Жұмыссыз қалмаудың жеті амалы

Соңғы кезде дағдарыс деген сөзді жиі еститін болдық. Мемлекеттің экономикалық жағдайы, үнемдеуге көшкен ел бюджеті, әлемдік діни ахуал, тағысын тағы… Ал осындай кезеңде жұмыссыз қалсаңыз, тіптен қиын. Өйткені, дайын тұрған бос жұмыс орны бірден табыла қоймайды. Бірақ, адам баласы өмірде қандай жағдай болмасын қездесетін қиындықтарға дайын тұруы керек. Дағдарыс пен саяси оқиғаларды сылтауратып отыра берсеңіз, ешкімнің мұрты қисаймайды. Және бұл жалқаулардың ісі екенін қазір бәрі біледі. Мәселен, сіз өзіңіздің мықты маман екеніңізге сенімді болсаңыз, кез-келген мекемеге жұмысқа орналасуға мүмкіндігіңіз бар. «Қалай» дейсіз ғой?

Жұмыссыз қалмаудың жеті амалыЕң алдымен тиянақты түрде түйіндеме дайындаңыз. Түйіндеме – сіздің есім картаңыз іспеттес. Онда мақсатыңыз, өмірбаяныңыз бен жұмыс тәжірибеңізді, мамандығыңызды, икемділігіңізді ұтымды көрсетіңіз. Сондай-ақ, түйіндеменің әдемі рәсімделуіне де көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Яғни, мекеме басшысы сіздің кім болып істегіңіз келетінін түйіндемені оқу барысында бірден ұғатындай болу керек. Әңгімелесу барысында өзіңіздің қаншалықты ысылған тәжірибелі маман екеніңізді көрсетіп, қандай лауазымды орын мен қанша жалақыға лайық екеніңізді нақты айтып үйреніңіз. Ал егер олай ете алмасаңыз, онда сізге әлі де өзіңізбен жұмыс істеу керек.

Хош, белгілі бір деңгейде қарқынды дамып келе жатқан кез-келген елдің экономикасында баяулайтын кезеңдер болады. Одан шығудың мемлекет түзген жолы, арнайы бағдарламары бар. Ал сіз қысқартуға ұшырап, жуық арада басқа жұмыс таба алмасаңыз, онда қайтпек керек?

Сарапшылар дағдарыстың өзін уақытша, әрі жаңа мүмкіндіктерге ашылатын екінші бір жол деп қарастырады. Осы орайда күні кеше ғана Елбасы: «Дағдарыс өзінің теріс салдарымен бірге отандық экономиканы қайта құрылымдау үшін, оның бәсекелік қабілетін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Өзінің бәсекеге қабілетін көрсеткен күшті компаниялар ғана қалатын уақыт келді. Қалғандары кетуі тиіс, олардың орнына заманауи менеджмент, жаңа маркетингтік стратегия, жаңа мамандар әкелетін жаңа басқарушылар келеді. Бұл үдерістердің айқын регламенттелуі және ашық заңнамалық негізі болуы тиіс», – деп айтып өткен болатын.

Дағдарыс деп атап отырған сәттің өзі біздің мына сүріп жүрген өміріміз, бүгінгі сәтіміз. Оның қиындығын күтіп отыру ақылға қонымсыз. Сондықтан, ойда жүрген жоспарларыңыз болса, бүгіннен бастай берген жөн. Себебі, дағдарыс тек экономикалық мәселе емес, ол мүмкіндік те. Адам қиын шақта сыналады. Өтпелі кезеңде адамдар банкротқа ұшыраумен қатар, есепсіз де байып жатады. Айталық, 90-шы жылдары «олигарх» деген ұғым тәуелсіздігімізбен қатар енді емес пе?! Демек, жұмыстан қысқарып қалсаңыз, жаңа мүмкіндіктерге, жаңа ортаға, жаңа таныстықтарға жол ашылды деп есептеген дұрыс. Жергілікті «Шара-бара», «Рио» газеттері мен «olx.kz», «Маркет.кз», т.б. жарнамалық сайттар, телерарналардағы жүгіртпе жолдар, одан қалса аялдамадағы түрлі хабарландырулар арқылы жұмыс тауып алуға болады. Бұл бір. Екіншіден, кез келген компанияға сауатты, білікті, тәжірибелі маман қашан да қажет. Өйткені, қазақ, орыс, ағылшын тіліне жетік мамандар қазір өте тапшы. Егер ол адам өз қабілетіне сенімді болса, онда тіпті өзге аймақтан да батыл түрде жұмыс іздеуіне немесе ұсыныс түссе ауысып кетуіне мүмкіндік мол. Сондай-ақ, жұмыссыз қалсаңыз қосымша мамандық үйреніп, жеке кәсіп ашуыңызға да болады. Ол үшін Шымкент қаласы мен аудан орталықтарынан ашылған Кәсіпкерлік мектептеріне барсаңыз болады. Онда арнайы мамандар мен кәсібін дөңгелеткен азаматтар тегін ақыл-кеңес береді. Одан бөлек, қосымша курстарға барып, біліктілігіңізді көтерсеңіз де ұтылмайсыз.

Кімдер қысқаруға ұшырайды?

Мамандардың айтуынша, дағдарыс кезінде ең бірінші шағын және орта бизнесте жүрген қызметкерлер қысқарады. Себебі жұмыс беруші жеке кәсіпкерлер оларға уақытша қиындықты сылтауратып, еңбекақысын төлемей қоя салуы мүмкін. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, онда ол жерге қайтадан барамын деп үміттенудің қажеті жоқ. Ең дұрысы, сізге басқа жол іздеу керек. Сондай-ақ, өзіңіз жұмыс істейтін серіктестіктер мен компаниялар банкрот алдында тұрған болса да, алдын ала басқа жұмыс қарастыра берген жөн. Егер қысқарту болатын жағдайда жұмыс беруші сізге бір ай бұрын ескерту қағазын беруге міндетті. Сондай-ақ заң бойынша қысқарту жұмыс берушінің тарапынан орын алса, онда белгілі-бір көлемде өтемақы төлеуі тиіс.

Жалпы, дағдарыс жағдайында банк, қаржы қызметінде, консалтинг агенттіктері, инвестициялық-құрылыс компаниялары, сауда және мейрамхана бизнесінде ең алдымен жарнамашылар, пиаршылар, маркетологтар, кадр бөліміндегілер, есепшілер қысқартуға жиі ұшырайды. Компанияда өз ісін баяу, жауапсыз атқаратын мамандар да бірінші кезекте жұмыссыз қалып жатады.

Жұмыссыз қалмаудың жеті амалы

Жұмыстан қысқарып қалмас үшін…

1. Жұмыс орныңыз бар болса, онда кетпей тұра тұрыңыз. Әуелі жұмыс қарастырып, басқа ұсыныс түскен кезде ғана кету керек. Өйткені, сіздің жұмыс іздеуге қанша уақытыңыз кететіні белгісіз.

2. Егер жұмыстан босап қалған болсаңыз, онда жан-жаққа түйіндеме таратып қана қоймай, қайта-қайта қоңырау шалып, сөйлесуге баратыныңыз туралы еске салып тұрыңыз.

3. Жалақы мөлшерін де анықтап алыңыз. Еңбек нарығында өз бағаңызды жоғары көтеріңіз. Ол үшін біліктілігіңіз бен машықтанған маман екеніңізді дәлелдейтін қосымша сертификаттарыңыз болуы қажет. Бастысы, сарапшы әрі алғыр маман екеніңізді көрсете білу.

4. Нәтижелі, өнімді еңбек етіп, дәлелдеу. Дағдарыс кезінде жұмыс беруші жақсы кадрларын бағалай білмесе, онда өзін өзі жарға жыққанмен бірдей болмақ.

5. Қосымша мамандықтарыңыз болса тіпті жақсы. Дағдарыс кезінде кез-келген компанияға жан-жақты әмбебап маман сөзсіз қажет. Қосымша мамандық сіздің екінші бір қырыңызды ашып, мүлде басқа салада өзіңізді байқап көруге мүмкіндік береді.

6. Таныстар мен достықты тек қана әлеуметтік желіде ғана емес, өмірде де арттырыңыз. Түрлі семинар, тренинг, көрме, конференцияларға жиі қатысып, олармен тығыз байланыста болыңыз. Қиын сәтте таныстықтың көмегі тиюі мүмкін. Тіпті, бәсекелес санайтын серіктестермен де әріптестік қарым-қатынас орнатуға болатынын ұмытпаңыз.

7. Өзге аймақтан ғана емес, реті келсе шетелден де жұмыс шығып жатса қарастырып, мүмкіндіктеріңізді сынап көріңіз. Ол үшін әрине рекрутинг компаниялардың хабарландырулары мен жұмыс берушілерге арналған сайттарды жіті қадағалап жүргеніңіз абзал.

Түйін:

Дағдарыс жағдайында халықтың жұмыссыз қалмасы үшін мемлекет отандық кәсіпорындарымен меморандум түзіп, жұмысшыларды мейлінше қысқартпау жөнінде ортақ келісім жасауда. Қолда бар мүмкіндіктерді қарастырып, жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салуда. Сонымен қатар, жұмыс көлемінің азаюына байланысты жұмысшыларды емес, жұмысшылардың жұмыс сағатын қысқарту арқылы орнын сақтап қалу шаралары қолға алынуда.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *