Тыл ардагері 100 жаста

Соғыстың зардабын тыл ардагерлері аз тартқан жоқ. Әсіресе, сол кезеңде қазақ әйелдері де жоқшылық, аштық пен ауыр еңбекті бастан кешті. Тылда еңбек еткен Бибігүл Әлібаева сол уақыттары қолмен егін орды, темір тұлпардың тізгінін ұстады, одан кейінгі жылдарда қой бақты. Биыл Бибігүл әжеміз 100 жасқа толды. Тыл ардагерінің ғасыр жасын биліктегілер назарсыз қалдырмады. Абай ауданы әкімдігі мен осы ауданға қарасты ардагерлер кеңесі өкілдері әжені құттықтап барып, сый-сияпатын жасап қайтты.

Бибігүл Әлібаева

Бибігүл Әлібаева

Бибігүл әже Төле би ауданы, Будильный елдімекенінде 1915 жылы дүниеге келген. Екі ғасырдың куәсі болған қария бала кезінде жетімдіктің зардабын көріп өсті. Қорғансыздың күйін кешкен кейіпкер «халықтың басына түскен нәубет жылдардың қиыншылықтарын ұмыту мүмкін емес» дейді. Бұл кезде жетім қыз ғана емес, ел ішіндегі дүрбелең «жығылған үстіне жұдырық» болды. Балалықтың бал дәмі аузынан кетпеген қызды өмір осылай ерте есейтті. Жан бағуда 15 жасында тұрмысқа шығуға мәжбүр болды. Сөйтіп, буыны қатпаған жас қыз Қазығұрт ауданына Әлібаевтардың шаңырағына келін болып түсті. Жары да ата-анадан айырылғандықтан қайынағасы Жақып пен абысыны Мінайдың тәрбиесін алады.

– Бағыма қарай жарым Сайфуллин жақсы азамат болып кездесті. Қайнағам мен абысыным көрегенді және тәрбиелі жандар екен. Шіркін, сол кездің адамдарының дархандығы, тазалығын айтсаңшы! Сол абзал жандарға осы күнге дейін Алла разы болсын деймін! Сөздің расы, он бес жасыма дейін әр есікті сығалап, жетімдіктен тәрбие түгілі ешбір жанның жылы сөзі, мейірімін көрмегенмін ғой! Жақсылықты күйеуімнің жұртынан көргенімді жасырмаймын, – дейді ақ жаулықты ана.

Ашаршылық жылдарындағы елдің жағдайы әженің жадында. Бір үзім нанға зар болған кез… Бір тал бидайдың масағын талғажау еткен күндер… Ескі естеліктерге орала беру оңай емес. Жүрекке салмақ салады. Тек бүгінгі ұрпақ «қанағат тұтуды білсе, нанды аяқасты етпей қадірін білсін» деген ниетпен немере-шөберелеріме сол уақыттың қиындығын айтудан жалықпаймын, – деді сөз арасында.

– Бидайдың масағын жинап, үйге алып келеміз. Оның өзі қайбір көп болсын. Соны ауыр диірменге тартып, ұн жасаймыз. Талғажау етер асымыз осы ғана болды. Бір кездері жантақтың тамырын қазып, кептіріп, оны да ұнның орнына пайдаланғанымыз есімде. Аштан өлмеудің әрекеті ғой! – деп күрсінді.

«Әйел заты – қырық жанды» деп ұлтымызда текке айтылмаған. Бибігүл әженің тауқыметті күндері алда екен. Денсаулығы дімкәс жары өмірден өтеді. Шиттей 6 баламен 25 жасында жесір атанады. Ұл-қызға жоқшылықты білдірмеймін деген мақсатта жұмыс талғаған жоқ. Темір көлікті тізгіндеді, әйелмін демей егінге де барды. Отар қойды да бақты. Ер-азаматтың мойнына жүктелер міндетті бір өзі көтерді. Алла тағаланың берген жасы да болар, оның үстіне еңбекқорлықтың арқасында әже екі ғасырдың жақсылығын да, жамандығын да көрді.

Қазығұрт ауданынан Сайфуллин қарияның отбасы көптеген жылдар бұрын Шымкент қаласына қоныс ауыстырады. Қазір 100 жастағы әжеміз қара шаңырақта баласы Қаныбек пен Нарқыз жеңешенің қолында тұрады. Тыл жылдары тер төгуден аянбаған ақ жаулықтының ұзақ өмір сүруінің сыры неде деген сауалды Қаныбек ағаға қойдық.

– Әкем қайтыс болған соң анамыз бала-шағаны асырауда тынымсыз еңбектенгенін білеміз. Жалпы, адамды мықты ететін еңбек екен. Сонымен қатар, ауылда тұрғанда жылқымыз көп болды да, үйімізден қымыз үзілмеді. Ағарғанды көп ішкендіктен де болар және де күтімге де байланысты. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» дейді. Хал-жағдайын жиі сұрап, тамағын да жылы-жұмсақ беруге тырысамыз, – деді Қаныбек аға.

Әжеміздің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары қыздың жасауы болғанын айтпай кетпеске болмайды. Көрпе, құрақ көрпешелер мен жастықтарды талай рет тұрғындар әжеге тапсырыспен тіккізген. Он қолынан өнері тамған ақ жаулықтының құрастырған бұйымдары күні бүгінге дейін сақталған. Тек соңғы кезде көзінің көруі нашарлаған соң ісмерлікті қойған. Жүрісі әлі ди ширақ, сөзінен жаңылмаған әже «елде тоқшылық пен тыныштық болсын!» деп, батасын берді. Бибігүл әженің қазір 23 немересі, 20 шөбересі, 4 шөпшегі бар. Шөпшектің қолынан май жалаған ананың бар тілегі: ел тыныштығы.

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *