Зағиптарға қандай көмек беріледі?

12-zagip2Нұрғали Әмірбекұлы – І топтағы мүгедек. Осыдан 20 жыл бұрын көз жанарынан айрылған. Алғашқы кезде өңірдегі шалғай ауданда өмір сүріп жатқан азаматқа оңай болмаған. Уақыт өте ол бірте-бірте назардан қала бастайды. Қоғамнан алыстап, бірте-бірте ағайын-туыспен араласуы сирейді. Жарық дүниенің сәулесін көруден айрылудан бөлек, өзінің керексіз екендігін сезінуден артық қасірет жоқ болар, сірә! Бұл жегідей жеген ойлар еді сол кезде. Бір күні танысы қолынан жетектеп «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне мүше етіп тіркейді. Алдымен зағиптарға арналған өндіріс орнында жұмыс істеді. Сосын жоғары білім алды. Отбасылы болып, бүгінде зағиптарға арналған түрлі іс-шараның өтуіне ұйытқы болып жүр.

Нұрғали өңіріміздегі зағип жандардың дерлігі өз құқығын білмейтіндігін айтып ашынады. Өзі де құқықтық сауатсыздығынан талай қиыншылықтарды бастан кешкен. Сондықтан болар, бүгінде өзі басқарып отырған «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде зағип жандардың басын жиі қосып, қажетті ақпараттар беруге тырысады. Дегенмен, ауыл-аймақтарда әлі де мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден хабары жоқ жандардың көп екендігін айтады.

Ресми деректерге жүгінсек, елімізде 400 мыңнан аса мүгедек бар. Ал, өңірде 115 мыңға жуық адамның мүмкіндігі шектеулі. Бүгінгі таңда, мемлекет немесе қоғамдық бірлестіктер тарапынан болсын мүгедектерді қоғамға бейімдеу жұмыстарына ерекше ден қойылған. Төрт қабырғада қамалып, ел-жұрттың назарынан тыс қалмаса екен деген амал бұл. Бүгінде өңірде көз жанарынан айрылған, нашар көретін 9 мыңға жуық адам мүгедектікпен есепке алынған. Оларға мүгедектік санатын тағайындау – медициналық-сараптама бөлімдерінің (МӘС) құзырына кіреді.

12-farida-apaj– Медициналық әлеуметтік-сараптама бөлімдерінің міндеті – мүгедектерге мүгедектік санатты тағайындау және оларға жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу. Дене мүшедегі функциялардың бұзылуының дәрежесіне және тіршілік әрекетінің шектелуіне байланысты мүгедек деп танылған тұлғаға бірінші , екінші, үшінші топ белгіленеді. 16 жасқа дейінгі тұлғаларға «мүгедек — бала» дәрежесі беріледі , 2005 жылдан бастап 16-18 сегіз жас аралығында мүгедектерге бірінші, екінші, үшінші топтағы « мүгедек — бала » дәрежесі белгіленеді.
Ал I, II, III топты белгілеу үшін адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру қабілеті, еңбек қызметіне, оқуға қабілеттілігі, айналасын бағдарлай білу және өзінің мінез-құлқын бақылау қабілеттері сарапқа салынады. Бұл санаттардың барлығы зағиптарға да қатысты тағайындалады,- дейді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО департаменті Еңбекші аудандық МӘС бөлімінің бас маманы Фарида Қаржаубайқызы.

Сала мамандарының берген мәліметі бойынша, қазіргі таңда облыста 8960 адам зағиптықтан мүгедектікке шыққан. Оның ішінде І топта — 1821, ІІ топта — 1850, ІІІ топта – 4730 жан бар. 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны -458.

 

Зағиптарға қандай жеңілдіктер бар?
Медициналық әлеуметтік сараптамалық бөлім зағип жандарға мүгедектік санат тағайындаған соң жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Соқырлар мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек, осы бағдарлама аясында тегін техникалық қажетті құралдарға қол жеткізе алады. Олар:
1. Жіңішке таяқ.
2. Тифломагнитола (тифломагнитола музыкалық фонограммаларды және «айтушы кітаптарды» стереофондық еске түсіру үшін арналған).
3. Брайль жүйесімен жазуға арналған құрал (көру бойынша мүгедектерге құрал жазу жұмысын орындау үшін арналған).
4. Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған грифель
5. Диктофон (көру бойынша мүгедектерге диктофон лекция және сатып алынатын зат тізімін жазуға арналған).
6. Көру қабілеті нашар адамдарға арналған сағат.
7. Жазуға және басып шығаруға арналған бедерлі-шрифті қағаз.
8. Оқитын машина
9. Компьютерлі тифлокешен.
10. Дауысты еске түсіру үшін плейер.
Сонымен қатар, зағиптарға «Спутник» арнайы демалыс орнына кезекпен жолдама беріледі.

Осы тұста ескерілер мәселе, тифлотехникалыққұралдар тек І, ІІ топтағы мүгедек-жандарға беріледі.

Фарида Қаржаубайқызының айтуынша, зағиптарға қажетті құралдар заманауи түрлеріне алмастырылып жатыр. Соның ішінде биылдан бастап, оқитын машина (бұрын берілмеген) зағиптарға қажеттілікке байланысты беріледі. Сондай-ақ, компьютерлі тифлокешен – ноутбукке, сағат – ұялы телефонмен алмастырылады.

 

Зағиптардың мұңы
Өңірде зағиптардың мұң-мұқтажын тыңдап, қажетті ақыл-кеңесін беретін қоғамдық бірлестіктің бірі — «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ ОҚО филиалы басқармасы. Бұл бірлестікте 2138 І, ІІ топтағы мүгедек жан мүшелікке кірген. Оның 15 аудан-қалада бастауыш ұйымдары жұмыс істейді.

Бірлестік төрағасы Нұрғали Алтынбеков зағип жандардың жұмыспен қамтылуында қиындықтардың көп екендігін алға тартты. Мемлекет беріп отырған 3 пайыздық квотаның міндеттемесін орындамай отырған мекемелердің бар екендігін айтып қынжылды. — Соқыр адамдарға сенімсіздікпен қарайды, олардың жұмысты алып кету мүмкіндігіне күмәнданады. Дегенмен, соңғы уақытты зағиптар түрлі курстар оқып, өз мүмкіндіктерін көрсетуге тырысып жүр. Мәселен, массаж курсына барып, өзін жұмыспен қамтып жүрген жандар да баршылық, — дейді төраға.

– Кезінде ауылда тіршілік жасағанда расында денсаулығыма байланысты қоғаммен араласпадым. Тіптен, соқырларға жасалатын мемлекеттен берілетін жеңілдіктер тұрғысында мүлдем хабарым болмады. Әркім өз басына түскен қиындықтан соң күреседі, біледі екен. Зағиптар қоғамына мүшелікке енген соң ғана мүгедектерге қажетті ақпаратты білдім. Айталық, тегін берілетін жіңішке таяқша 2 жылда бір рет ауыстырылады. Заңда көрсетілген. Екі жылдан соң барсам, ондағы мамандар «өткенде ғана алған жоқсыз ба?» дейді. Мұны білмейтін облысымыздың түкпір-түкпіріндегі шалғай ауылда қаншама зағип жандар бар? Сондықтан оладың барлығы өз құқықтарын білгендігін қалаймын. Бірлестік аясында жиі бас қосып, осындай мәселелерді талқылауға тырысамыз. Демеушілердің көмегімен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, әрқайсысының қоғамға керек екендігін түсіндіруге тырысамыз,-дейді НұрғалиАлтынбеков.

 

Соқырлар қоғамының төрағасы зағиптарға қажетті мынадай жеңілдіктерді біле жүруге кеңес береді:

Зағиптар жылына 1 рет «SCAT» компаниясында тегін ұшады.
Теміржолда «Тұлпар» поезды арқылы Қазақстан аумағында 50% жеңілдікпен жүруге мүмкіндігі бар.
Зейнеткер-мүгедектер теміржолда 30% жеңілдікпен жүреді.
Зағип көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатына қатысқандар теміржолда 50, % жеңілдікпен қатынауға мүмкіндігі бар.
25 жасқа дейінгі зағиптар теміржолда 30% жеңілдікпен жүреді.
Ескерту: Бұл үшін І,ІІ топтағы мүгедекетр «Қамқор» дисконт картасын жасатады.

 

АЙТПАҚШЫ…

І, ІІ топтағы мүгедектердің жалақысы 55 АЕК асатын болса, салықтан босатылмайды. Жалақысы одан төмен болғанда, жұмыс істемегенде жер, мүлік, көлік салығын төлемейді.

Мүгедектерге берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар:
І топ – 40690 теңге
ІІ- топ – 31775 теңге
ІІІ – топ – 22402 теңге
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар:
І-ІІ топқа – 3161 теңге
ІІІ топқа – 1358 теңге

Мүгедек балаларға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар:
І топ – 40690 теңге
ІІ- топ – 33 146 теңге
ІІІ – топ – 26 060 теңге
І-ІІ топтағы мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар:
16 жасқа дейін – 2037 теңге
16-18 жас аралығында – 3161 теңге
ІІІ топтағы мүгедектерге берілетін — 1358 (ІІІ топтағы мүгедектер)

 

БІЛГЕН ЖӨН

Тифломагнитолалар, компьютерлік тифлокешендер, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған құрал, диктофондар, дыбыс жазбаны қайта тыңдауға арналған плейерлер, нашар көретін адамдарға арналған сағаттар кемінде 5 жылдан кейін ауыстырылады.
Оқитын машиналар кемінде 3 жылдан кейін, жіңішке таяқтар, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған грифель – 2 жылдан кейін ауыстырылады. («Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» ереже 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығы ).
Зағип жандар (жеке көмекшісімен) қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *