Халық таңдаған Әнұран

0404040Әнұранның сөзі де музыкасы да рухты көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастайтын болып келеді. Адамға қуат беріп, мерейін асырып, ерекше патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық шығарма. Қазіргі Әнұран елге бұрыннан таныс «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде дүниеге келген. «Қазақ вальсінің каролі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы енгізген өзгерістер Мемлекетіміздің ресми Әнұраны болып бекітілуіне жол ашқан.

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Еліміз егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдылығын арттыру мақсатында, 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынған. Бұл әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік Әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеген.
«Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік Гимн ету туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Парламентке жолдаған хатында: Еліміздің қай түкпіріне барсам да кәрі де, жас та Әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті компазиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағандарының талай куәсі болдым. Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген шексіз махаббат аңғарылса, сөзінен жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Екіншіден, мәтінде ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз – жеріміздің кеңбайтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми Әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін, — деп жазған еді.
Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, «Мемлекеттік рәміздер» туралы жарлыққа тиісті түзету енгізіп, мемлекет гимні болып бекітілді. Жаңа Әнұран баспасөзде жарияланған күннен, яғни 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты рәсімі кезінде 11 қаңтарда, Астанадағы Ақордада алғаш рет орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болған. Ән жеңіл орындалады. Сөзі жаттауға, есте сақтауға ыңғайлы, екпінді, жігерлі сондай-ақ тілге жеңіл жүрекке жылы. Бұқаралық сипат алуының сыры да осы қасиетінде. Бүгінде ән өзінің өміршеңдігін танытқан.
Бір елдің Әнұраны өзге елде екі жағдайда шырқалады. Біріншісі мемлекеттер басшыларының ресми кездесулері Әнұранның орындалуымен ашылады. Және халқаралық спорттық ойындарда жеңіске жеткен спортшының Мемлекеттік гимні орындалады. Осы тұста біздің еліміздің спортшылары да қалыс қалып жатқан жоқ. Мемлекеттік Әнұранымыз әлемде талай елдің төрінде шырқалып келеді. Соның бірі — жақында ғана Мәскеу қаласында мерекелік әскери шеру өткен болатын. Оған Ресейде іс-сапармен жүрген Елбасымыз да қатысқан. Мемлекет басшысының құрметіне, биыл тұңғыш рет Мәскеудегі мерекелік шаралардың аясында Қазақстан мемлекетінің Әнұраны шырқалды.

Мемлекеттік Әнұранды орындау тәртібі

Ереже бойынша Гимнді айтқанда жұртшылық орындарынан тұрып, және оң қолын сол жақ кеудесіне жүрегінің тұсына қойып орындаулары керек. Аса маңыздысы – Әнұранды әр адам жатқа білуі міндетті. Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның эталондық нұсқалары тәрізді Әнұран да ресми бекітіліп, заңмен қорғалады. Және Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақталады.

Ескі Әнұран қойылған сәттер

Ірі спорт жарыстарында Әнұранды шатастыру оқиғалары жиілеп кеткендіктен, Қазақстан дипломатиялық байланыс орнатқан мемлекеттердің барлық елшілігіне хат жолдаған.
Бұл туралы Астанада мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлімдеген болатын. Хаттарда спорт шараларын ұйымдастырушыларға гимннің дұрыс нұсқасын беру туралы тапсырма берілген.
Қазақстанның ескі Әнұраны 2015 жылдың қарашасында Хельсинкиде «Барыс» – «Йокерит» хоккей командаларының кездесуінде ойналған еді. Сонымен бірге, Грозныйдағы жарыста топ жарған ауыр атлет Илья Ильин мен Хорватиядағы жарыстың жеңімпазы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді марапаттау кезінде де қолданыстан шыққан Әнұран орындалған болатын.
Әнұран — жай ән емес, ол — халықты біріктіретін ұран ән. «Менің Қазақстанымды» Әнұран етіп халық таңдады.
«Менің Қазақстаным» әні жарты ғасыр бойы елмен бірге жасап, елмен бірге мұңайып, елмен бірге қуанып келеді. Әр шаңырақтың, ел шаттығының жалауына айналды.

4

 

040404040Сәбит Бәйтенов, қала тұрғыны

Әнұран жайлы айтар болсам, маған Әнұранымыз қатты ұнайды. Әуені мен сөзі жақсы үйлескен. Бұл Гимнімізді халық таңдаған. Әуелі бастан халқымызға таныс ән болды, сондай-ақ әуеннің авторы керемет талантты сазгеріміз Шәмші Қалдаяқов болғандығын да мақтанып айта аламыз. Сөзі барлық Қазақстан азаматтарына рух беретіндігімен қоса тез есте қалып, тез жатталатын ерекшелігі бар. Бала кезімнен Әнұранды жатқа білем. Қай жерде болмасын Әнұранымыз қойылса ерекше мақтанышпен қосылып шырқап жүрем.

Дайындаған – Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *