Вельким Злавдинов, «ВИЗиТ АЗС» ЖШС бас директоры: Басты мақсатымыз — денсаулыққа пайдалы сусын шығару

dsc_8786Елбасының Жолдауына сай, отандық өнім өндіру ісі өркендеп келеді. Бірақ, отандық өніміміз шетелдік өнімдермен бәсекелесе алады ма? Иә, бәсекелесе алады. Соның бір айғағы, ол «ВИЗиТ» брендімен танымал алкогольсіз сусындар. Тарихы тереңде жатқан, балалықтың бал дәмін жоғалтпаған «ВИЗиТ» сусындары заманына сай жаңарып, түрленіп келеді. Зауытты 30 жылға жуық басқарып келе жатқан Вельким Ильичтің еңбегі зор. Күні кеше, дәлірегі 1 қарашада 70 жасқа толған Вельким Ильичпен мерейтойы қарсаңында кездесіп, зауыт туралы кеңінен сұхбаттастық.


– «ВИЗиТ» сөзін естігенде, дәстүріне берік, күні кеше пайда болмаған, тарихы бар бренд көз алдыма келеді. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені, бүгінде сіз басқарып отырған компанияның құрылу тарихы өткен ғасырдың 30 жылдарынан басталады. «ВИЗиТ» бренді қалай пайда болды?

– Иә, «ВИЗиТтің» тарихы өткен ғасырдың бірінші жартысынан бастау алады. Зауыт 1932 жылы алкогольсіз сусындар өндіре бастады. Осылайша, II дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, дәлірегі 1949 жылы «Чимкентская» атты минералды су шығарды. 1957 жылы «Сарыағаш» минералды су өндіруді игеріп, алкогольсіз сусындар қатары кеңейіп, арта түсті. Тек 80-ші жылдары сыра зауытында қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 1983 жылы қуаттылығы жылына 600 тоннаға жететін квас жасау жолға қойылды. Сол кезде бізде жасалған квасты Қырғызстан, Өзбекстан, Сібір мен Қиыр Шығысқа жөнелтетін. Арада бір жыл өткеннен кейін квас пен морсты үлкен көлемде өндіретін цех ашылды. 80-ші жылдардың соңында алкогольсіз сусындар шығару цехын қайта жасақтағаннан кейін, 0,5 және 0,33 литрлік бөтелкелерге сусын құятын автоматтандырылған жүйе іске қосылды. «ВИЗиТтің» КСРО заманындағы қысқаша тарихы осы.

vizit03

– Ал, одақ тарағаннан кейінгі тоқырау жылдарында зауыттың жағдайы қалай болды?

– 1991-1993 жылдары «Pepsi-Cola» компаниясымен, одан кейін 1998 жылға дейін «Coco-Cola» компаниясымен бірге жұмыс істедік. Осы жылдары кәсіпорынның техникалық базасы заманауи күйге келтіріліп, шетелдік тәжірибелерді ендірумен айналысып, өндірісті жаңаладық. Алкогольсіз сусындарды бөтелкелерге автоматты құятын «STECA» атты жүйені іске қосып, сағатына 2 мың бөтелке сусын құятын деңгейге жеттік. Сол кезде Қазақстанда бөтелкелерге салқындатылған сусын құю әдісін алғаш болып біз қолдандық. 1999 жылы бөтелкелерге автоматты құятын екінші жүйені іске қосып, өнім қуаттылығын сағатына 2500 бөтелкеге жеткіздік. 2006 жылдардың басында сағатына 2 мың бөтелкеге газдалмаған сусындар құятын жүйені іске қосып, сол жылдың соңында Германияның «КRONES» атты құю жүйесін орнаттық. Бұл технологияның үлкен артықшылығы, сағатына 12 мың бөтелкеге сусын құятын қауқары бар. Нәтижесінде, ескірген қондырғылар ауыстырылды. Өнім қуаттылығы 3 есеге өсті. Сусын дайындаудың прогрессивті технологиясын меңгеріп, оны көмірсутекпен байытуды үйрендік. 2014 жылы суды дайындаудың мембранды жүйесін өндіріске пайдалануды бастадық. «Осмос» деп аталатын бұл технологияның қуаттылығы сағатына 10 текше метр суды дайындауға жетеді.

dsc_8244
– Сусын дайындауға ең қажетті нәрсе, ол – су. Оны қайдан аласыздар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Сусын үшін ең керегі – су. Алдын қалалық су құбырының суын өндіріске пайдаланып келдік. Содан кейін жоғарыда айтқанымдай, «Осмос» технологиясын ендіргеннен кейін, қалалық құбыр суына қажеттілік азайып, зауыт аумағындағы ұңғымалардың суын пайдалануды бастадық. Өзіміздегі ұңғымалардан алынатын суды әбден тазалаудан өткізіп, жұмсартып пайдаланамыз. Бұл сырттан келетін суға деген қажеттілікті азайтты.

vizit04

– Бүгінде «ВИЗиТ» қандай сусындар шығарады?

– Сусынның негізгі қызметі – шөлді басу. Сусын қатарын ұлғайта беруге болады. Бірақ, оның адам денсаулығына пайдасы болуы керек. Компаниямыз бүгінде осыған баса көңіл бөледі. Технологияның жаңа мүмкіндіктеріне сүйеніп, емдік шөптердің және тамырларының тұнбасын пайдаға жаратамыз. Концентрациясы теңестірілген шырындар дайындаймыз. Мұның бәрі де басқа сусын өндірушілерден даралап, ерекшелейді. «ВИЗиТ» бүгінде 35 түрлі атаумен сусын шығарады. Олар тұтынушыға «ВИЗИТ» және «ВИЗА» деген тауар белгісімен таралады. Атап айтқанда, алкогольсіз сусындар, суық шайлар, «Сарыағаш» және «Емдік Арасан» минералды суы мен «Wizoff» асханаға арналған ауыз суын өндіреміз.

vizit06

– Адам денсаулығына пайдалы сусын шығаруға баса мән береміз деп қалдыңыз. Осы мақсатта қандай сусындарыңыз бар?

– 2002 жылдан бері «Денсаулық» сериясымен сусындар өндіріледі. Бұл сусындар табиғи өсімдік компоненттері қосылған, қажетті дәрумендер мен минералдармен, табиғи қышқылдармен байытылған. Мидың және жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Ағзаның қоршаған орта әсеріне қарсылығын күшейтеді. Иммунитетті көтереді. «Денсаулық» сериясымен сусындарды өндіру оңтүстіктің бай флорасының кереметтігін пайдалану үшін ойлап табылған. «Легенда», «Здоровячок», «Тонус плюс», «Тархун», «Думан» деп аталатын сусындардың бәрі де осы серияға тиесілі. Онда қызыл мия, киікоты мен мыңжылқының тамыры, жапырағынан жасалған тұнбалар қосылады.

 

– Негізгі бәсекелестеріңіз қай жақтан?

– Бүгінде не көп, сусын шығаратын компаниялар көп. Бірақ, «ВИЗиТтің» басты ерекшелігі, ол дәстүріне беріктігі мен адам денсаулығын бірінші орынға қоюы. Біздің бәсекелестеріміз осы Оңтүстік Қазақстан облысынан да, Алматы қаласынан да бар. Бір айта кетерлігі, жергілікті сусын өндіретін компаниялардың денін бізден шыққан мамандар құрған. Біз осыны мақтан етеміз. Олар кезінде бізде жұмыс істеп, кейін бөлініп, түрлі компаниялар құрып жатыр. Негізгі бәсекелестеріміз солар деп айтқанымызбен, біздің өз тұтынушыларымыз бар. Біздің сусынды күнделікті дастарханына қоятын тұтынушыларымыз көп.

dsc_7905

– Өнімдеріңізді шетелге экспорттайсыздар ма?

– Бүгінгі таңда Ресейге сусындарымызды жөнелтіп, ол жақтың нарығын, тұтынушыларын зерттеп жатырмыз. Сусындар нарығы – өте қиын нарық. «Ойыншылары» өте көп. Таңдау да мол. Тұтынушыға әрдайым талас жүреді. Ресей нарығы үлкен нарық болғандықтан, сол нарыққа енуді көздеп отырмыз. Ақырындап, бірте-бірте енеміз де. Қазір осы мақсатта жұмыстар жүргізілуде. Ал, біздің сусындар Қазақстанның батысы мен орталығына, оңтүстіктігіне толықтай таралады. Бір қиыны, қазір барлық жерде үлкен сауда орындары ашылып жатыр. Халық бұрынғыдай кішігірім дүкендерге емес, сондай үлкен сауда орталықтарына барады. Ал, үлкен сауда орталықтарының сөресінен орын алу қиын. Ұзақ келіссөздерді керек етеді. Қабылдауы қиын. Мына Алматының үлкен сауда орталықтарының сөресінен орын алуға жылға жуық келіссөздер жүріп жатыр.

dsc_8007

– Ал, сіз «ВИЗиТке» қалай келдіңіз?

– Мен 1971 жылы Воронеждегі Химия-технология институтын инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдадым. Қызметімді сол жылы Көкшетау сыра қайнату зауытындағы цех бастығы қызметінен бастадым. 1972-1982 жылдары «Оңтүстік сыра» зауытының Кентау филиалында еңбек еттім. Кейін Шымкенттегі алкогольсіз сусындар зауытына бас инженер болып келіп, 1990 жылдан бастап зауыттың директоры дәрежесіне көтерілдім. Зауыт атауы әр жылдары әрқалай өзгеріп, жабық акционерлік қоғамнан, ашық акционерлік қоғам түріне өтті. Осыдан үш жыл бұрын жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қайта құрылып, бас директоры болып келемін.

 

– «ВИЗиТтің» бұрынғы атауы «Шымкент алкогольсіз сусындар зауыты» еді. Зауыт атауы тек 1993 жылы өзгеріпті. Бүгінгі атауы сіздің тегіңізбен байланысты екен. Солай ма?

– Иә, менің Злавдинов Вельким Ильич аты-жөнімді «ВИЗиТ» атауын қоюға қолданды. Менің аты жөнім Вельким – В, Ильич – И, Злавдинов – З әріптерін қосып «и» есімдігі мен «Товарищи» сөзінің Т бас әрпін жалғап, «ВИЗиТ» сөзін шығарды. Бірақ, «ВИЗиТ» атауы тек менің аты-жөнімнің бас әріптерінен құралған деп қабылдау – дұрыс емес. Өйткені, «ВИЗИТ» сөзінің өз мағынасын ашатын «ұраны» да бар. Ол «Визит в ваш дом» деп аталады. Яғни, әр үйге бару, әр үйдің дастарханынан табылу дегенді білдіреді.

Сұхбаттасқан – Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *