Уақытша тіркеу туралы жиі туындайтын сұрақтарға жауап

Елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 28-VІ ҚР Заңы күшіне енді. Бұл кейбір заңнамалық актілері мен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 493-бабына өзгерістер енгізді. Аталған өзгерістердің қатарындағы елеулісі — азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттелуі болып отыр. Сондай-ақ, пәтерді жалға берушінің де, жалға алушының да қолында рұқсат қағазы болмаса заң маңдайынан сипамайды. Бүгінде уақытша тіркеу қоғамда қызу талқы таразысына салынуда. Осыған орай туындаған сан сауалға ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Хадиша Баймұқашева жауап берді.

— Уақытша тіркеу дегеніміз не? Оның тұрақты тіркеуден айырмашылығы қандай?
— Тұрғылықты жері бойынша тіркеу мен уақытша тұру орны бойынша тіркеудің айырмашылығы уақытша тіркеу тұратын мерзімнің көрсетілуінде, ал тұрақты жері бойынша тіркеуде тіркеу мерзімінің көрсетілмеуінде. Сондай-ақ, бір айдан астам мерзімге уақытша тұруға келген ішкі көшіп-қонушыларды ішкі істер органдары бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығармай, бір жылға дейінгі мерзімге уақытша тұратын жері бойынша есепке алады. Тіркеуге басқа қалаға көшкенде ғана емес бір елді мекеннен басқасына көшкен уақытта да уақытша тіркеуге тұру керек. Оның тұрақты тіркеуден айырмашылығы оқуға келгендер (студенттер), қызметтік міндеттерін орындау (іс-сапармен келгендер), емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде бір айдан астам мерзімде тұрып жатқан адамдар бұрынғы тіркелген жерінен шығарылмай, уақытша тіркеуге алынады.
— Уақытша тіркеу неше күнге дейін жасалады?
— Келу мерзіміне қарай 3 айдан 1 жылға дейін.

— Кез-келген уақытқа дейін создыра беруге болады ма?
— Иә, болады.
— Пәтерін жалға беруші жалға алушыны сол мекенжайда уақытша тіркеуге қоюға міндетті ме? Уақытша тіркеуге тұрғызудан бас тарта алады ма?
— Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 28-VІ Қазақстан Республикасының Заңы мен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 493-бабына енгізілген өзгерістер бойынша жалдауға берушінің (жалға берушінің) меншiк иесiне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және үй-жайларда жеке тұлғалардың тiркеусіз тұруына жол беруi –жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп көрсетілген. Осыған байланысты жалға берсе уақытша тіркеуге тұрғызудан бас тарта алмайды.
— Басқа қалаға емделуге не болмаса қыдырып дегендей 1 немесе 2 айға келгендер тіркеуге тұруы тиіс пе?
— Бір айдан аса уақытқа келген азаматтар уақытша тіркеуге тұруға міндетті.
— Жұмыс берушінің мекен-жайына тіркеуге тұруға болады ма?
— Жұмыс берушінің мекенжайындағы тұрғын үй ғимараты талапқа сай тұрғын жайы болса ғана рұқсат етіледі.
— Қандай да бір себептермен тіркеуге тұратын мекен-жай таппағандарға қолданылатын шара… Ол үшін жеңілдік бар ма?
— Ол бойынша жеңілдік жоқ, бұл азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады.
— Уақытша тіркеусіз жүрген азаматқа алдын ала ескерту беріледі ме?
— Он күннен бір айға дейін ескерту беріледі.
— Ескерту жасалғаннан кейін уақытша тіркеуге тұру орындалмаса, неше күннен кейін айыппұл салынады?
— Бір айдан кейін 7 АЕК айыпұл салынады (15 883 теңге).
— Басқа қалаға барғанымда сол қалада неше күнге дейін уақытша тіркеусіз жүруіме рұқсат етіледі?
— Бір айға дейін тіркеусіз тұра аласыз.
— Уақытша тіркеусіз жүру мерзімі неше күннен аспауы керек?
— Бір айдан аспауы қажет.

Хадиша Баймұқашева, ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі

— Уақытша тіркеуге тұру үшін қандай құжаттар қажет?
— Тіркелуге жататын ішкі көшіп-қонушылар — ҚР азаматтары жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен асырмай, уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар — туу туралы куәлік);
2) салыстырып тексеру үшін тұрғын үйдің меншік иесінің жеке басын куәландыратын құжаты және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша уақытша тіркеуге оның жазбаша келісімі (қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда тіркелген кезде — жұмыс орны бойынша тіркелуі туралы ұйым (мекеме) әкімшілігінің қолдаухаты).
3) тіркеуге құқығын растау үшін меншік иесінің белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғанын, оның ішінде жалға алу (жалдау), қосымша жалға алу шарты бойын-ша алғанын куәландыратын, сондай-ақ «Мекенжай тізілімі» ақпараттық жүйесінде өндірілген тіркеу мекенжай коды болмаған кезде оған «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжат. Белгіленген тәртіппен меншігіне тұрғын үй сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғаны туралы куәландыратын, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттар туралы мәліметті уәкілетті орган «Мекенжай тізілімі» және «Жылжымайтын мүлік тізілімі» ақпараттық жүйелерінен уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады;
4) тіркелгені үшін мемлекеттік баждың (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады) төленгені туралы түбіртек. (бүгінгі таңда 227 теңге).
— Неше күн ішінде тіркелу міндетті?
— Ұзақ мерзімге келсе он күнде тіркелуге тиісті.
— Уақытша тіркеуге тұру қай мекемеде жүргізіледі?
— Ішкі көшіп-қонушыларды уақытша тұратын жері бойынша тіркеуді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері Мемлекеттік корпорация арқылы (Халыққа қызмет көрсету орталығы) жүргізеді.
— Уақытша тіркеуге тұру қанша уақытта ресімделеді?
— Толық құжат жинақталған соң 15-20 минутта ресімделеді.
— Бір қаланың ішінде, мысалы Шымкент қаласы аумағындағы бір мекенжайда уақытша тіркеуге тұрып, сол Шымкент қаласы аумағындағы басқа мекенжайда қоныстануға рұқсат етіледі ме?
— Егер ол басқа мекенжайға тұрақты тұруға қоныстанса рұқсат етіледі. Тіркеуге басқа қалаға көшкенде ғана емес бір елді мекеннен басқасына көшкенде де уақытша тіркеуге тұру керек.
— Бір мекенжайдағы үйге неше адамға дейін уақытша тіркеуге тұруға рұқсат?
— Тұрғын үй иесі қанша азаматты уақытша тіркеуге қоятынын өзі шешеді.

 

 

P. S. Дәл қазіргі күні уақытша тіркеуге байланысты халықтың пікірі екіұдай күйде. Әлеуметтік желілерде аталған заңға қарсы пікір білдіріп қана қоймай, қол жинап, петиция жарияланды. Онда азаматтардың өтініші Парламент депутаттарына арналып, оған 6 мыңнан аса адам қол қойған болатын. Петиция мәтіні avaaz.org сайтында орналастырылған. Алайда бір күн өтпей-ақ аталған сайттың бұғатталғаны белгілі болды. Азаматтардың басым бөлігі шетелден визасыз келгендер елімізде 3 айға дейін болуға мүмкіндік берілгеніне наразылық танытып, қандастарымыздан өз отанында уақытша тіркелуді талап ету қисынсыз деп қарсы екендіктерін білдірді.

Бақытнұр Айымбет

Уақытша тіркеуге байланысты облыс орталықтарының және көші қон полициясы бөлімдері орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істеу кестесіне көшті. Сағат таңғы 8.00 бастап жұмыс істейтін ХҚКО-лар тізімі төменде көрсетілген:

Шымкент қ.
1. №1 бөлім – Мәделі Қожа № 1 Г
2. №3 бөлім – Джангельдин көш., 13А
4. №4 бөлім – Күншығыс ы/а., 116/1
5. №5 бөлім – Нұрсат ш/а., 24/1
6. №6 бөлім – Сайрам тұрғын үй кешені, Ибрагим ата көш., н/ж

 

ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының телефоны: 97-63-03

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *