Зейнетақы өседі

25-008-350x238

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты аухалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын Ұлттық банктің бақылауынан шығару керектігін айтты. «2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына берілуі тиіс» деген Елбасы зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қарау қажеттілігіне назар аударды. Демек, бір жыл бұрын ондаған жеке зейнетақы жинақтау қорларындағы салымдарды өз қолына жинаған билік, соны енді қайтадан жекенің басқаруына беретін сыңайы бар. Мұны Үкіметтің алдағы шешімдері көрсетеді. Әзірге келесі жылы зейнетақы төлемдері не күтіп тұрғанынан хабардар етейік…
Еске салсақ, өткен жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев «ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес еліміздің зейнетақы жүйесі реформаға ұшырайды.

Реформаның мақсаты не?

Соңғы ресми деректер бойынша бүгінде елімізде 2 миллионға жуық зейнеткер бар. Олардың барлығы еңбек өтіліне қарамастан, бірдей базалық 11 182 теңге зейнетақы алады. Зейнетақы жүйесіндегі реформа зейнеткерлердің өмірінің деңгейін жақсарту үшін жасалды. Қазір зейнетақы мөлшері зейнеткердің зейнет жасына шыққанға дейін алып келген табысының шамамен 40% құрап отыр. Мысалы, адам жұмыс істеп жүрген кезде табысы 100 мың теңге болса, ол адамның зейнетақысы 40 мың теңге болады. Реформаның мақсаты – зейнетақы мөлшерін жоғалтқан табыстың 60% -ына жеткізу.
Қарапайым зейнеткерлерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Өзгерістер негізгі зейнетақы мөлшеріне байланысты болады. Зейнетақы мөлшері үш бөліктен тұрады: негізгі зейнетақы (қазір оның мөлшері 11 182 теңге, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%), еңбек зейнетақысы (оның мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты) және зейнетақы қорындағы жинақтар. Негізгі зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50% бен 100% аралығында ауытқып отырады. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 21 364 теңге болып отыр. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын азаматтар үшін негізгі зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайды.
Айта кетейік, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап негізгі базалық зейнетақы адамның еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Яғни, адам кемінде 10 жыл жұмыс істеген болса, зейнетақы — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы көлемінде белгіленеді. Одан кейінгі әр он жылға 2 пайыздан қосылып отырады. Ал қызметкер 20 жыл жұмыс істесе, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды деген сөз. 30 жылдық еңбек өтілі үшін 90%-ды, ал 35 жыл және одан жоғары өтілі бар азаматтар үшін күнкөріс деңгейінің 100%-ды құрайды.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшері артады ма?

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тағайындалған зейнетақы төлемдерін, соның ішінде әскери қызметте болған зейнеткерлердің зейнетақы төлемдерін 9% көлемінде өсіру жоспарлануда. 2016 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі зейнетақы мөлшері 25 824 теңге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 11 965 теңгеге дейін жоғарылайды. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 86 961 теңгені құрайтын болады. Мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты артады. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 859 теңге болады.
Еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдар үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақының тағайындалуы мен арту мөлшері 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері, яғни 2121 теңгеге сүйене отырып артады. Яғни, №1 тізім бойынша 19 980 теңгені, ал №2 тізім бойынша 17 774 теңгені құрайды.
Ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға берілетін мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақылардың тағайындалуы мен арттырылуы 1,05 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен алынып, 24 002 теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша алушы болып табылатын тұлғаларға еңбек ету қабілетінен және асырау-шысынан айрылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін келер жылдан бастап 7%-ға арттыру көзделген.

Сұрақ-жауап:

— Еңбек өтілі 10 жылдан асатын, 35 жылға жетпейтін азаматтар қандай зейнетақы алады?
— Еңбек өтілінің 10 жылдан кейінгі әрбір жылына зейнетақы мөлшері 2%-ға артып отырады, Мысалы, еңбек өтілі 17 жыл болса, негізгі зейнетақы мөлшері 14% артады (жеті жылды 2% көбейтеміз = 14%).

— Аталмыш өзгерістер қазір зейнетақы алып жүрген зейнеткерлерге әсер етеді ме?
— Қазір зейнетақы алып жүрген зейнеткерлердің бәрінің зейнетақысы бір рет қайта есептеледі. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі, сол жылдар үшін тұрақты зейнетақы салымдары болуы тиіс деген шартпен ескеріледі.

— Жұмыс берушінің есебінен қосымша төленетін 5% салымдар не үшін керек?
— Қазіргі кезде азаматтардың жинақтары зейнетке шыққан кезде жоғалтатын табысының 40% мөлшерінің орнын толтыруға мүмкіндік бермейді. Орта есеппен, Қазақстанда ер адамдар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 10 жыл, әйел адамдар — 20 жыл өмір сүреді. Зейнетақы жинақтарының мөлшері әйел адам сол 20 жыл ішінде бір кездегі табысының 40% мөлшерінде зейнетақы алып отыруына жетуі тиіс.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *