Жұмағали Білісбеков, ОҚО мәслихатының депутаты: Ең алдымен ел мүддесі ескерілуі керек

— Халық қалаулысы болу — ең алдымен мойынға ауыр жүк арқалау екені белгілі. Қай аумақта бір мәселе туындай қалса, халық өздері сайлаған депутаттарын іздері хақ. Сайлаушыларыңыз артқан үмітінің үдесінен қаншалықты шығып жүрсіз?
— Облыстық мәслихатқа №4 сайлау округі бойынша сайланған болатынмын. Аталған округ өте үлкен аумақ. Әрі түйіні тарқатылмаған мәселелері шаш етектен десек артық айтқандық болмас. Әрине, бізді ешкім «депутат боласың» деп мәжбүрлеген жоқ. Халықтың мұқтажын, шешілмеген мәселелерін тарқату үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамын. Қаланың күн түсуі тиіс көлеңкелі тұстары маған жақсы таныс. Әкем Дәулетбек — Бәйдібек ауданының тумасы. Кезінде облыстық атқару комитетінде қызмет атқарған. Ел үшін еңбек еткен ардақтылардың бірі. Әкеме арнап Дулати көшесінде ескерткіш тақтайша орнаттық. Ағам Қайырғали Білісбеков кезінде қала әкімінің орынбасары, құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2002 жылы қайтыс болды. Қала шаруашылығының дамуына атсалысқан азаматтардың бірі болған. «Бағалай білгенге бақ қонады» дегендей ағамның тұрған үйіне мемориалды тақта орнаттық. Ал інім Ерғали Білісбеков те біраз жыл қала әкімінің орынбасары қызметін атқарды, шаруашылық саласы бойынша. Сондықтан да бұл сала маған өте таныс… Округ өте үлкен. Нариманов көшесінен басталып, Рес-публика даңғылымен, ары қарай Ташкент трассасынан Ақтас ауылымен шектеседі. Одан мал базары, Бадам өзенінің жағалай қоныстанған Карл Маркс бөлімшесі, Қазығұрт ықшамауданы, Коммунизмге дейін, соңғы нүктесі Айкөл ауылы. Қорғасын зауытының аумағының да шешілмеген мәселесі көп…

Сайлаушыларымның бар өтініш, тілектерін орындауға тырысып келемін. Біраз уақыт бұрын «Карл Маркс» бөлімшесіндегі ішкі орам жолдары жөнделді. Бірақ аяқ жол салуға мүмкіндік жоқ. Өйткені үйлер орталық көшеге дейін шығып кеткен, жүйесіз салынған. Осы ауылдың тұрғындары төбе билерінің айтқанына тоқтайды, жастары мен жасамыстары ақсақалдарын сыйлап үйренген. Жиындарда жұмылған жұдырықтай бірігіп, мәселелерді тез арада шешуге деген ынталары жоғары. Үлкендерін ілтипатпен сыйлайтын жастарына қарап риза боласың. Ауыл ақсақалдары Әділбек Сатыбалды, Сәрсен Ордабеков деген кісілердің айтқаны «заң» іспетті. Солармен ақылдаса келе біраз мәселенің оң бағытта шешілуіне мұрындық болған жайымыз бар. Қазығұрт, Құрсай ықшамаудандарының тұрғындары осында келіп емханаға қаралады. Былтырғы жылы қаражат бөліп емхананы жөндегендей болдық. Дегенмен ескі ғимарат, жанынан қосып сала берген. Тұрғындардың саны артуына байланысты мұнда заманауи стандартқа сай үлкен емхана керек-ақ. Дерті дендеп емделуге келген тұрғындарды толық тексеруден өткізуге мүмкіндік жоқ. Рентгенге, басқа да медициналық құрылғыларға түсу үшін қалаға барулары керек. Тұрғындар мемлекет тарапынан тегін көрсетілуі тиіс барлық қызмет түрлерін ақылы түрде алуға мәжбүр. №49 мектептің ескі ғимаратының орнына ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана ашу бүгінгі күннің ең басты мәселесі болып тұр. Бүгінде ауыл ақсақалдары осы жерді көздің қарашығындай қорғаштап отыр. Қалалық әкімдік жер бөлуі тиіс. Бірақ тұрғын үй алабынан жырақта жатқан бір жерді босатылуы мүмкін деген болжам айтты. Ал ол аумақ ықшамауданнан мүлдем алыста жатыр. Оған жетудің өзі мұң, қоғамдық көлік тарту мәселесін шешу де оңай емес. Ол аумаққа тартылатын инфрақұрылым жүйелері қымбатқа түседі. Бұрын салынған емханалалардың қаржылық жағдайымен танысып шыққан едім. 180 миллион теңгенің төңірегінде екен. Ал қазір құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 250 миллион теңгеге түсуі мүмкін. Бүгінде мұндағы халықтың саны 70 мыңнан асып жығылады. Сондықтан да осында үлкен емхана салдыру үшін облыс әкіміне, қала әкіміне хат жазып, депутаттық сауал жолдап барынша іске асуына күш салудамын. Бәлкім келер жылдың бюджетіне еніп те қалар. Ол енді алдағы уақыттың еншісінде.
— Елдің ертеңіне алаңдап, қолынан келгенше қамқорлық жасап, атақ абырой үшін емес, халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін қалаулылар санаулы ғана. Көп іс тындырып, бірақ атыңыздың аталмауын қалайтын сындысыз. Неге?
— Қала болғаннан кейін өркениеттің игілігін ел көруі тиіс. Бірақ қаланың құрамында болғанымен ауылдағыдан да жағдайы төмен ықшамаудандар бар. Тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалынбаған жағдайда әлеуметтік дүмпу туындауы ғажап емес. Сондықтан да әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін тер төгуге тура келеді… Қазығұрт ықшамауданында да күн түсуі тиіс көлеңкелі мәселелері жетерлік. Әу бастағы жоспарының иі қанбаған. Әр көшеге аяқжолдар салуға болар еді. Бірақ көлік жүретін көшенің өзі тым тар. Сондықтан да мектепке апаратын орталық көшелерге ғана аяқжол салуға мүмкіндік болды. Ал Құрсай ықшамауданы, одан әрі Айкөл ауылында жағдай тіптен мүшкіл. Тіпті өркениеттің өріне шыққан заман болса да әліге дейін майшаммен отырған отбасылар бар. Жаңадан салынып жатқан үйлер бірігіп өзара трансформаторға жалғанған. Оның кейбірі тіпті жекеменшіктің қолында. Басқа тарифпен төлем төлейді. Қымбат бағамен. Бұл да әлеуметтің қалтасына ауыр соғатыны айқын. Ауызсусыз отырған елдімекендер де бар. «Карл Маркс» бөлімшесін бойлай ағатын өзен болған бұрын. Бүгінде ағын су жоқ, қаңсып тұр. Жаны ашымастықтың салдарынан осындай күйге жетіп отыр.
— Ұлттың тұтастығы әмәнда оның дінінің тұтастығынан білінбек. Бүгінде халық анталаған діни секталар мен әртүрлі наным-сенім, үгіт насихатқа ұшырап отыр. Жас өскіндердің сол жат ағымдардың жетегінде кетпес үшін халық қалаулысы ретінде қандай үлес қостыңыз?
— Расында бүгінде бұл – ауыр мәселе. Сапситып сақал өсірген, шолақ шалбар кигендер көбейіп кетті. Ашық күнде адасып жүргендер көп. Санасы солқылдақ, нендей жаңалық болса еріп кетуге дайын тұратын жас өскіндерді дұрыс жолға бағыттай білу керек. Құрғақ сөзбен емес, нақты іспен. Осы аумақтағы мешіттің біраз бөлігін жөндеп, қажетті құрылыс материалдарын алып бердім. Балалардың діни сауатын ашу үшін имамдарға жалақы төлеймін. Бүгінде осында келіп сауатын ашып, түрлі ілім үйреніп, уағызға ұйыған жастардың қатары артып келеді. Теріс жолға түсіп кетпейтіндей балалардың бос уақыты болмауы қажет. Қаладағы түрлі үйірмелерге барып келуге кейбірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан да осы аумақтан біраз спорт нысандарын, мәдениет үйін ашуға күш салып жатырмын.
— Руханият үйін ашу жөнінде мәселе көтеріп жүргеніңізге де біраз уақыт болған құсайды…
— Ия, халықтың рухани дүниесіне демеу болатындай бір руханият үйі керек-ақ. Отбасымен барып, рухани байып, демалып қайтатындай мәдени ошақ жоқ. Қазығұрттағы мәдениет үйі деуге келіңкіремейтін, құрқылтайдың ұясындай ғана бір ғимарат бар. Бірі кітапхана деген аты ғана, ал астыңғы қабатында ардагерлер үйі орналасқан. Кең көлемде жиын өткізерліктей акт залы бар үлкен мәдениет үйінің қажеттілігі сезіледі. Егер жиын өткізу қажет болса мектептің акт залына барады. Негізінде білім бесігіне сырттан адам кіргізуге болмайды. Амал жоқтықтан осындай қадамға баруға мәжбүр. Ақан сері — Отырар көшелерінің қиылысында орналасқан №93 ескі әрі жартылай бос балабақшаның орнына мәдениет үйі мен түрлі үйірме, кітапханасы бар мәдениет үйін ашу қажет. Қазығұрт ықшамауданында 2 спорт алаңы мен Ақжар тұрғын алабына 1 спорт алаңы керек.
— Қайырымдылық жасау ізгі ниеттен туындайтыны анық. Үндемей жүріп үлкен іс тындыратын азаматтардың қатарындасыз…
— Қайырымдылық жасағанда «Оң қолың берген нәрсені сол қолың білмесін» деген қағида бар ғой, дегенмен сұрағыңызға орай айтайын бүгінгі күні Сайрам ауданындағы балалар үйіне қолымнан келгенше көмек көрсетіп тұрамын. Биылдыққа сайлаушыларымның тарапынан 39 арыз, өтініш түсіпті. Жеке жағдайын айтып, көмек сұрап келетіндер де жоқ емес. Бәрінің бірдей талап тілегін орындау мүмкін емес қой. Сондықтан да қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Жуырда Қазығұрт ықшамауданындағы №86 мектепте ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» тақырыбында іс-шара өткен болатын. Оған ОҚО мәслихатының депутаты Шәріпбек Жамалбек, қалалық мәслихаттың депутаты Жандарбек Сыдықов және басқа да ел ағалары қатысты. Президенттің өзі ашылуына қатысқан мектепте «Ағашыммен бірге өсемін. Тәуелсіздікке — 25 тарту» атты акция бойынша 25 түп аққайың және шырша көшеттерін отырғыздық… «Бүгінде «Жан-Ұя» ЖШС құрылтайшысымын. Мақсатымыз құрылыс материалдарының нарығын сапалы тауарлармен толықтыру болып табылады. Мекемеде 86 арендатор бар. Бәрі де өзінің нәпақасын тауып отыр. Кемі 350 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Бәйдібек ауданында асыл тұқымды ірі қара және жылқы өсірумен айналысамын. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында бау шаруашылықтарым бар….
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *