«Уақытша неке исламға жат»

Жақында Фейсбук әлеуметтік желісінде бір келіншектің басынан өткерген сұмдық оқиғасы жарияланды. Жап-жас қыз бір емес, бірнеше рет тұрмыста болып үлгерген. Ол дінге жақын, намаз оқитын көрінеді. Ең сорақысы, оны шариғат атымен алдап соғыпты.

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары

Өкініштісі, мұндай оқиға соңғы кездері жиілеп кетті. Оның басты себебі, жат ағымдардың жетекшілері жалдамалы пәтерлерде дін үйретеді. Үйренушілер тек «сестра» немесе «ахиларын» ғана тыңдайды. Мешітке бармайды. Барса да имамдардан тәлім алғысы келмейді. Ал ұстаздары қыздарға ата-анасын кәпір деп «үкім» шығарады екен. Салдарынан дұрыс діни ақпараттан оқшауланған «құрбандар» айтқанға көнгіш, айдауға жүргіш боп қалады. Осы ретте біз қоғамдағы өзекті мәселенің шариғат жолымен дұрыстығын білу үшін Шымкент қалалық орталық мешітің найб имамы, дінтанушы Мұхамеджан Естеміровты сөзге тартқан едік.

– Мұхамеджан Жамантайұлы, кейінгі кезде жат ағымдардың ел ішінде дәстүрге қарсы шығып, жұртты шатастыру жәйіттері жиілеп кетті. Мәселен, ғаламтордан, әлеуметтік желілерден «уақытша некеге тұрып, кейін «талақ» деп тастап кетті деген әңгімелер жиі айтылып жүр. Бұл әрекеттер қаншалықты дұрыс? Біздің өңірде мұндай жәйіттер кездесіп жата ма?

– Шариғат заңы бойынша екі жастың уақытша неке қиюларына тыйым салынады. Некені ешқашан уақытпен шектеуге болмайды. Уақытша некелесу дегеніміз «накаху мутға» қазақша мағынасы – уақытша рақаттану үшін қиылатын неке дегенді білдіреді. «Накаху мутғаға» исламның алғашқы жылдарында рұқсат етілген. Бірақ «накаху мутға» Хайбар соғысы болған жылы харам етілді де Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өткенде қайта рұқсат етілді. «Хажжатул уидағ» Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңғы қажылығында осы «накаху мутға» біржола харам деп танылды. Осы жайында имам Шафиғи: «Осы «накаху мутға» сияқты харам етіліп, сосын рұқсат етіліп, сосын біржола харам етілген басқа нәрсені білмеймін», – деген. («Муғни мухтаж» кітабында 3 т. 142 бет).

Сондықтан да уақытша неке қию мәселесі шариғат заңдары бойынша харам саналады.

– Ал «жиһаду ан-никах» жыныстық жиһад немесе «әз-зауажу әл-мунакаха» уақытша некелесу жөнінде не айтасыз? Сирия жеріндегі Ислам мемлекетінің содырларына тәнін ұсынып, біраз күн немесе бірнеше сағат «әйел» болуды мақсат тұтатын нәзікжандылардың әрекеті шариғатта қалай жазаланады? Бұл нәрсе қашаннан бері бар?

– Шариғат заңдары бойынша “Жиһаду ан нихах” деген мәселе жоқ. Бұл кейбір дінбұзарлардың ойлап тапқан дүниесі болып саналады.

– Өзге ағымдардың ықпалы ма, салт-дәстүрімізде дінге қайшы келетін тұстары көп дейтіндер баршылық. Беташар, сәлем салу деген секілді жөн-жоралғылардан бас тартқысы келеді. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Беташар – некені жария ету дегенді білдіреді. Шариғат заңдары бойынша некенің бір парызы жария ету.
Ал келіннің сәлем салуы – құрмет, кішіпейілділік, қайын атасы мен қайын ағаларына, апа, енелеріне сәлем беруі, амандасуы, әсіресе келін өз орнын біліп жүру деген мағына.

Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу – Алла Тағалаға серік қосуға жатады, яки, тозақта азапталасыңдар» деген тәрізді иіліп сәлем беруді қатты ескертіп келген сахихты былай қойғанда, әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ. Иіліп сәлем беруге байланыс-ты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған(сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді. Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын білдірмейді. Олай дейтініміз, біріншіден, бұл хадис сахих емес. Хадистің дұрыстық дәрежесіне байланысты ғұламалар әртүрлі пікір білдірген. Хадис ғалымдары әт-Тирмизи бұл хадисті келтіргеннен кейін оған «хасан» деп баға берсе, Ахмад ибн Ханбал «әлсіз» деген. Хадисті риуаят етушілердің арасында Ханзала ибн Убайдуллаһ деген кісі бар. Ал ол кісі «әлсіздердің» қатарына жатады.

«Уақытша неке исламға жат»– Тағы бір мәселе, жат ағымдағылар қайтыс болған туған-туысының, қала берді әке-шешесінің бейітін сүргізіп тастап жатыр екен деп естіп жатырмыз. Сондағысы ешкім басына барып, құран оқымасын дегені ме? Бұл шариғатта қандай күнә болып саналады?

– Бүгінгі таңда, бұл мәселе өте өзекті болып тұрғаны баршаға аян. Кереғар ағымдардың жетегінде кеткен жастарға түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Өткен жылы 255 жуық жас өзінің қателіктерін түсініп, ата дініне оралды. Бұл жұмыстар биылға қолға алынып отыр.

Мұнымен қатар, облыстық қалалық орталық мешіт жанында жергілікті ақпатттық насихат тобы жұмыс істейді.

– Көшелерде барлық денесін жауып, киініп алғаны былай тұрсын, бетін тұмшалап, қап-қара киініп алған әйелдерді байқаймыз. Тіпті беттерін тормен жауып, қолдарына да қолғап киіп алатын нәзікжандылар жүр. Мұндай әрекеттер қаншалықты біздің дінімізге дұрыс келеді?

– Хиджаб деген сөз әйелді тығып қою, үйден сыртқа шығуына тыйым салу дегенді білдірмейді. Немесе, сыртқа шығу дегенені жалаңаштау, ашық жүру деген емес. Хиджабтың парыз болуындағы хикмет әйелге сырттан көз тігіп қараушы ерлерден жыныстық қозу әсерлерін, инстинктік сезімдерді жасыру болып табылады. Сонда ғана тулаған азғыру сезімдері де, әйелге қарсы қиянат та орын алмайды. Алла Тағаланың хиджаб туралы түсірген қасиетті аятының да мақсаты, міне, осындай. Ал, бет-аузын тұмшалап, қара киім кигендердің бұл әрекеті ислам дінінде құпталмайды. Бұл біздің дінге қарсы әрекет.

– Бүгінде түрлі әлеуметтік ортада, қоғамның түрлі қатынасында, мәдени-рухани кештерде дін өкілдері жиі бой көрсете бастады. Жалпы, бүгінгі қоғамда имамның орны қандай?

– Үстіміздегі жылы Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбымен І Республикалық имамдар форумы өткен белгілі.

Форум қорытындысы бойынша «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттар бірауыздан қабылданды.

Осы құжаттардың басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес жан-жақты білімді болуға, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға бөлінуіне жол бермеу, өзге діндер өкілдерімен бейбіт, ынтымақта тіршілік етіп, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені одан әрі нығайтуға үлес қосу болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған – А.Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *