Жұлдызына қарап, мінезін таны

Жұлдызнамаға біреу сенеді, біреу сенбейді. Дегенмен, екі тарап та «жұлдызынамада не жазылыпты» деп, үнемі болмаса да көзі түссе оқи қалатыны бар. Осындайда жиі оқылатын жұлдызнаманың бір түрі, ол — адам тұлғасына қатысты сипаттама. Адамның мінез-құлқын сипаттайтын жұлдыз-жорамалдың бұл түрін сіз де оқыңыз. Бәлкім, болмысыңыздың сыры жұлдызыңызда жазулы болар…

Тоқты (21 наурыз 20 сәуір)
Тоқты жұлдызы белгісіндегілердің көбісі қыңыр және күйгелек келеді. Сырт көзге қарағанда білінбейді. Өйткені, бұл мінездерін ешкімге көрсетпейді, өмірінде бәрі жақсы екендігін салмақты мінезімен жасырады. Ал, шынымен бір істі қолға алса, бар «маскасын» шешіп, алға қойған мақсатына жетпей қоймайды. Тоқтылардың бойында үрей көп. Онысы «биіктен» түсіп қалу қорқынышы.

Торпақ (21 сәуір 21 мамыр)
Торпақтар — өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп шығуға бар күшін жұмсайды. Күмән келтірсеңіз одан құтылмасыңыз анық. Өзін ақтап шығуда дәлелдер келтіруден танбайды. Ол кезде олармен сөз таластырмаңыз. Сабасына түскен соң барып, өз кемшіліктерін түсінеді. Бұл жұлдызбелгідегілер өте жалқау. Бір жерде жатып, ешнәрсе істемеуді жиі армандайды.

Егіздер (22 мамыр 21 маусым)
Жұмыс үшін жанын береді. Көп уақыты жұмыспен кететіндіктен, туыстары мен достарына көңіл бөлмейді. Егіздер өз мақсатына жеткенше жаны жай таппайды, тоқтамайды да. Еңбекқор болғаны соншалықты бір уақытта бірнеше тірлікті қоса атқарады. Онда зерігу деген атымен болмайды. Бір айта кетерлігі, өз табиғатын жақсы біледі. Денсаулығына да күтіммен қарайды.

Шаян (22 маусым 23 шілде)
«Жоқ» деген сөзді шаяндар ешқашан айта алмайды. Іштей оның дұрыс еместігін түсініп тұрса да, басын шұлғудан аса алмайды. Өйткені, олардың табиғатынан ұялшақ мінезі бар. Қадір тұтатын адамына бағынуға дайын. Егер тілін тапса, шаяндардан көп нәрсе үйренуге болады.

Арыстан (24 шілде 23 тамыз)
Дарынды және шығармашылыққа жаны жақын арыстандар өкпе-ренішті ұнатпайды. Басынып, артық әңгіме айтушыларды орнына тез қояды. Бұл жұлдызбелгідегі жандар әділ және ақылды адамдарды бағалайды. Екіжүзділерді олар ұнатпайды. Кейбір арыстандар тәккапар және өзімшіл. Сондықтан олармен араласатындар аз. Тек жақын достары ғана мақтау айтып, арқасынан қағады.

Бикеш (24 тамыз 23 қыркүйек)
Бикештер өте ұсақ адамдар. Әр істің бүге-шүгесіне дейін мән береді. Әрдайым барлығы қолымнан келеді деген пікірде. Ақыл айтып, кеңесін ұсынғандарға «әркімнің ақылы өзіне» деген жауап қайтарады. Алайда, бір жақсы қыры өз қателіктерін мойындай алады. Кейде оларға қырықтан асқан соң ақыл кіреді. Бұл белгідегілер шаршау дегенді білмейді. Мұның соңы жақсылыққа әкелмеуі мүмкін. Не болмаса шығармашылықта рекорд жасайды.

Таразы (24 қыркүйек 23 қазан)
Таразылар – еңбекқор жандар. Олардан сыйқыршы шығады. Математикадағы түрлі есептерді оңай шығарады. Есепші, заңгер мамандығын таңдаса, көптеген жетістікке жетеді. Бір кемшілігі, қай істі болмасын оңы мен солын таразылайды. Әлсіз тұсы барлығына күдікпен қарайды.

Сарышаян (24 қазан 22 қараша)
Сыншы, бәлеқор, манипуляторшылар. Ақылымен талай биікті бағындырады. Егер өз-өзін дер кезінде қолға алмаса, әуелде өз уына тұншығуы әбден мүмкін. Кейде мейірімді болып, пікір таластыруды доғарады. Осы арқылы бойындағы кемшіліктермен күресуге тырысады. Нәтижесінде күтпеген келіссөздер жүргізіп, дұрыс шешім қабылдайды. Сарышаяндардың жақсы бір қасиеті – құжатқа өте ұқыпты.

Мерген (23 қараша 21 желтоқсан)
Өз қызығушылығы болғанда ғана мергендер көңілді келеді. Сондықтан бұларға сүйікті ісімен ғана айналысқаны дұрыс. Олардың ойланбай жасайтын тірлігі көп. Берген таудай уәдесінің жартысын орындаса да қуанасыз. Мергендер әзілқой, жүректі және достыққа берік болғанымен тіл табысу, ортақ мәмілеге келуге шорқақ.

Тауешкі (22 желтоқсан 20 қаңтар)
Бұл белгідегі жандар – сараң. Байлық-ақшаға емес, эмоцияға. Алдыңызда суық, қатқыл адам тұрғанын байқайсыз. Ал, жүрегіне терең үңілсе, сезімтал, жаралы екендігін білуге болады. Өзгелердің алдында ашылып сөйлеп, сенім білдіруі қиын. Оған жылдар кетуі мүмкін. Бұларға пессимизм мінезін қосыңыз. Дегенмен, өсек әңгімелерге қосылмайды, өзін бақылауда ұстап, мақсатына тез жетеді.

Суқұйғыш (21 қаңтар 19 ақпан)
Суқұйғыштар үшін өмірде ақ және қара түс ғана бар. Өзге түстерді олар мойындамайды. Сонымен қатар, бұл жұлдыздар шеңбер ішінде өмір сүргенді ұнатпайды. Ойлануда, әрекет етуде, графикалық жұмыстарда еркіндікті талап етеді. Еркіндіктегі суқұйғыштар адамның түсіне кірмеген жетістіктерге жетеді.

Балықтар (20 ақпан 20 наурыз)
Барлық іске бірден кіріскенді жақсы көреді. Қолға алған ісін ұршықша иіріп әкетеді. Аз-кем уақыттан соң биліктің тізгінін ұстайды. Балықтар өте қайырымды, айналасындағылардан да осындай қарым-қатынасты күтеді. Олар тіпті көлігін сұраса бірнеше күнге беруден тайынбайды. Он екі жұлдыз белгі ішінде нағыз дос бола алатындар – балықтар.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *