Жүлде бәріне бірдей бұйырмады

Өңірде кезекті рет «Оңтүстік көркі» қолөнер шеберлерінің байқауы өтті. Өнер сайысына күнгейлік шеберлер қолдарынан шыққан бұйымдарының түр-түрін ала келіпті.

Жүлде бәріне бірдей бұйырмады

Облыстың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін дүниелер өткен мен бүгіннің көрінісі іспеттес. Байқау нәтижесінде «Ең үздік кәдесый бұйымы» номинациясы бойынша 1-орынды Түркістан қолөнер мектебінің ұжымы жеңіп алды. Екінші орынды Арыс қаласынан келген тігін бұйымдарының қолөнершісі Еркеш Қарақойшиева еншіледі. Үшінші орыннан байқауға қыштан жасалған дүниелерін әкелген Гүлнәз Қарабдалова көрінді. Ал, «Ең үздік қолөнерші» марапатындағы 1-ші жүлде өңірімізге танымал қолөнершілер ― Бейсбековтер отбасына бұйырды. Екінші орынға сайысқа зергерлік бұйымдарын ұсынған шебер Әшірбек Желдібаев лайық деп танылды. Үшінші жүлдені сандық, кебеже жиһаздарын жасайтын жас өнер иесі Мақсат Сәрсембаев қанағат тұтты.

35-014

Бауыржан Омарбеков, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы:

– Өзім де конкурстың басы-қасында болдым. Маған ағаштан және лайдан жасалған, тарихтан сыр шертетін дүниелердің бірнешеуінің сапасы мен мағынасы қатты ұнады.

Десе де, сайыс қортындысымен келіспегендер де табылып жатты. Марапаттау рәсімі басталған сәттен-ақ бірқатар қолөнершілер наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, сайыстың жүлделі орындары алдын ала, бұйымдар байқауға ұсынылмай жатып-ақ белгілі болған. Сондай-ақ, байқаудың өзге қатысушыларының көңілін басқа жаққа бұру үшін Елордаға жолдама сыйға ұсынылыпты. Осылайша еңбектері еленбей қалған бірқатар шеберлер келесі жолы көрмеге қатыспайтындарын жеткізді.

35-015

Құрбанәлі Арыстанбек, қолөнер шебері:

– Марапаттауда мүлдем әділдік болмады. Байқау басталмай жатып-ақ, берілетін орынды бөліп қойған. Маған сайыстың алдында ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының төрағасы Айнабек Оспановтың өзі келіп, «Сенің затың керемет, бірақ саған орын бермейміз, барлығы бөлініп қойды. Сен жүлдеге таласпа, есесіне кейінірек Астанада өтетін көрмеге жолдама береміз, 3 күн тамағың мен жолақыңды көтереміз, тек мұнда тыныш отыр», – деді. Дәл осындай ескертпені олар көрмені аралап жүріп, барша үміткерге айтып шықты. Бәрі белгілі болса, біз несіне келдік? Еңбегімізді бағаламай, мазақ еткілері келді ме? Енді мұндай сайыстарға мүлдем қатыспаймыз.

Ал ұйымдастырушылар мен төрешілер өз уәждерін айтады. Олардың сөзінше көптің пікірін ескермей, шешімді ешкім өзгерткен жоқ. Айта өтейік, «Оңтүстік көркі» қолөнер шеберлерінің байқауы өңірімізде биыл 6-рет ұйымдастырылып отыр. Оған 10 мыңнан астам дүние қойылған.

Мөлдір БЕКЕЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *