Уран өндірісіне бағытталған индустриалды аймақ

b%d3%a9shke03-1Елбасы жолдауының басым бағыттарының бірі, ол – экономиканы диверсификациялап, индустрияландыру. Осы мақсатта аудан-аудандарда индустриалды аймақтар құрылды. Солардың бірі Созақ ауданында орналасқан. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Теріскейге іссапарында осы индустриалды аймақтың жұмысымен танысты.


Уран өнімдерін салатын бөшке шығарады
Созақ ауданының индустриал-ды аймағында 4 жоба жұмыс істесе, тағы екі жоба енді іске қосылады. Төртеудің ішіндегі елеулісі, әрі өнімдісі уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығаратын «UKO-S Star» металл құрастыру ЖШС-і. 2012 жылы құрылып, бір жылдан кейін, дәлірегі 2013 жылдың соңында іске қосылған зауыт осы күнге дейін 97 мың бөшке шығарып, сатқан. Жоба құны 315 млн теңгені құрайтын зауытта 35 адам еңбек етеді.

b%d3%a9shke02

Зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Нұрбол Әкеннің айтуынша, өнім көлемін белгілеу тапсырыс санына тікелей байланысты. Сондықтан да зауыт әзірге толық қуаттылығына көшпей отыр. Жылына 25-30 мың дана жасайды.

Тапсырыс демекші, мұндағы бөшкелердің негізгі сатып алушысы — «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ы. Өйткені, зауыт өнімі тек уран өндірісіне бағытталған. Ұлттық компания осы зауыт шығаратын өнімнің сапасын әрдайым бақылауында ұстайды. 200 литрлік бөшкелерге уран өнімдерін салып, экспорттайды. Сондықтан бөшкелерге әлемдік стандарт белгіленген. Атап айтқанда, бөшкенің қалыңдығы 1,5 мм, асты мен үстінің қалыңдығы – 2 мм, қамытының қалыңдығы 3 мм болады. Уран өнімдерін шетелдерге тек осы бөшкелермен теміржол, теңіз жолдары арқылы тасымалдайды.

b%d3%a9shke03-5

Тұтынушы мен өндірушінің орналасқан қашықтығы жақын болғандықтан уран салатын бөшкелерді сырттан тасымай, логистиканың жеңілдігіне сай «UKO-S Star» зауытына басымдық береді.

Бұдан бөлек, жергілікті жұртшылыққа аз мөлшерде темір есік-қақпалар да жасайды. Өйткені, темірден бұйымдар құрастыратын зауыт болғандықтан, осы бағыттағы кез-келген сұранысқа ұсыныстарын дайындауға әзір.

%d3%99ken-6Нұрбол ӘКЕН, «UKO-S Star» зауытының өндіріс жөніндегі директоры:
— Шикізатты, яғни темір тақталарды Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-нан алдырамыз. Темір тақталарды сондағы зауыттан «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына тиесілі теміржол арқылы тасымалдайды. Теміржолдың бір стансасы Шолаққорған ауылының жанынан өтеді. Бұл да шикізат тасымалдауға кететін шығында едәуір азайтып, арзанға түсіп отыр.

Жылына 50 мың бөшке жасауға қауқары жететін өндіріс орны енді 1700 бөшке шығарса, қоймада сақталғанымен қосқанда барлығы 100 мың бөшке жасайды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, енді іске қосылатын екі жобаның біреуін «UKO-S Star» металл құрастыру ЖШС-і жүзеге асырып жатыр. Мұнда уран өнімдеріне арналған бөшке шығару зауытының жанынан техникалық майларға арналған бөшке шығару жобасы қолға алынған. Алдағы 2017 жылы жұмысын бастайды.

 

%d2%9b%d2%b1byrlar-3Уран өндірісіне арналған құбырлар жасайды
Индустриалды аймақтағы келесі бір кәсіпорын, ол — «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС-нің Уран өндіруші кәсіпорындарға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын зауыты. Өткен жылы лентасы қиылған кәсіпорынның негізгі шығаратын бұйымы – уран өндірісінде қолданылатын құбырлар жасау. Ашылған жылы 41,3 млн теңгенің, ал биыл 66 млн теңгенің өнімін сатқан. Зауыт басшылығының айтуынша, осы жылдың алғашқы тоғыз айында 29,9 млн теңге салық төлепті.

 

Тұрмыстық қатты қалдықтарды пайдаланатын зауыт
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың назарын аудартқан нысан — «Сырлы Созақ» ЖШС-нің пластмасс қалдықтарынан шикізат өндіру және төменгі қысымды полиэтилен құбырын шығару жобасы болды. Бұл зауыт шикізат ретінде тұрмыстық қатты қалдықтарды пайдаланады. Қазақстан экономикасында қоқысты қайта өңдеу бағыты кемшін қалып жатқандықтан, облыс басшысы бұл зауыттың сол тұрмыстық қатты қалдықтардан пластмасс алу мүмкіндігін іске жаратуға ерекше тоқталып өтті. Қол астындағы қызметкерлеріне осы зауы-тты тұрмыстық қатты қалдықтармен қамтамасыз ету ісіне қарасты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс бойынша бүгінде көлемі 1116 гектар жылыжай бар болса, келер жылы оның көлемі тағы 100 гектарға ұлғаймақ. Бұл өз кезегінде, Оңтүстікте жылыжай кластерін құруға мүмкіндік береді. Осыны меңзеген аймақ басшысы аудандағы пластмасса қалдықтарынан шикізат өндіріп, полиэтилен құбырын шығаратын зауыт өз өнімін тек «Қазатомөнеркәсіпке» ғана бермей, қуаттылығын арттырып, оны жылыжай салуда қолдану қажеттігін айтты. Өйткені, «Сырлы Созақ» жасаған құбырлар жылыжай ісіне пайдалануға жарайды. Айта кетерлігі, осы жылы ашылған кәсіпорын 20 млн теңгенің өнімін сатып, жергілікті бюджетті 1,3 млн теңгеге толықтырған.

t%d2%b1z

Жылына 2 500 тонна ас тұзын өндіреді
Өңір басшысы бастаған жұмысшы топ индустриалды аймақта орналасқан «Дархан-Ас» зауытының да жұмысымен танысты. Йодталған ас тұзын шығаратын кәсіпорын жылына 9 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жыл басынан бері 43,2 млн теңгенің 2 500 тонна ас тұзын өңдеп, нарыққа шығарыпты. Ел қазынасына 1,7 млн теңге салық төлеген. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімдерінің көлемін мұнан да арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Индустриалды аймақтағы екінші бір жүзеге асырылып жатқан жоба — «КазХимПромЛеагент» ЖШС-нің Ион алмасу шайырлар өндірісі. Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаевтың айтуынша, бұл өндіріс келесі жылы іске қосылғаннан кейін жылына 5 мың тонна ион алмаспалы шайыр шығарады.

«Кез-келген шетелде үлкен зауыт-фабрика болса, соның жанынан әлбетте кішігірім 500-ге тарта цехтар салынады. «Қазатомпром» компаниясын алайық, осы компанияға қажетті заттардың барлығын өзімізден шығарып, әрі сатуға болады. Құбыр, бөшке шығарып жатырсыздар. Енді қосалқы бөлшектер шығарыңыздар. Халық соған жұмыс істейді. Себебі, Созақ ауданында тек қана мал шаруашылығы болған. Мал шаруашылығы мен осы «Қазатомпромға» қажетті заттар шығаруды да дамытыңыздар» деген Ж. Түймебаев мұндағы өнімді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына өткізуді жүйелеп, жолға қоюды тапсырды.

memorandum

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы-мен әріптестік демекші, облыс басшысы Созаққа сапарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағаливпен де кездесті. Басқосу барысында екіжақты уағдаластықты одан әрі жалғастырып, нығайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасында меморандум түзілді.

Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *