Тура жолдан адасқандар

Дінді саясаттың құралы еткісі келетін діндарсымақтардан теріс білім алып, Сириядағы соғысқа барған жастардың бірқатары бүгінде өз істеріне өкініп жүр. Содырлардың қатарында жүріп, қателігін түсінгендер қазір біртіндеп елге оралуда. Өзге елде соғысқаны үшін сотталып, түрмеге қамалып та жатыр. Олардың арасында адасқанын түсініп, беті бері қарағандары да бар. Біз бұл мақаламызда ақиқатқа көз жеткізбей, кереғар діннің жетегінде кетіп, енді жазасын өтеп жүргендер туралы жазуды жөн көрдік.

Тура жолдан адас¶андар «Қарулы жиһадқа» аттанғаны үшiн 8 жылға сотталды

Талғат У. (аты өзгертілді) 2008 жылы ислам қабылдап, дәстүрлі Әбу-Ханифа мазхабын ұстанған. Ол ғаламтор арқылы Египеттен теологиялық білім алып келген К. есімді тұрғынымен байланысады. Әңгімелесу барысында К. оған ортақ таныстары Д.-мен бірге Египетке баруды ұсынады. Талғат наурызда «Астрахан – Ыстамбұл» әуе рейсімен шекара асады. Ыстамбұлға дейін еш қиындықсыз жетіп, бірден Александрияға барып, К. жалдаған пәтерге қоныстанады.

Талғат «ДАИШ» халықаралық террористік ұйым қатарында қарулы қақтығысқа қатысушы қазақстандық Ж.-мен байланыста болған. Онымен хат алмасу кезінде Талғатқа дінсіздерге қарсы «қарулы жиһад» радикалдық идеяларын түсіндіріп, «әлемдік Ислам халифатын құру үшін қасиетті соғысқа» қатысып, «Алла алдындағы мұсылманның парызын орындауға» шақырады. Мақсатты психологиялық әсердің нәтижесінде Талғат «ДАИШ»-тың әскери бөлімшесі болып табылатын «Біріккен қазақ жамағаты» қатарына кіріп, Сирия аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысуға дайын екенін білдіреді. Сирияға бару мақсатында ол өз туыстарымен байланысқа шығып, елге оралу үшін әуе билетін алуға деп 120 мың теңге шамасында ақша аударуды өтінеді. Карточкасына ақша аударылған соң, Сирияға баруға дайындалады. Талғат Сирияға баруға арналған «мұсылман» киім-кешектері мен үш қол шамы, батареялар алады. Келесі күні автобусқа отырып келе жатқанда Түркияның құқық қорғаушылары оны тексеріп, заттарды көріп, ұстап алады. Кейіннен түрік билігі оны ұшақпен Қазақстанға экстрадициялайды. Сот барысында Талғат У. өзіне тағылған барлық баптар бойынша айыпты деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сирияда содырлардың қатарында соғысқан

Шам еліне сапар шегіп, содырлармен соғысқа қатысқан Камиль Абдуллин «Сириядағы террористік топтың қызметіне араласып, қарулы жиһадқа қатысқаны» үшін 7,5 жылға сотталды. Екі айға созылған процесте оның соқыр сенімге еріп, лаңкестердің қатарына қосылғаны толығымен дәлелденген.

2013 жылы ол қарулы жиһад жасау мақсатында Сирияға кеткен. Жалғыз емес, отбасын да ала барыпты. Онда көп ұлттан құралған «Көне Түркістан» террористік тобының құрамына кіріп, соның базасында әскери дайындықтан өткен. Қарудан атуға машықтанған. Радикалды ортада қалыптасқан ережеге сай Абдулин «Абузар» деген діни лақап атқа ие болған. Тіпті Сирияның сойылын соғып, жиһад жасауға үндейтін бейне роликке түседі. Естеріңізде болса, бірқатар Қазақстан азаматтары өзге мұсылмандарды қару алып, Алла жолында соғысуға шақырған болатын.
Сот отырысында 29 жастағы айыпталушы «Сирияға тек әлдекімдердің арбауымен, ақша табу мақсатында бардым» деп жауап берген. Яғни, ДАИШ-тың қатарына қосылып, соғысқа қатысқаны қате екенін түсініп, террористік топтан қашуға әрекеттенген көрінеді. Сөйтіп Түркия арқылы Мәскеуге келіп, сол арқылы Қазақстанға оралыпты.

Енді жеті жыл арқалаған азамат темір тодың арғы жағында жазасын өтеп жүр.

Икрам Айтбаев, облыстық «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы:

– Облыс көлемінде 6 түзеу мекемесі бар болса, біз сонда барып, діни экстремизм, терроризм идеяларына және теріс бағыттардағы діни ағымдарға қарсы әрекеттерінің таралуын алдын-алу мақсатында кездесулер өткізудеміз. Жазасын өтеушілер арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүргізіп жатырмыз. Соның арқасында діни көзқарастағы сотталған азаматтар өздерінің керағар көзқарасынан бас тартып, бірыңғайлыққа бет бұрды.

Керағар көзқарастағы сотталған азаматтар өздерінің қателіктерін түсініп, дәстүрлі бағытқа бейімделуде. Керағар діни ағымдар жөнінде басынан өткен қателіктерін сараптап, тұжырымдай бастады.

Адасқанын кеш түсiндi

Бүгінде діни әрекеті үшін жазасын өтеп жатқандардың бірі Мирас Еспаев өзінің қателескенін мойындап, өзі қатарлы жастарға сабақ болсын деген ниетпен түрмеден хат жазыпты.  Онда сотталушы дінді дұрыс түсінбегеніне, шетелдегі жалған шейхсымақтардың әдемі сөздеріне алданып қалғанына өкінеді.

«Мен 2002 жылдан бастап дінге бет бұрдым. 2005-2007 жылдары негізгі білімді Мысыр елінде алдым. Қосымша араб тілін оқытатын курста оқып, жерлесіміз Ринат Зейнуллиннен діни дәріс алдым. Біз оның дәрісінде жиһад пен адамдарды күпірлікпен айыптау тақырыбын талқыладық. Алайда, менің өмірім өз еліме келген соң күрт өзгерді. Сырт елде теріс идеологияны үйренгеннен кейін, мен ауылдастарыма «мұсылман, мұсылман емес» деген тақырыптарды талқылап, намаз оқымаған адамдарды кінәләй бастадым. Бұған басты себеп – шетелде оқып келгенімді көрсетіп, жамағаттың ішінде өзімді ерекше көрсетуге деген ұмтылыс болды. 2007 жылы үйленіп, Мысырға қайтадан оқуға бардым. Сол елде қайырсыз шейхсымақтардан білім алған соң, шатасуым одан әрі күшейді. Елге оралып, уағыз жүргіздім. Мен ол кезде тек өзімдікін дұрыс деп ойладым.

Бүгінде мен үшін ең бастысы – адасқан, өзім шатастырған азаматтарға дұрыс бағыт көрсету. Түрмеге түскен соң ғана мен осындай нақты шынайы өмір туралы ойлана бастадым. Бұл менің қорлық көргенімнен емес, «түрмеге түскенде баяғы бауырларым неге қасымда болмады, ислам діні қарыштап дамып жатқан елде егер мен ұстанған жол шынайы құндылық болса, неге түрмеде отырмын?» деген ой мазалайды.

Бәрін ойлана келе, асыл дінімізді дұрыс түсінбегеніме өкінемін».

Айта кетейік,  Мирас Еспаев қазір Қылмыстық Кодекстің 164-бабы, 2-ші бөлімі «діни араздықты қоздыру» бабымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

«Кеш келген өкiнiш»

(Сотталушының хаты)

«Менімен бірге оқыған досым Асхат қаладан ауылға келіп, «мұсылман адам намаз оқуы керек және бұл дүниеден кейін о дүние бар» деп түсіндірді. Мен осыдан кейін намаз оқып, досыммен бірге қалаға жұмыс істеуге келдім. Досым өзінің намаз оқитын достарымен таныстырды. Олардың арасында Араб мемлекетінде оқып келген Санат есімді азамат арабшадан қазақшаға аударып уағыз айтатын. Мен ол кезде «Құран сүннетпен жүремін», яғни өздерін «сәләфиміз» деушілерден едім және имамдардың насихатын дұрыс қабылдамайтынмын. Сосын бір жыл өткен соң үш бала болып Мысыр елінің сауат ашу орталығына оқуға бардық. Ол жақта оқып жүріп үшеуміз үш жаққа кеттік. Мен оқып жүріп өзбек тілінде сөйлейтін Абдулбасит атты тәжік жігітпен таныстым. Ол жігіт Исламдағы жиһадты айтып маған көп уағыздайтын және Ауғаныстандағы мұсылмандарға көмектесу керектігін айтатын. Менде терең білім болмағандықтан Қазақстандық төрт жігітпен алты бала болып, Пакістан республикасындағы Вазиристан провинциясына жиһад жасап, мұсылмандарға көмектесуге бардық. Ол жерде бізді Өзбекстаннан қашып кеткен Ибрагим, Абдулхамит атты өзбек кісілері күтіп алды. Біздер бара салып жиһадқа қарулы дайындықты бастап жібердік. Ол жерде дайындық жеті бөлімнен тұратын. Шағын қаруды қолдану, қалалық жағдайда соғысу, жарылғыш зат дайындау, оны қолдану, электроника, жасырын жүру, үлкен қаруды қолдануды үйрендік.

Кейін он бес жылдан бері жүрген Ұлықбек деген Өзбекстан азаматымен жолықтық. Ол кісі өзінің еліне қайта бара алмайтынын айтып өкініш білдіріп, біреуінің сөзіне еріп бір жылдан соң қайта ораламыз, деп шыққаны жайлы айтты. Бұл кісінің сөзі менің жүрегіме қатты әсер етіп, «мен не үшін жүрмін?» деген сұрақ пайда болды. Өйткені, ол жерде себепсіз және мақсатсыз қан төгу әрекеттерін байқадым. Содан жеті кезеңнен өтіп, өз еліме келдім. Үй ішім мені Мысыр елінде оқып келді деп білді. Одан басқа ештеңе айтпадым. Жеті ай өткен соң мені ҰҚК қызметкерлері ұстап, қамауға алды. Кейін білсем, менімен бірге дайындықтан өткен жігіттер Қырғызстан мемлекетінде лаңкестік әрекет жасап, арасында үшеуі (Абдулхади, Оспан) ұсталып, мен жайлы айтқан екен. Мен де өз кінәмды мойындадым. Сөйтіп сот үкімімен бас бостандығымнан айырып, бүгінде жазамды өтеудемін».

Сапархан Шүкірбеков,
ИЧ-167/3 мекемесінде
жазасын өтеуші

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *