Жұмыс беруші мен жұмысшыны жолықтыратын жәрмеңке

15167734_1824257214487304_7693261152469698329_o-1Таяуда қаламызда Жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге қолына түйіндемесін ұстаған 2000-ға жуық азамат қатысты.

Аталмыш жәрмеңке жылына төрт рет дәстүрлі түрде өтеді. 2000 адам жұмыс іздеп келген жәрмеңкеге 248 әртүрлі мекеме қатысып, 2224 бос орын ұсынды. Ресми дерекке сенсек, 732 адам жолдама алған. Оның 7-і мүмкіндігі шектеулі азамат. Бос жұмыс орындардың басым бөлігі денсаулық сақтау басқармасы, техникалық мамандықтар, білім саласы, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан келіп түскен.

Статистика жөніндегі комитеттің мәліметі бойынша, биылғы мамыр айының аяғында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болып белгіленген. Жалпы жұмыссыздар саны 436,7 мың адам екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеу. Жақсы көрсеткіш пе? Әрине, жақсы! Елімізде жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатыр деуге болатындай. Бірақ оған жақынырақ үңіліп, әр санды жеке қарап көрсек, мүлдем басқа жағдай көрініс береді. Жұмыссыздықпен күресудің ең тиімді шешімі деп келе жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында да осындай былық байқағандар бар екен. Мысалы, ҚР Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, депутат Гүлнар Ықсанова: ««Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өзінің мақсатты топ аудиториясын қамтып отырған жоқ»,- деп мәлімдеді.

Ал біздің қаламыздағы жұмыспен қамту орталығы берген деректерге сүйенсек, жыл басынан бері бағдарлама аясында орталықта 17 000 адам жұмысқа орналасқан. Өткен 3 жәрмеңке бойынша 6500 азамат екі қолға күрек ұстаған. Жылдық жоспарға сәйкес 4443 тұрақты жұмыс орнына, әлеуметтік жұмыс саласы бойынша 1160 азаматты, жастар практикасымен 2070 жас түлекті жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Диплом бар, жұмыс жоқ
Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындарының санына қарап, неге барлығы жұмысқа орналасып кетпейді, неге сәйкестік жоқ деген сұрақ туындайды. Барлығы жұмыс іздеп келген жандардың жасы-на немесе мамандығына келіп тіреледі. Мысалы, жәрмеңкеге келген «Avto.kz» ЖШС-не бірден 30 жүргізуші керек екен, бірақ талабы да зор: жеке көлігімен және жасы 50-ден аспаған болуы керек, «Спецавтотранспорт» ЖШС-де де 26 аула тазалаушының орны бос, оларға да егде жастағылар қажет емес. Ал жастардың мұдай жұмысқа бармайтыны анық, содан келіп жұмыс орындары сол күйі бос болып қала береді.

vlcsnap-2016-11-29-15h54m02s125

Иван ГОРЕЛОВ

Иван ГОРЕЛОВ:

— Жыл басынан бергі болып жатқан жәрмеңке-лердің біразында болдым. Өзім біраз тәжірибем бар жүргізушімін. Жәрмеңкеде менің салам бойын-ша көптеген мекемелерге мамандар керек екен. Жандарына барып сөйлестім, еститін жауабым бір: «Сіз біздің талаптарға сай келмейсіз». Сонда, зейнет жасына шыққанға дейін мен қалай өмір сүруім керек?

Бұл айтылған мәселе тек бір емес, соңғы уақытта көптеген адамды мазалап отырған сұрақ. «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Асылжан Шәріпбекұлының айтуынша, орталыққа келген егде жастағы адамдарға жолдама беріледі, бірақ оны жұмысқа алу, алынбауын жұмыс ұсынушы тарап шешеді. Бірақ осыдан үш жыл алдын 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтудың кешенді жоспары қабылданған еді. Ол жердегі ұсыныстар бойынша, жұмыс істегісі келетін барлық егде жастағы адамдарға жұмысқа тұруы үшін мүмкіндік беру, қарт адамдардың әлеуметтік-экономикалық әрі саяси үлесін тану, ауылдық өңірлердегі өмір мен инфрақұрылым жағдайын жақсарту, үздіксіз білім беру, кәсіби дайындау, зейнет жасындағы адамдардың әлеуеті мен арнаулы білімін пайдалану сияқты жайттарды қамтыған еді. Дегенмен нәтижесі көрінбей тұр.

Жәрмеңкеге ағылған жандардың бір қатары-жастар. Олар да бірден жұмыс тауып кете алмайды. Ақыл ойы жетіліп, күш-қуаты кемеліне жеткен жас адам жұмыс таппаса, қайда барады? Әрине, осыдан барып құқықбұзушылықтардың саны да еселене түседі.

Жұмыспен қамту орталығының директоры Асылжан Жамалбеков жастардың жұмыс таба алмай қиналуының бір-екі себебін түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, бірінші себеп – тәжірибе жинап үлгермеген жас маманға жалақы аз төленеді немесе жұмыс беруші тәжірибесіз маманды жұмысқа алғысы келмейді. Мұндай мәселелерді азайту үшін орталықтың жүзеге асырып жүрген бағдарламалардың бірі — «Жастар практикасы». Бұл бағдарлама арқылы 29 жасқа дейінгі жас мемлекеттен бөлінген қаражаттың көмегімен мамандығы сай келетін мекемеде 6 ай бойы тәжірибе өтуге мүмкіндік алады. Тәжірибе уақыты аяқталғанда жұмысқа орналаса алады. Аталмыш бағдарлама аясында қаламызда 2600 жас оқуға жіберіліп, оның 1250-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Екінші себеп- бізде техникалық, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың нағыз сұранысқа ие екенін жастарымыз түсіне бермейді екен.

«Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша жұмыс аз болса да, сол салаға оқуға түсетіндердің қатары көп. Осы саланы тәмамдаған жастардың бірі-Нұрболат Қыдырбаев.

Нұрболат ҚЫДЫРБАЕВ
— Бұл сала бойынша жұмыс табу өте қиын екенін білемін, бірақ мен соңына дейін барамын. Достарымның көбі жоғары білімі бар болса да, көлік жуушы, даяшы немесе сатушы болып жұмыс істейді. Бұл дұрыс емес. Неше жыл бойы алған білім қайда кетті сонда? Ол жерде өзіңнің, ата-анаңның және ұстаздардың еңбегі қаншама. Егер мамандық бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндігің болмаса, мемелекет ұсынып жатқан бағдарламаларға жүгінуге болады ғой.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасында жұмыссыз халықты қайта оқыту арқылы даярлықтан өткізіп, оларды еңбек рыногында қалыптасып отырған жаңа жағдайларға бейімдейді. Біздің қаламызда да ұсынылып жатқан жұмыстар мен азаматтардың мамандығы сай келмей, осындай оқуға жолдама алғандар бар. Осы жылы қаламызда 1322 азамат, оның ішінде 844 жас қайта оқуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ жұмысқа орналасып жатқандармен қатар, қысқартулар да орын алып жүр. Осы орайда экономикалық дағдарысқа байланысты мекемелерде жұмыс ауқымы қысқарған кезде, жұмысшылар жұмыстан шығып қалмау үшін, жұмыспен қамту орталығы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бір тармағы негізінде азаматтарды 3 ай бойы қайта оқытады. Оқу барысында азаматтар орталықтың қаржысынан шәкіртақы алып отырады. Бұл мерзім-мекемеге аяғына нық тұрып алуына мүмкінідік, ал жұмысшы үшін қосымша біліктілік ұсынады. Айтылған сандарға қарасақ, жақын арада қаламызда жұмыссыздар қалмайтын сияқты. Бұл тек қағаз жүзінде болмасын деп сенейік.

asylzhan-zhamalbekov

Асылжан ЖАМАЛБЕКОВ, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры

Асылжан ЖАМАЛБЕКОВ, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры:

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын үш басты бағытта іске асырып жүрміз. Бірінші бағыт – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Аталған бағыт әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеу бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді. Осы бағыт бойынша, қаламызда 146 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 46-сы жастар. Екінші бағыт-шағын несие беру, яғни кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру. Ниет білдірген азаматтарға ауыл шаруашылығы қоры және «Ырыс» мекемесі арқылы 6%-ға дейін өз кәсібін ашуға көмектесетін несие береміз. Биыл 73 азамат қатысып отыр, оның ішінде 17-сі — жастар. Үшінші бағыт- әлеуметтік бағыт. Бұл бағыт арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысының 30%-ын бағдарлама аясында мемлекет төлеп отырады. Бұл бағыт бойынша 1522 азамат жұмысқа орналасқан болса, оның 844-ін жастар құрап отыр. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығында қосымша қоғамдық жұмысқа орналастыру бағыты бар. Жұмыс беруші мекемелер аталмыш бағыт бойынша жұмысқа орналаса-тын адамдардан еңбек өтілін немесе диплом сұрамайды. Осы жылы мекемелерден 778 өтініш түсіп, барлығы жұмыспен қамтылған.

Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *