Вакцинадан бас тартқандар ұтқан емес

cfqn1

Облыста 1000 баланың ата-анасы екпе жасатудан мүлдем бас тартқан

Соңғы уақытта елімізде балаларына екпе салдыруға қарсылық білдірушілердің шоғыры пайда болды. Облыста 950 мыңнан аса
 балаға екпе салынуы тиіс болса, соның ішінде 1000-нан астам бүлдіршіннің ата-анасы екпе жасатудан мүлдем бас тартқан. Олардың 73%-ы өзге діни ағымдағы, ал қалғандары вакцина туралы негатив ақпарат алған және оның мүлдем қажеттілігі жоқ, деген жеке қөзқарастағы адамдар. Бұл облысымыздың иммунологтары келтірген мәлімет. 

cfqn12

Амантай Садиев, «Абдул Хамид Хаттани» мешітінің найб-иамамы: Ислам науқастанған адамды ем іздеуге шақырады. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір бәдәуи:«Уа Алланың Елшісі! Науқастансақ, емделейік пе? – деп сұрағанында, Ол (с.а.у.): Әрине. Ей Алланың құлдары, ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық ауруға ем бар», – деп емделу керектігін айтқан. Укол арқылы ем қабылдау да осыған жатады. Ислам шариғатында вакцина салынбасын, күнә болады немесе оған қатаң тыйым салынады деген ұғым жоқ. Соңғы уақытта вакцинаның зияндылығы жайында интернетте көптеген жағымсыз видеолар жүр. Осының өзі адамдардың арасында алаңдатушылық тудырып, бас тартуға жол беруде.

 

Елімізде әр жылы 24-30 сәуір аралығында «Иммундау апталығы» өтеді. Мұндай апталық соңғы 10 жылда
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропа елдерінде, соның ішінде Қазақстанда жүйелі түрде өткізіліп келеді. Апталықта еліміздің иммунолог-дәрігерлері иммундау қажеттілігінің маңызы мен вакцинаның көмегімен түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға болатындығына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

cfqn13

Зәуре Бәйдібекова, Шымкент қалалық №1 емхананың иммунолог-дәрігері: Екпе егу арқылы қаншама аурулардың алдын алып жатырмыз. Сондықтан олар вакцинамен басқарылатын жұқпалар деп аталады. Тіпті, күні бүгінде осының нәтижесінен жойылып кеткен аурулар бар. Вакцина салдырмағанда кез-келген уақытта ауру жұқтыру қауіптілігі жоғары болады. Елден тысқары шығатын уақыттар бар. Сол кездері екпе жасатқандарға қарағанда жасатпағандарда қауіптілік басымырақ. Яғни, қызылша, дифтерия, полиомиелит, А,В гепатитті жұқтыруы мүмкін.

Вакцина дегеніміз не?

Алдымен вакцинаның не екендігіне тоқталсақ. Вакцина – белгілі бір инфекцияны жоюға бағытталған микроағзалардан жасалатын препарат. Өндірісте вакцинаны жасағанда қатаң бақыланады, яғни зиянды инфекциялардан қорғайтын қасиетін сақтап, артық және зиянды заттардан толықтай тазартады. Одан кейін препараттың қауіпсіздігі зертханалық және клиникалық тексерулерден өтеді. Негізінде, вакцина вирусты аурулардың алдын алады. Вирустар екпені егуден кейін де немесе одан бас тартқанда да ағзаға түседі. Ол ауруды мүлдем болдырмайды деген қате түсінік болмауы керек. Вакцина – аурудың жеңіл өтуін ғана қамтамасыз етеді және кеселді асқындырмайды. Кез келген вакцина баланың ағзасында өтпелі реакция тудырады. Дәрігерлер өтпелі рекцияға бола екпеден бас тарту қателік екендігін айтады.

 

Аурумен күресудің жолы

Ақ халаттылар қазіргі уақытта инфекциялық аурулармен күресудің бірден-бір тиімді жолы — екпе екендігін айтады. «Халықты вакцинациялаудың нәтижесінде жұқпалы аурулармен сырқаттану деңгейі төмендеді. Соңғы 10 жылда қызамық аурушаңдығы 264, қызылша 611, эпидемиялық паротит 10, «В» вирусты гепатит 5,1, «А» вирусты гепатит 89,6 есеге дейін төмендеді. Иммунизация жыл сайын 2-3 миллионға дейінгі өлім жағдайының алдын алады. Вакцинаның адамзат үшін пайдасы — өлім-жітім мен жұмыс жарамсыздығын болдырмайды. Және мұның еліміздің экономикасына тиімділігін де атап өтуіміз керек.
Иммундау апталығында барлық топтағы азаматтарға вакцинаның маңыздылығы түсіндіріледі. Бұрын есепке алынбаған, көшіп келген, тіркеусіз, тұрақсыз мекенжайда тұратындар және одан бас тартқандармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — дейді қалалық №1 емхананың иммунолог-дәрігері Зәуре Өрісбайқызы.
Алғашқы вакцина сәби дүниеге келген 1-4 күн аралығында туберкулезге және «В» вирусты гепатитке қарсы салынады. Екпе егудің Ұлттық күнтізбесі бар.

Екпенің әсері

6Вакцинаның маңыздылығы тек инфекциялық ауруды алдын алумен ғана шектелмейді. Медицинада аурулардың тарихына көз жүгіртсек, осыдан 30-40 жыл бұрын қызылша немесе дифтерия инфекцияларынан балалар өлімі көп болған. Көкжөтелмен ауырып жатыр екен дейтін де жиі естілетін. Бүгінде бұл аурулардың аты аталмайды. «Бұл – екпенің оңды нәтижесі. Оның әсерінен күні бүгін талай аурулар жер бетінен жойылған. Жер шарындағы бар халықты жайлаған табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылды. Сондай-ақ, Қазақстанда 2000 жылдардан кейін дифтерия, полиомиелит аурулары тіркелкен жоқ», дейді Зәуре Өрісбайқызы.
Тағы бір айтар кетерлік мәлімет, елімізде вакцина егу жұмыстары тегін жүргізіледі. Басқа елден келгендерге де екпе ақысыз. Ол үшін тіркелген немесе уақытша тіркелген емханасына барады.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *