ХҚКО туралы не білеміз?

7 Нұрмаханбетов Ғалымжан (3)Айына демесек те, жылына кемі бір рет Халыққа қызмет көр­сету орталығына бас сұғып, керек құжат­тарымызды түгендеп ала­тын жайымыз бар. Осы себепті де болар, «цонға барамын, цоннан келемін» деген сөздерді көп естиміз. Ал, енді тұрмысымызбен тығыз байланысты ХҚКО жайында не білеміз? Бәріміздің болмаса, кей­біреулеріміздің көкейімізде жүр-ау деген сұрақтарымыздың жауа­бын ХҚКО РМК-ның ОҚО бойынша филиал директорының орын­­басары Нұрмаханбетов Ғалымжаннан білдік.

Сұрақ: Қазіргі таңда облыста қанша ХҚКО бар?

Жауап: Бүгінде ОҚО бойынша 25 ХҚКО бар. Оның жетеуі — Шымкентте. Өткен жылы екі ХҚКО ашылды. Жаңа ХҚКО-ларда келушілерге қолайлы болу үшін «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс жасайды, ол жерде баланы балабақшаға кезекке қоюды, дербес кредиттік есеп беруді, мемлекеттік қызметке кадрлық қорға қоюды және т.б. барлық электрондық қызметтерді алуға болады. Электронды нысанда көрсетілетін қызметті алу үшін пайдаланушының электрондық цифрлы қолтаңбасы болса жеткілікті. Айта кетейік, дәл осыны өзіне-өзі қызмет көрсету секторында алуға болады.

Сұрақ: Жаңадан қандай қызмет түрлері пайда болды?

Жауап: 2015 жылы ХҚКО-ларға 21 жаңа қызмет түрі беріліп, бүгінде олардың саны 212-ге жетті. Жаңадан қосылған қызмет түрлерінің қатарында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қорғаншылары мен қамқоршыларына жәрдемақы тағайындау, жеке істері бойынша Қазақстан Республикасына кіруге шақыруды ресімдеу және т.б. бар. Биылдан бастап Инвестициялық жоба­ларды жүзеге асыру үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша ХҚКО-да ашылған Инвесторларға қызмет көрсету секторы жұмыс жасай­ды. Енді инвесторларға рұқсат құжат­тарын алу үшін әр түрлі мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін ХҚКО-ға келсе болғаны.
Сондай-ақ, «Негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат беру», жеке және заңды тұлғалар ауылшаруашылығы саласында субсидиялауды ХҚКО арқылы ресімдей алады.

Сұрақ: Мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға арналған арнайы қыз­­мет­теріңіз бар. Ол қалай жүзе­­ге асады? Мүмкіндігі шек­теу­лі қанша азаматқа қызмет көрсеттіңіздер?

Жауап: ХҚКО-ларға «кедергісіз» кіру үшін пандустар мен шақыру батырмалары орнатылған. I, II топтағы мүгедектерге үйлеріне барып, есту қабілеті нашар азаматтарға SMS көмегімен қызмет көрсетудеміз. Сонымен оларға Электронды үкімет порталымен жұмыс істеуді үйретіп жатырмыз. ХҚКО-ның ұсынатын барлық 212 мемлекеттік қызметін үйінен шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалса болғаны. Осылайша қажетті мемлекеттік қызметтер туралы кеңес алып, қажетті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. Осыдан кейін ХҚКО қызметкерлері хабарласып, қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл үдеріс 72 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ОҚО бойынша ХҚКО-ларында сурдоаударма тілін 80 қызметкер игерген. Қазіргі уақытта әр ХҚКО-да ыммен сөйлесуді игерген 2 қызметкер жұмыс істейді.
Облысымызда мүмкіндігі шек­теулі 2 мыңнан астам тұрғын мем­лекеттік қызметтерді үйлерінен шық­пастан алды. Облыс бойынша 4 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі үйге бара отырып көрсетілді.

Сұрақ: Шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындары облыс, не аудан орталықтарына жете алмайтын жағдайлар кездеседі. Оларға қалай қызмет көрсетесіздер?

Жауап: Оңтүстік Қазақстан облы­­сының Мобильді Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары 190 шалғай елді мекеннің тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетіп жатыр. Мобильді топтың қызметкерлері азаматтарды көбінесе ауылдың орталығында орналасқан әкімдіктің ғимаратында қабылдайды. Мобиль­дік ХҚКО-лардың басты міндеті – шалғай елді мекендерде тұрып жатқан азаматтардың қаржысы мен уақытын үнемдеу. Ауыл тұрғындары аудан орталы­ғына шықпай-ақ, Мобильді ХҚКО тобын шақырту арқылы ХҚКО арқылы көрсетілетін 212 мемлекеттік қыз­метті алуға мүмкіндіктері бар. Ауыл­дық мекендердің тұрғындары мемлекеттік қызметтерден басқа ЭЦҚ мәселесі, порталда тіркеу, құжаттарды ресімдеу және т.б. бойынша тегін кеңес ала алады.
Мобильдік ХҚКО іссапарларының кестесі әкімдіктермен алдын ала келі­сілетін және аудандық әкімдіктердің сайттары мен өңірлік БАҚ-тарда жарияланады. Мобильдік ХҚКО сапар­ларының кестесін «ХҚКО» РМК-ның www.con.gov.kz ресми порталында табуға да болады.
Сөз ретінде, 2015 жылы Оңтүстік Қазақ­­стан облысының Мобильді ХҚКО-ларында 68 000 қызмет көр­се­тілген, оның ішінде 33 000 – элек­трон­дық нысанда ұсынылды.

Жазып алған – Әлімхан Дүйсенғалиев

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *