Уақытша тіркеу… тағы нені білу керек?

Уақытша тіркеу төңірегіндегі сауалдар легі толастар емес. Сұрақтарға ОҚО ІІД Көші-қон полиция басқармасының аға инспекторы Жеңіс Әуелбеков жауап берді.

– Қаладағы пәтерімді жалға бергенмін. Алайда, пәтерімді банк арқылы несиеге алғандықтан бұғатта тұр. Пәтерімді жалға алушыларды уақытша тіркеуге қалай тұрғызамын?

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 493-бабына енген өзгертулерге байланысты пәтерін жалға берушілер пәтерінде бір айдан астам мерзімге тұратын азаматтарды уақытша тіркету қажет. Бұл міндетті орындамағанда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл үшін банктен құжатардың түпнұсқалары кепілдікте тұрғаны туралы анықтаманы және тұрғынүй құжаттарының көшірмесін алып, ХҚКО-на өтініш білдіреді.

– Шымкент қаласында тұрақты тіркеуім болғанымен басқа шағынауданда пәтер жалдап тұрамын. Уақытша тіркеуге тұруым қажет па? Айыппұл кімге салынады?

– Жоғарыда атап өткенімдей ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі өзгертулерге сәйкес уақытша тіркелуі мәселесі екі тарапқа да қатысты. Осы тұста, уақытша тіркелмеген азамат 7 АЕК, ал пәтерін жалға берген азамат 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Сондықтан жалдап тұрып жатқан пәтерге уақытша тіркеуге тұру қажет.

 

– Қала ішінде көпқабатты үйде пәтерім бар. Күйеуім, балаларым бәріміз осы үйде тұрақты тіркеудеміз. Ал, қаланың шетіндегі шағынауданда жер үйімізде жазда ғана тұрамыз. Бұл жағдайда не істейміз?

– Ол үйде жаз айларында тұратындықтан онда бір жылға уақытша тіркелесіз.

 

– Тіркелетін азаматтардың санына шектеу қойыла ма?

– Астана, Алматы қалаларында үйдің шаршы метріне қарай шектеу есептеледі. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл мәселеде шектеу жоқ. Баспана иесі қанша адамды уақытша тіркеуге аламын десе де өзі біледі. Алайда, тұрғын үйдің иесі тұрмайтын азаматтарды тіркеуге қойса, ол ҚР ӘҚБ кодексінің 493-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.

 

– Пәтер жалдамай-ақ ұзақ мерзім қонақ үйде тұрса қайда тіркеледі?

– Қонақ үй әкімшілігі қатынас хат жазып береді. Онда сол қонақ үйде ұзақ уақыт тұратындықтан әкімшілігі өз рұқсатын берген өтініші болады. Осы арқылы бір жыл мерзімге уақытша тіркелуге мүмкіндігі бар.

 

 

– Ауылдағы қайнымның баласы – ЖОО студенті. Біздің үйде жатып оқиды. Сенбі, жексенбі күндері ауылына кетеді. Бұл жағдайда не істеу қажет?

– Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттер немесе іссапарға келгендер бір айдан асса болды, тіркелуі міндетті.

 

– Інім, келінім мен бала-шағасы менің үйімде тұрақты тіркеуде тұр. Бірақ, олар бізбен бірге тұрмайды, пәтер жалдап қаланың екінші ауданында тұрады. Маған бұл үшін айыппұл салмайды ма?

– Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 63 бабы бойынша тұрмайтын адамдарды тұрақты тіркеуге алғаныңыз үшін Сіз жауап бересіз. Бұл үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сондықтан ХҚКО барып, өтініш жазып, оларды тіркеуден шығаруыңыз керек.

 

— Тұрақты мекенжай бойынша тіркелуім Шымкент қаласында. Екі жылдан бері басқа қалада қызымның үйінде тұрып жатырмын. Бұл жағдайда қалай болады?

— Қызыңыздың үйіне 1 жылға уақытша тіркеуге алынасыз. Немесе сонда тұрақты тіркеуге тұрасыз.

Дайындаған — Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *