Зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады

Редакциямызға түсетін сауалдардың басым көпшілігі зейнетақы қорына байланысты болады.
Осыған орай біз бұл сұрақтарға жауап алу үшін біз сала мамандарына жолыққан болатынбыз.
Сонымен оқырмандардың сауалдарына «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ОҚО
филиалы директорының орынбасары Алдияр Маманов жауап берді.

4 Алдияр Маманов

Алдияр Маманов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары

С: Зейнетақы жинақтарының сақталуына қандай да бір кепілдік бар ма? Әбдірахман Айымбетов
Ж: Заңға сәйкес мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарына, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарына алушының зейнетақы төлемдерiне құқықты иемдену кезiндегi инфляция деңгейiн ескере отырып, iс жүзiнде енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi.

С: Зейнетақы қоры мұраға қалады ма?  Сапаркүл Мұратова
Ж: Иә, мiндеттi зейнетақы және кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен, ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар ҚР заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

С: Жолдасым екеуміз шетелге қоныс аударуымызға байланысты, зейнетақы қорындағы зейнет салымдарымызды қалай аламыз? Олег, 45 жаста
Ж: Мiндеттi зейнетақы, кәсіптік зейнетақы және ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ҚР заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдардың мiндеттi зейнетақы, кәсіптік және ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.
С: Сәлеметсіздер ме! Менің жасым 55-те. Еңбек өтілім 36 жыл болады. Зейнеткерлікке 58 жаста шықсам, институтта оқыған 5 жылым қосылады ма? Роза Кеуенова
Ж: «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынан (бұдан әрі – ЗТМО) төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде ҚР аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу есепке алынады делінген.

С: І топтағы мүгедек балам бар. Қамқоршысымын, әрі жұмыс істеймін. Еңбек өтілім 27 жыл. Зейнетақы қорында жинағым бар. Зейнеткерлікке шыққан кезде маған қандай жеңілдіктер болады және зейнеткерлікке қанша жасымда шыға аламын? Анар Сұлтанқызы.
Ж: Басқа адамның көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке күтiм жасаған уақыт еңбек өтілін есептеу кезiнде есепке алынады. «Мүгедек бала» деген санаттағы адам 18 жасқа толғанға дейін — мұндай адамның ата-анасының бірінің, қорғаншысының, қамқоршысының және «бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның өмір бойына — мұндай адамның ата-анасының бірінің, қорғаншысының, қамқоршысының республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының басында қолданыста болатын ең төменгi жалақының 55 еселенген мөлшерi шегiнде бiр жылдағы табыстары салық салуға жатпайтын табыс болып саналады.

С:  Қазір жала­қы­мыз­дың 10 %-ын зейнетақы жинағына аударып жатырмыз. Ол жинақ қазіргі инфляциядан қалай және қаншалықты қорғалған? Сондай-ақ, қордағы зейнетақыны 30-40 жылдан кейін қанша сомаға айналатынын қалай есептеп білуге болады? Зәмзәгүл, 34 жаста.
Ж: Елімізде зейнетақымен қам­сыздандыру туралы Заңға сәйкес инвестициялық басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Оның үстіне зейнетақы жинақтары тек Ұлттық банк бекітетін инвестициялық декларацияда көрсетілген қаржы құралдарын ғана сатып алумен шектеу қойылған.
Мемлекет тарапынан зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдіктің негізгі белгілері:
* зейнетақы активтерiн орналастыру кезiнде әртараптандыруға және тәуекелдердi азайтуға қойылатын талаптарды белгiлеу;
* Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының аудитін жыл сайын жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
* Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының заңнамасында белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдар алдындағы тұрақты есептілігі;
* уәкілетті орган белгілеген тәртіппен зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледi.
Салымшының (алушының) зейнетақы төлемдеріне құқықты иемдену кезінде қордағы зейнетақы жинақтарының сомасы инфляция деңгейін ескергенде нақты енгізілген міндетті немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан кем болса, салымшының (алушының) өтініші негізінде ЗТМО тарапынан айырма төлемін тағайындау туралы шешімі шығарылады.

С: Естуімше, зейнетақы қорындағы жинақ белгілі бір сомаға жеткен кезде, зейнет жасын күтпестен шыға беруге болады деп айтты. Ол қанша сома көлемінде болатынын білсем деп едім. Марина, 38 жаста
Ж: Қазіргі таңда ерлер үшін белгіленген зейнеткерлік жас – 63, ал әйелдерге – 58 жас. Ал жалпы белгіленген жастан ерте (1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, мүгедектігі мерзiмсiз болып белгiленген немесе ҚР шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен салымшыларды (алушыларды) алмағанда) зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі белгіленбеген.
Алайда, салымшылар (алушылар) ерлер — 55 жасқа және әйелдер 50 жасқа толғанда мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы.
Бұл ретте ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болуы және сақтандыру ұйымынан төленетiн айлық сақтандыру төлемiнің мөлшері зейнетақы аннуитетi шарты жасалған күні қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
Зейнетақы аннуитетi шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтары ерлер үшін 7 000 000 (жеті миллион) теңгеге, ал әйелдер үшін 9 000 000 (тоғыз миллион) теңгеге жуық болуы тиіс. Бұл сауалға толыққанды жауап алу үшін сақтандыру ұйымының өкілдерінен кеңес алуды ұсынамыз.

С: Зейнеткерлер зейнетақы қорындағы зейнетақысын бірден ала салуына болады ма, әлде бөліп алуы міндетті ме? Сәкен, 41 жаста
Ж: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне (бұдан әрі – Қағида) сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерді белгіленген кесте бойынша төлеу арқылы жүзеге асырылады.
Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшеріне тең. Ағымдағы жылға белгіленген ең төменгі зейнетақының мөлшері 23 692 (жиырма үш мың алты жүз тоқсан екі) теңгені, ал оның отыз еселенген мөлшері 710 760 (жеті жүз он мың жеті жүз алпыс) теңгені құрайды. Салымшылар (алушылар) төлемдерді жүзеге асыру кезеңділігін таңдауға мүмкіншілігі бар. Ол: ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын.
Егер салымшының (алушының) зейнетақы жинағы ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аспайтын болса, онда ол зейнетақы жинағын бірден алуына мүмкіншілігі туындайды. Зейнетақы жинақтары төлемдерін жүзеге асыру кезінде алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы ағымдағы жылға ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайларда, зейнетақы жинақтарын төлеу бірыңғай төлеммен жүзеге асырылады. Басқа жағдайларда төлемдерді жүзеге асыру тек кестеге сәйкес жүргізіледі.

Дайындаған – Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

1 пікір

  1. Ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан азаматтардың жинақталған зейнетақы салымдары зейнеткерлікке шыққан мерзімде беріледі ме ? Берілмесе не себепті ары қарай жұмыс жасаған кунде де олар жинақтауға қатыспайды гой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *