Жұмыссыздар салық төлеуі тиіс пе?

7 (2)Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар да мемлекетке салық төлеуі тиіс. Бұлай деп өткен аптада Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Алқа мәжілісінде вице-премьер Дариға Назарбаева айтқан болатын. «Ресми жұмыс істеп, салық төлеп жүрген азаматтар секілді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар да тегін медициналық көмек алып, олардың балалары ақысыз білім алуда, мамандыққа тегін оқытылуда, сондай-ақ, елдің бюджетіне ештеңе де салмастан, әлеуметтік қорғауға, зейнеткерлікке үміттенеді» деген Д.Назарбаева мұны әділетсіздік деп есептеді. Алайда, мемлекеттен бір тиын сұрамай, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар салық төлеуге қаншалықты міндетті? Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар туралы не білеміз? 

Бүгінде республика халқының 2 млн 700 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтитындар санатында. Бұған дейін мұндай азаматтар жұмыссыздар қатарына жатқызылмаған. Яғни, ортақ пайыздық көрсеткіште бұлардың да үлесі бар. Ал, жуырда өткен Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздар қатарына жатқызылатын болады» деп мәлімдеді. Демек алдағы уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар ресми түрде жұмыссыз болып саналады.
Ал, ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Статистика агенттігінің соңғы деректері бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр.
Жалпы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер дегеніміз – бұл өзінің қызметін өзі ұйымдастырып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін адамдар (жеке шаруашылықтың болуы, еңбек демалысы уақытында жұмыс жасау, тойларға шығып өлең айту, т.б.). Оларға жеке кәсіпкерлер, қазіргі кездегі асабаларды, сатушыларды, такси жүргізушілерін, т.б. жатқызуға болады. Жұмыс орындарына деген сұраныстың қанағаттандырылмауы халықтың өзін-өзі жұмыспен қамсыздандырудың өсуіне әкеліп соғады. Оның дамуы экономикалық және әлеуметтік факторларға да байланысты.
Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтуға көшудің себептеріне мыналарды жатқызуға болады:
1) өмір сүруге деген қаржының жетіспеуі;
2) жалақының және зейнетақының кешіктірілуі;
3) жұмыстан шығып қалу нәтижесінде жұмыстан айырылу немесе қысқартуға ұшырау;
4) жоғарғы жалақыны іздеу;

file_4288x2844_000168

Асылжан Жамалбеков

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мекемесінің директоры:
— Халықты жұмыспен қамтудың 2016 жылға арналған кешенді жос-парына сәйкес, 11592 азаматтарды жұмыспен қамту жоспарланса, қаңтар-ақпан айларында нақты 3379 азамат жұмысқа орналасты. Оның ішінде, тұрақты жұмыспен 1277 азамат қамтылып, тапсырма 118 %-ға жетіп, артығымен орындалды. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспар бойынша 1160 нысаналы топтағы жұмыссыз азаматтарды жіберу көзделсе, 1007 азамат жолданды.

7канат

Қанат Елшібек

Қанат Елшібек, фотограф:
­— Мен жеке фотограф ретінде мемлекетке салық төлеуге қарсымын. Өйткені, кәсібім үшін қажет заттарды өзімнің қаржыма сатып аламын. Шетелден де алдыратын кездер болады. Бастапқыда азғантай ғана ақшамен бастадым. Күндіз-түні жұмыс істеп, өз-өзімді жұмыспен қамтып келемін. Жұмыссызбын деп қол қусырып отырған жоқпын. Өйткені, мемлекеттік жұмысқа орналасу оңай емес. Оның үстіне бос жұмыс орындары да санаулы. Сондықтан да, жеке шаруамен айналысудамын. Алайда, өз күшіммен тірнектеп жинаған қаржыдан мемлекетке салық төлегеніміз дұрыс емес. Өйткені, біз есеп бойынша жұмыссыздар қатарына кіру керекпіз негізі. Ал, зейнетақы мәселесіне келсек, қартайғанда осы елдің азаматы ретінде ең төменгі зейнетақыны алуға құқығымыз бар деп есептеймін.

7жандос асаба

Жандос Өсербаев

Жандос Өсербаев, асаба:
­— Асабалықты кәсіп етіп, өз нәпақасын тауып жүрген асабалардың қалтасына Үкімет қол салмай-ақ қойса деген пікірдемін. Өйткені, асабалық тұрақты жұмыс емес, екіншіден, бізге мемлекет қамқорлық жасап, айлық төлеп жатқан жоқ. Түнімен тойда болып, көптің көңілінен шығып, ешкімге жалынбай, өз арбасын сүйреп жүрген асабалар ертесіне салық төлеп жатса, ол әділетсіз деп есептеймін. Онсыз да бізден бөлек мемлекетке салық төлейтін ірі жеке кәсіпорындар мен компаниялар да жеткілікті.

7 айсәуле

Айсәуле Молдабаева

Айсәуле Молдабаева, сатушы:
­— 5-6 жылдан бері саудамен айналысамын. Жеке кәсібімді бастағалы бері тиісті орындарға заңды түрде тіркеліп, мемлекетке салық төлеп келемін. Кез келген жұмыс түрінің заңдастырылғаны дұрыс. Әрине, біздікі ресми қызмет емес. Мемлекет жұмыспен қамтып отырған жоқ. Өз-өзін жұмыспен қамтитындар қатарындамыз. Дегенмен, біз салық төлеуге, ай сайын зейнетақы қорына ақша аударып тұруға міндеттіміз. Өйткені, қартайып, жұмысқа жарамсыз болған кезде оның қайтымы болады. Сондай-ақ, бәріміз де емханаларда тегін медициналық тексеруден өтеміз.

Негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың көпшілігі қызметтерін заңдастырғысы келмейді. Сұрастырғанымызда бірнеше себептерді айтты. Атап айтсақ, жалақыға салынатын қосымша құн салығының көп болуы, зейнетақы қорына төленетін міндетті төлем, қызметін заңдастыру үшін жинауға кететін уақыт. Мәселен, жеке көлігімен такси жүргізушісі болып қызмет көрсететіндерді алсақ, егер олар қызметін заңдастыратын болса, жолақыға алынатын баға да қымбаттайды. Өйткені, ол жеке кәсіпкер ретінде салық төлеуі керек, зейнетақы қорына міндетті төлемді аудару керек, сол себептен көрсететін қызметінің бағасы да жоғары болады. Ал, қарапайым халық көбіне арзан қызметке жүгінеді.

Гүлнұр Сәтбаева

Шымкент қаласында жұмыссыздар саны — 20,1 мың., өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар — 98,8 мың адам. Жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрайды.

2015 жылдың соңында облысымызда жұмыссыздар саны — 64,3 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі белсенді халық санының 5,6%-ына тең. Ал, жасырын жұмыссыздық көрсеткіші экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,2%-ын құраған.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *