Зейнетақы жаңа тәртіппен есептеледі

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлеміне өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес, базалық зейнетақы азаматтардың зейнеткерлікке шыққан жылына қарай есептелетін болады.
Соңғы жылдары елімізде зейнетақы туралы заңға бірқатар өзгерістер енгені белгілі. Өзгерістерге сәйкес ерлер мен әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы теңесті. Жекеменшік зейнетақы қорларының бәрі Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына біріктірілді. Енді 2017 жылдың шілде айынан бастап базалық зейнетақы да жаңа тәртіппен тағайындалатын болады. Зейнетақы жүйесін модернизациялаудың концепциясы жөнінде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Сағира Айтанаевамен аз-кем сөйлескен едік.
Сағира Ермекбайқызының айтуынша, жаңа жүйеге сәйкес, 2017 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты төленеді. Яғни, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі көп болса – базалық зейнетақы мөлшері көп, қатысу өтілі аз болса – базалық зейнетақы мөлшері аз, ал егер еңбек өтілі болмаса — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болатын әлеуметтік зейнетақы тағайындалады.

– Зейнетақы жүйесін модернизациялаудың концепциясын жасаушылар қазақстандық зейнеткерлерді бірнеше санатқа бөліп отыр.

Бірінші санатқа – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтар жатады. Өйткені олардың зейнетақы қорларында жинаған жинағы жоқ. Сондықтан да, оларға зейнетақы тек мемлекет тарапынан төленеді. Олардың зейнетақысы еңбек өтілі ескерілетін негізгі (ынтымақты) бөлімнен және жалпыға бірдей базалық (президенттік) зейнетақыдан құралады. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ТКД=19 966 ) жартысына тең болады. Ал, еңбек өтілі 10 жылдан артық азаматтарға әрбір жылы үшін мемлекет президенттік зейнетақыға ТКД-ның екі пайызы көлемінде үстеме қосатын болады. Егер зейнеткердің еңбек өтілі 35 жыл болса, онда базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің мөлшерімен тең болады.

Екінші санатқа – зейнетақы қорында белгілі бір сомада жинағы бар 1998 жылдан кейін зейнеткерлікке шыққандар және енді шығатындар кіреді. Олар ай сайын базалық және негізгі зейнетақыға қоса зейнетақы қорында жинақталған соманың белгіленген бір мөлшерін қоса алып отырады. Бұл санаттағыларға да базалық зейнетақы бірінші санаттағылар сияқты есептелетін болады.

Үшінші санатқа – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмағандар, зейнетақы жинақтау қоры іске қосылғаннан кейін еңбек жолын бастаған азаматтар кіреді. Бұл санаттағылардың зейнетақысы жалақысына байланысты болады. Яғни, зейнеткерлікке шыққан соң зейнетақы қорында жинақталған ақшасын белгілі мөлшерде ай сайын бөліп алып отыратын болады,-дейді ол
Сондай-ақ, маман ана болуды ынталандыру және азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мақсатында:

– 3 жасқа дейінгі бала күтімі;

– 16 жасқа дейінгі мүгедек баланың күтімі;

– әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің қызмет өткерген кезеңдері;

– әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің жұбайларының жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерде тұрған кезеңдері;

– Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің жұбайларының шет елдерде тұрған кезеңдері де еңбек өтілімі есебінде септелетінін айтты.

Зейнетақы жаңа тәртіппен есептеледі

 

Ескеретін жайт, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін базалық зейнетақы төлемі тағайындалған зейнеткерлердің базалық зейнетақы мөлшері, зейнетақы жеке іс-құжаттарындағы құжаттар негізінде қайта есептелінеді. Сондықтан, зейнеткерлерге ЗТМО бөлімшелеріне келіп, құжат өткізудің қажеттілігі жоқ, қайта есептеу зейнетақы құжаттары бойынша жасалады.

Әңгіме барысында маман азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруда жұмыс берушінің рөлін күшейту мақсатында, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің қаражаты есебінен қосымша 5%-дық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу жоспарда барын айтты. Бұл жағдайда жұмыс беруші жарнаны жұмыскердің 10% міндетті зейнетақы жарнасы түсетін шотына емес, қосымша ашылған шотқа аударады.

– Жұмыскерден түсетін жарналар жеке тұлғалардың меншігі болып табылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек зейнетақы мөлшерін есептеу үшін назарға алынады. Зейнетақы төлемінің бұл түрі (шартты-жинақтаушы құрамдауышы) МЗЖ 5 жылдан кем емес аударылған жағдайда тағайындалады. Төлемдер заңнамамен белгіленген зейнеткерлік жасыне жеткенде өмір бойы төленеді. Бүгінге дейін зейнетақымен қамсыздандыруда жұмыс берушінің қатысуы қарастырылмаған. Мемлекет базалық зейнетақы төлемін төлейді, жұмыскер өз табысынан 10% МЗЖ аударады. Енді 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші өз есебінен 5% жарна аударады, -дейді Сағира Айтанаева.

Бұдан өзге Заң жобасында әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша шаралар кешені қарастырылыпты. 2016 жылдың 1 қаңтардан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекет тарапынан қамтылуға ауыстырылады. Олардың зейнетақы мөлшері еңбек сіңірген жылдары мен қызметтен кеткен уақытындағы ақшалай қаражатына байланысты есептеледі. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап оларға МЗЖ аудару тоқтатылады.

Басшының сөзіне сенсек, осы аталған барлық жаңалықтар оң нәтижелі көрініс тауып, кедейлікті қысқартуға, азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыруға бағытталатын болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *