Зейнетақы мен жөргекпұлдағы өзгеріс

2017 жылдан бастап көтерілетін зейнетақы мен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыға бюджеттен қосымша 81,6 миллиард теңге бөлінді. Атап айтқанда, зейнетақы 20 пайызға, ал балаға берілетін біржолғы жәрдемақы 27 пайызға көтеріледі. Зейнетақы мен жәрдемақыға қосылатын ақша сатылап көбейеді. Мәселен, қаңтардан бастап зейнетақы 9 пайызға, ал шілдеден бастап 11 пайызға артады. Зейнетақының қалай көбейетіндігін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова нақтылап түсіндіріп берді. Сонымен:

Ынтымақты зейнетақы
2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Мәселен, егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға ұлғайтылмақ.

Базалық зейнетақы
Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13%-ға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7%-ға арттырылып, 12 802 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 14 466 теңге болады.

Бала тууға және күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар

Бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылады. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа қосымша 1,8 млрд теңге бөлінеді.
2016 жылы 1,2,3 балаға берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы – 66 621 теңге болды.

2017 жылы 1 қаңтардан – 71 270 теңге.

2017 жылы 1 шіледен 86 222 теңгеге өседі.

Төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2016 жылы – 111 035 теңге болды.

2017 жылғы 1 қаңтардан — 118 мың теңге.

2017 жылдың 1 шілдесінен – 142 947 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төленетін жәрдемақы мөлшерінің төлемі мынадай болады:

* Бірінші балаға 13 070 теңге;
* Екінші балаға 15 452 теңге;
* Үшінші балаға 17 812 теңге;
* Төртінші және одан кейінгі балаларға 20 195 теңге төленеді.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

 

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *