Универсиадаға күнгейлік 5 спортшы қатысады


Алматыда өтетiн бүкiләлемдiк XXVIII Қысқы Универсиада ойындарының басталуына да санаулы күндер қалды. Әлемнің әр түкпірінен жиналатын кіл мықтылардың арасынан оза шауып бәйге алу оңайға түспейтін түрі бар. Дегенмен дайындықтары мықты спортшыларымыздың жүлделі орындардан көрінеді деген сенім мол. Айтулы додаға оңтүстік қазақстандық 5 спортшы қатысып, бақ сынамақ. Спортшыларымыз қазір Финляндияның Рука тау шаңғы курортында қызу дайындалып жатыр.

50 жылдық тарихы бар Универсиада ойындарына еліміз 1993 жылдан қатыса бастады. Ақ қар, көк мұзда жүлделерді сарапқа салған бәйге барысында қол жеткізген жетістіктеріміз де осал емес. Әлемдік доданы еліміз ТМД елдерінің арасында бірінші болып өткізбек. 28 қаңтар мен 9 ақпан аралығында өтетін спорттық додада 17 мен 28 жас аралығындағы студенттер, аспиранттар мен докторанттар бақтарын сынайды. Универсиадаға 55 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы қатыспақ.

Бұл спорттық сайыстың тарихында бұрын соңды болмаған рекорд. Қысқы Универсиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. XXVIII Қысқы Универсиадаға 191 қазақстандық спортшы қатысады. Ал біздің өңірден 5 спортшы бақ сынайды.

Олардың барлығы фристайл-акробатикадан шеберлік танытпақ. Бесеуі де №8 қысқы спорт мектебінің тәлімгерлері. Фристайл – тәуекелге бара білген адамдардың спорты. Сондықтан да оларға жерлестері сенім артқан биік белестен көріне білу оңайға түспесі анық. Жүлдені қолдан бермеген оңтүстіктің оғландары бұл жолы да жоғары нәтиже көрсетеді деген үмітке иек артамыз.

 

Жанбота Алдабергенова

Жанбота Алдабергенова 1995 жылы Шымкентте дүниеге келген. Фристайлдың акробатика түрінен ірі жеңіске жеткен тұңғыш қазақ қызы. 2011 жылы фристайлдан Қазақстан кубогінде топ жарды. 2012 жылы Белоруссияда өткен Еуропа кубогінің бір кезеңінде қола жүлдені еншілеген. 2015 жылы Италияда Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Еуропа кубогінің бірнеше кезеңдерінде жеңімпаз және жүлдегер болды. 2015-2016 жылғы маусымда Еуропа кубоктерінің абсолютті чемпионы. Сочи Олимпиадасында 6-орынды қанағат тұтты.

 

Жібек Арапбаева

Жібек Арапбаева — 1991 жылы Шымкентте туған. 2008 жылдан бастап халықаралық жарыстарға қатысады. 2010 жылы Ванкувер ойындарында да бақ сынап, 23-орыннан көрінген. Алматыда өткен Азияда ойындарының күміс жүлдегері. 2012 жылы Еуропа кубогінің этапында күміс жүлдеге ие болған.

 

Бағлан Іңкәрбек

Бағлан Іңкәрбек — 1994 жылдың тумасы. 2011 жылы өткен Қазақстан кубогының 2 орын жүлдегері. 2014 жылы Сочи олипиадасына қатысып, 19 орыннан көріне білді.

 

Ақмаржан Қалмұрзаева

Ақмаржан Қалмұрзаева – 2011 жылы өткен Қысқы Азиада ойындарында финалға жетіп, 4 орын иеленген.

 

Дархан Мұхамеджанов

Дархан Мұхамеджанов – фрис-тайлдан Қазақстан Республикасының Кубогының 1 орын иегері.

Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *