Топырақтың тілін, бау-бақшаның бабын білетін Танабай

6 танабайРедакциядан ауыл­шаруа­шылығы саласының хас шебері жайлы мақала жазуға тапсырма алған бойда, элиталық көкөніс, жеміс-жидектер мен жүзім көшеттерін өңдеумен айналысатын «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің басшысы Танабай ағамен хабарластым. Мәскеуге іссапарға кетіп бара жатқанын естіген соң, жолын бөгемей, сәттілік тіледім. Соңғы жылдары шаруашылығында жиі болып, ондағы  жүзеге асырылған тың жобалардың куәсі болғандықтан, елге танымал аграршы-ғалым жайлы  естіген-білгенімді түйіп, оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. 

10 жыл бұрын…

Танабай Шынтасовты бүкіл өңірі­міздің шаруалары біледі десем, қате­леспейтін шығармын. Еңбекқор, сөзіне берік, халық арасында құр­метке ие ағамыздың өмірлік жолы өзгелерге үлгі тұтарлық. 2002 жылы құрылған серіктестіктің 14 жыл­­да ат­қарған жұмысының ай­ға­ғы — жай­қалған жасыл желек. «Сары­ағаш жер сыйы» ЖШС осыдан 10 жыл бұрын жүзім мен түрлі жеміс ағаш­тарының көшеттерін сату арқылы ауылшаруашалық өнімдері нары­ғына кіріп келді. Мұның барлығы көп жылғы еңбектің нәтижесі болатын. Танабай Шынтасовтың оқыған мамандығы гидротехник. Жамбыл гидромелиоратив институтын бітірген соң, туған жері Сарыағашқа оралып, кейіннен еліміздің мақтанышына айналған бау-бақшасын және жүзім алқабын егуді қолға алды. Сарыағаш – Қазақстандағы жүзім алқабы 850 гектарды құрайтын бірден-бір аудан болды. Ол кезде барлық колхоздар мен совхоздар бағбандықпен айналысқанымен, Танабай бағбан ауылшаруашылығында көшет дайындауда біршама қиындықтармен бетпе-бет кездесті. Алғашында бұл кәсіпке жай ғана қызығушылықпен қарағанымен, кейін ол өмірінің бір бөлшегіне айналатынын білген жоқ.
1990 жылдың басында Танабай Шынтасовты «Сарыағаш» сов­хозының директоры етіп тағай­ын­дайды. Бұл совхоздың шаруа­шылығында ағаш көшетін дайындайтын аумағы 50 гектарды құрайтын ірі тәлімбақ болды. Бұл кезде Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай ірі тәлімбақ — 2, ал, республикада — 8 ғана болатын. Сарыағаштықтар бұл кезде Қазақ ғылыми-зертеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Танабай Бектанұлы бағбандықпен түбегейлі айналысу үшін 38 жасында аспирантураға тапсырды. Оның ғылыми жетекшісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, Кемал Кариұлы Танабайға оңтүстікте өсіруге болатын ағаш тұқымдарын зерттеуге кеңес берді. Кез келген сорт 15 жылдан кейін ескіретіндігін ескерсек, мұндай зерттеу аймақта соңғы рет 1973 жылы жүргізіліпті.
Осы жылдары елімізде екі тәлімбақ ғана қалады. Бірі «Сары­ағаш» болса, екіншісі Жамбыл облысында. Тоқырау жылдарында колхоздар мен совхоздар таратылып, жер де бөлініске түсе бастады. Жердің жаңа иелері ағаштар мен жүзімді тамырымен қопарып, пайда әкелетін мақта шаруашылығына ден қояды.
Танабай бағбан Сарыағаш ауданы­ның табиғи-климаттық жағ­дайы тек жемістер мен көкөніс­терге арналғандығын жақсы біледі. Совхоз директоры шаруашылықта жаңа инновация ендіруге тырысады. Ғалымдар да мұның дұрыстығын айтып, қолдау көрсетеді. Мәселен, 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Жамбылдың су шаруашалығы мамандарының көмегімен 9 га жерге телінген бүршік (екпе, ұластырылған шыбық) материалдарды ұлғайтуда импульсті жаңбырлатып суғару жүйесін енгізді. Бұдан бөлек, бағбан жаңа технология немесе жаңа сорт­тарды ойлап табуда түрлі тәжіри­белерді жасап көргісі келді. Алайда, бұл уақытта көшеттерге деген сұраныс болған жоқ. Себебі, дүкендер мен базарларды сырты жылтыраған, бірақ дәмі не иісі жоқ жемістердің сан түрі қаптап кеткен болатын.
Адамдардың бағбан­дық­пен айна­лыс­қысы келмейтіндігі, көшет­тің жаңа сорттарын ойлап табуға қызығушылық танытпай­тындығы Танабай Шынтасовтың жанына қатты батты. Күйзеліс денсаулығына кері әсерін берген болуы керек, ауру айналшықтайды. Ақырында жұмысынан өз еркімен босатылады.
2002 жылы «Красный восток» колхозында бос жатқан жерді Танабай Шынтасовтың жетекшілік етуімен елімізде алғаш рет жеке тәлімбақ жасайды. 35 га жерді құрайтын территория басында төмпешіктер мен сай-салалы жерлер еді. Маманның еңбекқорлығының арқасында жердің сай-дөңдерін реттестіреді, ал, жүзім сұрыпын таңдауға Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары көмектеседі.
«Еңбек – түбі зейнет» деген осы болар. Үш жылдан кейін тәлімбақтың мыңдаған көшеттері Алматы қаласына отырғызуға жөнелтіледі. Бұл кезде бағбандықпен айналы­сатындарға мемлекет тарапынан көмек болмады. 2007 жылы ғана суб­сидиялау басталды. Содан кейін «Сары­ағаш жер сыйы» ЖШС тәлім­бағынан 100 мың, одан кейінгі жыл­дары 200 мыңнан аса көшет сатылды.
6 танабай2
– Көшет өсіріп, жүзім шаруа­шылығын дамытуға ерте ме, кеш пе келетінімізді білдім. Жүзім шаруа­шылығының болашағы бар еке­ні­не сендім. Өйткені, әлем елдерінің бұған қызығушылығы жоғары. Артық­шылығы да бар. Айталық, Қазақ­станда алманың орташа түсімділігі гектарына 47-50 центнерден. Ал, тырбиған көшеттерді (карликовых саженцов) пайдалана отырып, оны 50-60 тоннаға дейін жеткізуге болады, — дейді Т. Шынтасов.
Бүгінгі таңда «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС бау-бақшасында жергі­лікті көшеттер ғана өседі. Осы­дан бірнеше жыл бұрын фран­циялықтар 17 мың көшет сатып алған. 3 гектарына аналық телінген бүршікті түрі отырғызылған. Оның әрқайсысы орташа он шақты тамыр­дан тұрады. Олардың жақсы өсіп-жетілуіне отандық өнімдер қол­данылады. Сарыағаштың климаты француздардың табиғатымен ұқсас болғандықтан, жаңбырлатқыш қондырғымен қамтамасыз етілген.

Бүгін…

Қазіргі таңда тәлімбақ аумағы 94 га құрайды, оның 65 га жерге тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Компьютерлік бағдарлама суғаруды реттеп, бір уақытта минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуін өзі жүйелеп отырады. Бұл су мен минералды тыңайтқыш шығынын 3 есе азайтады.
Серіктестікке тиесілі 94 гек­тар­­дың 23 гектарында бау, 11 гек­тарында жүзім, 15 гектарында көшеттер отырғызылған. Серік­тестік өңірдің ғана емес, елдің шаруа қожалықтарын жергілікті жерге бейім жеміс-жидек және көк­өніс көшеттерімен қамтуда еңбек етуде. Былтыр күз айында шаруа­шылықты аралап, осында атқарылып жатқан жұмыстармен етене танысқан едік. Мұнда күзгі жиын-терім аяқталысымен «Сарығаш жер сыйы» ЖШС-нің жұмыс­шылары көктемге жүзімдік көшет­­терін әзірлеуге кіріскен. Осын­дағы жұмысшы Сапаркүл Елемесованы әңгімеге тарттық. Оның шаруа­шылықта еңбек еткеніне 4 жыл болыпты. Осы мерзім ішінде жеміс ағаш­тарын баптаудың қыр сырын Танабай ағадан үйренгенін айтады: Танабай ағайдың біл­мей­тіні жоқ. Не сұрасаң да, бар­лығына жауап аласың. Әсіресе, жеміс ағаштарының көшеттерін әзір­леудің шебері. Ісіне тындырымды. Агроталаптарға сәйкес шаруа жүргізуді осында меңгердім. Көшетті дайындау оңай емес. Бұтақтың қай жерінен, қай мерзімде кесу және оны сақтау құпиясын Танабай аға айтудан жалықпайды. Ал біз болсақ, ол кеңестерді жұмыста пайдаланып қоймай, ауылдағы көршілерімізге дейін айтып барамыз.

Киви, банан өсіреді

Серіктестікке тиесілі 95 гектар жер алқабында жоғары өнім беретін жеміс көшеттерінен бөлек, Оңтүстік климатына енді бейімделіп келе жатқан нартас, киви, банан сияқты тропикалық жеміс жидектерінің көшеттері де бар. Танабай Шынтасов осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы орман тәлімбағынан кивидің бірнеше көшетін әкеліп отырғызыпты. Алдымен тәжірибе ретінде оны жылыжайға, кейін ашық аспан астына еккен. Тропикалық аймақта ғана өсетін жеміс ағашы былтыр көктемде бүршік жарып, гүлдей бастаған. Ағаштың ашық далада өнуі оңтүстік топырағын жерсіне бастағанын көрсетсе керек. Көшеттің шығуын 90-95 пайызға жеткізуіміз ол ғылым мен өндірістің бірлескен жетістігі. Келешекте осы кивидің басқа да сорттарын алып, суыққа төзімділерін әкеліп көбейтсек деген ойымыз бар, дейді бағбан.

Танабайдың көшетін көрші ауданнан іздеп келеді

6 танТұқымбақты аралап жүріп, Сайрам ауданының шаруаларымен кезігіп қалдық. Әңгіме барысында олардың жүзім көшеттеріне келгенін білдік. «Ахмат Әли ата» ЖШС өкілі Дәурен Теміровтың айтуынша, Танабайдың алма, жүзім көшеттері ең мықты. Әсіресе, тайфидің дәмі тіл үйірер, сондықтан да, Қарабұлақ ауылынан арнайы келіпті. Есесіне, Танабайдың тәжірибесі мол, көшет­тердің күтіміне қатысты білгенін жасырмайды, үнемі кеңес бере­ді. Ауылдағы шаруалардың бағын­да өсетін алма ағаштары мен жүзім­діктері осы серіктестік дайындаған көшеттерден жайқалған, деп ризашылығын білдірді шаруа.
Биолог, селекция маманы Иван Мичуриннің ізбасары Танабай Шынтасовтың жаны жаңашылдыққа жақын. Тәжірибелі аграршы жеміс-жидек көшетімен қоса, көкөністің көшеттерін дайындауды қолға алыпты. Әлемдегі озық технологияларды Оңтүстік жерінде кеңінен қолдануға бүгінде барлық мүмкіндік бар дейді ол. Сарыағаштық Танабай Шынтасов оңтүстіккореялықтармен тәжірибе алмасып келген кәсіпкерлердің бірі. Шетелдіктердің көкөніс, жеміс жидек егу тәсіл­дерінен үйренер тұстары жетерлік, дейді ол.

Өнімін сақтайтын үлкен қоймасы бар

Кезінде Оңтүстік өңірін басқар­ған Асқар Мырзахметов Танабай ағайдың іскерлігін байқап 2014 жылы 40 га жер алқабын 49 жыл мер­зімге жалға берген болатын. Бүгінде мұнда 300 түп алма, 800 түп жүзім көшеті егілген. Әрине, баудың өнімділігі жайлы айту әлі ерте, бірақ күтім болса, Алла бұйырса, бес-алты жылда нәтижесін көреміз, — дейді бағбан.
Танабай аға қандай да бір іске кірісер алдын, оның барлық тұстарына көңіл бөледі……
Серіктестіктің аумағын­да салын­ған 280 тонна өнім сақтайтын қойма­ның шапағатын шаруашылық кеңінен пайдаланып келеді. 2014 жылы іске қосыл­ған қоймада түрлі темпе­ра­туралық режимде көшеттер, жемістер сақталуда. Экологиялық таза өнімге сұраныс көп. Сондықтан да, көкөніс, жеміс жидек болсын, олар пісіп-жетілген жердің құрамы, тыңайтқыштың сапасы өте маңызды екендігін аграршылар жақсы біледі.
Танабай Шынтасов шаруша­лықты жүргізуде ғылыми зерттеулерге сүйенеді. Жаңашылдық енгізуде жан салмайтын маманның атқарар жұмыстары әлі алда. Арманы – Оңтүстік өңірін жасыл аймаққа айналдыру.

Шынар Оразова

Редакция

1 пікір

  1. Маған осы кісіге жолығып, жұмыс сұрау керек болды. Орман шаруашылығын бітіріп едім Астанада.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *