен болса немесе сол отбасыда жұмыссыз азамат болса, олар «Өрлеу» жобасына қатыса алады. Жобаның негізгі мақсаты – жағдайы төмен отбасыға қаржылай көмек көрсету, екіншіден сол жанұядағы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту. 2015 жылдың екінші жартысынан Оңтүстік Қазақстан облысының үш ауданында: Сарыағаш, Төлеби аудандары және Арыс қаласында жүзеге асты. Биыл да жалғасатын болады. Былтырғы атқарылған жұмыстар өз нәтижесін берді. Соған қарай биыл тағы төрт ауданымызды бұл жобаға қосып отырмыз. Олар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Қалған 11ауданда жергілікті бюджеттен шамалы көлемде қаржы қаралып, пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Түпкі мақсат — 2018 жылы әлеу­меттік саясатты жаңғырту. Келер жылы әлеуметтік төлеу жүйесі біріктіріліп, бірыңғай төлем жүйесі болады. Қазіргі жобалар соған дайындық ретінде жүргізілуде.

Сұрақ:
Қандай құжаттар керек?

Жауап:
Ең алдымен, жұмыспен қамту орталығына немесе аудан-қала әкімдіктеріне, ауыл округі әкім­діктеріне өтініш береді. Кірістерін дәлелдейтін құжаттарын өткізе­ді. Отбасы құрамы жөнінде анық­таманың көшірмесі керек. Оларды ары-бері әуре қылмайды. Өйткені, бірінші ұсынғанда көп құжаттар талап етілмейді. Ауыл округі жанында учаскелік инспекция бар. Олар өтініш берген азаматтың отбасы жағдайын барып көреді. Мал шаруашылығы, көлігі немесе қандай да бір табыс көздері бар ма дегендей. Арнайы бекітілген нормативтер бар. Сол нормативтерге қарай кіріс көздері тексеріледі. Содан кейін аудандық, қалалық жұмыспен қамту бөлімдеріне құжаттары өткізіледі. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту бөлімдеріндегі ақпараттық базада әр құжатта көрсетілген ЖСН бойынша басқа жақтан қандай табыстар түсіп жатқандығының барлығы көрінеді. Содан кейін шешім шығарылады.

Сұрақ:
— «Өрлеу» жобасына қатысу үшін қандай талаптар қоясыздар?

Жауап:
Бұл жобаға ең алдымен аз қамта­масыз етілген отбасылар қатысады. Сонымен қатар, жобаға қатысу үшін отбасы құрамында еңбекке қабі­летті жұмыссыз азамат болуы тиіс. Өйткені, жаңа жобаның тағы бір мақсаты — масылдықты жою. Яғни, «Өрлеу» бағдарламасына қатысу арқылы сол жанұядағы еңбекке қабілетті адам жұмысқа тартылады. Ол жұмыспен қамтылғаннан кейін ол отбасы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын болады. Табыс көлемі аз, отбасында жұмыссыз азаматы бар отбасылар алғаш өтініш білдірген уақытта олардың кіріс көздері есептеледі. Барлық кіріс көздері есептелгеннен кейін барып, адам басына бөлінеді. Сонда жаңағы айтылған 60%-ға, яғни 11262 теңгеге жетпесе, олардың табысы мен 11262 теңгенің арасындағы айырмашылық төленеді. «Өрлеу» жобасына қатысатын азаматтармен бір жылға келісімшарт түзіледі. Естеріңізде болса, атаулы әлеуметтік көмек алатындар әр тоқсан сайын құжат өткізетін. Егер алдыңғы тоқсанда табыс асып кетсе, кейінгі тоқсанға олар қаржы алмайтын. Ал, бұл жобада бір жылдық келісімге тұрады. Бір жыл бойы ол атаулы көмек, яғни шартты атаулы көмекті алады. Сонымен қатар, жұмысқа тұрғаннан кейін айлығын да алып отырады. Яғни, жыл бойына екі жақтан табыс кіреді.

Сұрақ:
Бала күтімі бойынша дек­реттік демалыстамын. Ал, жолдасым жұмыссыз. Біз осы жобаға қатыса аламыз ба?

Жауап:
Міндетті түрде. Бірақ, алдымен, отбасының табыс көзі есептеледі. Егер сіздердің табыс мөлшеріңіз 60%-ға жетпесе, онда қатыса аласыз. Отбасындағы жұмыссыз азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Негізі жұмыспен қамтылады деген ұғым, ол — терең ұғым. Бұл жерде ең бірінші кезекте, мамандығына сәйкес тұрақты жұмыс ұсынылады. Болмаған жағдайда мамандығына сәйкес келеді-ау деген тұрақты орындар ұсынылады. Егер тұрақты жұмыс болмаған жағдайда, әлеуметтік жұмыс орындары, уақытша жұмыс орындары, маусымдық жұмыс орындары, ақылы қоғамдық жұмыс, сонымен қатар, «оқып, білім аламын» десе, кәсіби даярлаудан өтуге өтініш беруіне, «несие алып, өз ісімді жүргіземін» десе, онда оған түрлі ұсыныстар жасалады.

Сұрақ:
— Түзілген шарт қан­дай жағ­дай­да тоқта­тылады?

Жауап:
«Өрлеу» жобасына қатысуға ниет білдерген азаматтар жұмыс беру орталығымен әлеуметтік келі­сім­шартқа тұрады. Ал, бағдар­ламаға қаты­­­сушы сол тапқан жұм­ы­­сына баруға мін­деттеледі. Егер келісім­шарт­тағы талаптарды орын­­даудан бас тартқан жағдайда, шарт­ты ақша­лай төленетін көмек тоқта­тылады.

Сұрақ:
— Көпбалалы анамын. Күйеуім жұмыс істемейді. Бұл жобаға қатыса аламын ба?

Жауап:
Әрине. Күйеуіңіз жұмыс жасамаса, тапқан табыстарыңыз бір органда тіркеліп тұрса, мәселен: сіз көп балалы анасыз, сізге мемлекет тарапынан төленетін қаржылай көмектер, отбасы құрамында зейнет жасындағы кісілер болатын болса, зейнетақысы, студент бар болса, шәкіртақысы, мүгедектер бар болса, мүгедектікке алынып отырған қаржылай көмектер, жалпы осы табыстардың барлығы есептелінеді.

Жазып алған – Жәмила Майлыбаева

Редакция

1 пікір

  1. Сəлеметсіздер ме! Мен 4 сəуір 2017 жылы Өрлеу бағдарламасы жөнінде ақша алдым 287 000тг почтадан. Сөйтіп, ақшаны түсірген адамдар: ақша артық түсіп кетті -деп 55 400 тгсін алып қойды. Сол дұрыс па?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *