Жүкті әйелдердің денсаулығы нашар

051235Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары соңғы 5 жылда өңірімізде ана мен бала өлімінің азайғандығын айтады. Алайда, соңғы деректерге сүйенсек, елімізде сәбилердің шетінеуі көбейген. Өлім-жітім 12%-ға артқан. Сәбилердің дені перзентханаларда көз жұмса, аналардың да денсаулығы мәз емес көрінеді

Ана мен бала өлімі бойынша көш басында Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр екен. Сол себепті, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі осы өңірлерге ерекше көңіл бөліп отыр. Осы турасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Сапарғалиевамен (суретте) сұхбаттасқан едік.
— Айгүл Октябрқызы, өңірімізде ана мен балалардың денсаулығы қай деңгейде?
— Облысымызда жылына 80 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Босану жасындағы әйелдердің саны 700 мыңнан асады. Соңғы 5 айда 30 мыңнан астам әйел босанды. Дәл қазіргі уақытта жүктілікпен 42 мың әйел есепке алынса, оның 23%-ның денсаулығы қауіптілік жағдайында. Ал, 78 әйел мүлдем босануға болмайтынына қарамастан, жүктілікке тәуекел еткендер. Олар дәрігерлердің ескертулеріне қарамай бала көтерген. Сол себепті, бұл әйелдер бүгінде дәрігерлердің жіті бақылауында.
Облысымыз эндемиялық аймақ саналатындықтан әйелдердің денсаулығы нашар десек те болады. Олар көбінесе жүрек, бүйрек, қаназдық, жемсау, қант диабеті секілді аурулармен ауырады. Ана денсаулығындағы кінәраттан туа бітті жүрек жетімсіздігі секілді диагнозбен өмірге келіп жатқан сәбилер көп.
— Біздің өңір ана мен бала өлімі көрсеткіші жөнінен республикада көш бастады. Мұның себебі неде?
— Бізде әйелдердің 30%-ы экстрагениталды патологиямен (ЭГП) ауырады. Бұл екіқабат әйелдердің бойында гинекологиялық және өзге түрлі аурулардың қатар кездесуі. Оған экология, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, дұрыс тамақтанбау секілді жағдайларды қосуға болады. Қала тұрғындарына қарағанда ауыл келіншектері көп балалы ана атануға тырысады. Осы тұрғыда біздің менталитеттің де кері әсері тиіп жатқандығын атап өткім келеді. 5 қызы бар ана денсаулығының нашар екендігіне қарамастан ұл туғысы келеді. Не болмаса 2-3 ұлы болса, қызды дүниеге әкелгенді қалайды. Ұл бала тумаса туыс-туғандары қуып жіберетіндігін айтып қорқытады. Сондықтан өз өмірін тәуекелге байлап, бала көтеретін жағдайлар жиі кездеседі. Дәрігерлер денсаулығы бала көтеруге жарамайтынын айтқанымен тыңдар құлақ болмайды. Өкінішті факторлар осындай келеңсіздіктерден болып жатады.
Сондай-ақ, әйелдер жүктілік мерзімі басталған 12-аптадан бастап есепке алынады. Жүйелі түрде дәрігерлік тексеруден өту, сараптамаларды уақытында тапсыру, қажетті кеңестер алуға көп әйелдер немқұрайлы қарайды. Бұл да ана мен бала денсаулығын жақсартуға кедергісін келтіріп жатқан күрделі мәселенің бірі.
— Мәселені шешуде қандай шаралар атқарылып жатыр?
— Мұнда «көзге көрінбейтін» жұмыстар өте көп. Жүктілік, соның ішінде тағдыры «қыл үстінде» тұрған әйелдердің денсаулығын жіті бақылауда ұстаймыз. Емханаларда есепте тұрған жүкті әйелдердің денсаулығы, уақытында дәрігерге қаралуы, қажетті ем-домын алуы да назарда. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандарымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, бала босану жасындағы әйелдерге жоспарлы түрде бала көтеруге кеңес беріп жатамыз. Осыған байланысты әрбір емханада «Жоспарлы отбасы» деген кабинеттер жұмыс істейді. Онда жоспарлы бала көтеру, жүктіліктен сақтануда кеңестер және контрацепциялар тегін беріледі.

А.КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Ал осы кезде…

Қазақстанда 100 жүкті әйелдің 20-ның ғана дені сау. Бұл туралы Республикалық «Акушерлік, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығы» директорының міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева мәлімдеді. Екінші тоқсанның басындағы мәлімет бойынша, 191 мың 126 жүкті әйел есепте тұр. Олардың 0,7%-да жүктілікке қарсы көрсетілім бар. Бұл дегеніңіз 687 жүкті әйел. Олардың 40%-ында ауыр жүрек-қан тамыр аурулары болса, 20%-ның бүйрегі ауырады, 10% — да эндокринді аурулар кездеседі. Арасында бұрын бауыры алмастырылған, жүректеріне ота жасалғандары да бар. Ләззат Ақтаева аурулар диагностикасы мен контрацепция әдістері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтады.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *