Тоқыма өнеркәсібінің әлеуетін байқатқан MACHTEX-2016 көрмесі

img_4554

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық тауарларды өндіретін жаңа өндіріс орындарын ашып, Қазақстан өнеркәсібін дамытуды, осы арқылы жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырған болатын. Бұл міндеттерге дағдарыс кезінде қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және оларды төмен бағамен сату туралы мәселені шешу де кіреді. «Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады», -деді Елбасы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында.

Оңтүстік өңірде осы бағытта атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Оңтүстік экономикалық аймақта өз кәсібін бастаған өндіріс орындары әлемді мойындатып үлгерді. Шымкент қаласында өткен «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қазақстандық халықаралық көрмесі мен форумы бұған дәлел бола алады. Бір айта кетерлігі, «MACHTEX-2016» көрмесі тоқыма өнеркәсібіне арналған Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған іс-шара болып табылады. Өңірде көрме екінші жыл өтті. Көрмеге елімізде және өңірімізде тоқыма саласын дамытуға атсалысып жүрген отандық өндіріс орындары қатысты.

Cондай-ақ, Италия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Жапония елдерінен де таңдаулы компаниялар өнімдерін алып келді. Өңірдегі «Бал текстиль», «Назар текстиль», «Гауһар» тігін фабрикалары, «Әлем БТ» ЖШС өз өнімдерін көрмеге шығарды. Ал, республикалық өндіріс орындарының сапалы да арзан өнімдеріне сұраныс көп болды. Жапондық «JUKI» компаниясының тігін машиналарының да сапасына көз жеткізуіне мүмкіндік алды.

Бұдан бөлек, көрмеге қатысушылар өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киімдер, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай формалар, мектеп формасы, ұлттық киімдер, балалар мен үйге арналған тоқыма өнімдерін ұсынды.

Халықаралық көрменің ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, шетелдік, отандық компаниялардың өнімдерімен танысты.

— Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы-экономикалық аймақта бүгінде құны 27,8 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Ал 2010-2015 жылдар ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 есеге өсті. Яғни 11,2 млрд теңгеден 21,7 млрд теңгеге дейін өскен. Екі ірі экономикалық аймақпен қатар, «Бадам», «Тассай» индустриялды аймақтарында осындай жұмыстарды жалғастыру жоспарымызда бар,- деді облыс басшысы Ж. Түймебаев.

 

Оңтүстіктен шикізат аламыз

Қазақстанда кәсіпкерлердің тоқыма бұйымдар шығаруға деген талпынысы артты. Солардың бірі — «Атырау тоқыма» фабрикасы қой, түйе жүнін өздері өңдеп, жіп шығарып, мата тоқып шығару ісін қолға алған. Мұндай табиғи таза матадан фабрикада жамылғы көрпе (одеял) дайындап шығаруда.

img_1533

— Алдымен, Монғолияға барып, тоқыма өндірісінің технологиясымен таныстық. Олармен тәжірибе алмасып, 2015 жылы «Caspiy Lana Atyrau» фабрикасы өз жұмысын бастады. Ішкі, сыртқы нарыққа өнімдерімізді шығарып жатырмыз,- дейді фабрика директоры Назгүл Есмаханова.

Сонымен қатар, Назгүл Есмаханова мұндай көрменің кәсіпкерлерге берері көп екендігін де жасырмады. «Оңтүстік өндіріс орындары қарқынды дамып жатқан өңір. Көрмеде біздің фабрикаға бірнеше ұсыныстар жасалды. Осы аймақтан бөлімін ашу және Созақ, Шардара секілді аудандардан түйе жүнін өткізуге бола ма деген өтініштерін білдірді. «Бізде шикізатты тек өзіміздің аймақтан ғана емес Қарағанды, Түркістан қалаларынан да аламыз. Ал, айтылған ұсыныстармен алдағы уақытта бірлесе жұмыс істейміз» деген ойын да жеткізді.

 

Оңтүстікте жасалған…
«Әлем ВТ» ЖШС
Тоқыма өндірісінде тұрғындардың жиі сұранысына ие өнім – шұлық. Сондықтан болар, шұлықтың сан түрі қойылған бұрышқа жиналғандар аз болмады. Сапасын анықтап, бағасын сұраушылардың қарасы көп. Бұл жергілікті шұлық өндіретін «Әлем ВТ» ЖШС өнімдері болатын. Бүгінгі таңда, «KORE» маркасымен шығарылған өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 30 пайызы Ресей, АҚШ және Кореяға экспортталады.

— Біздің фабрикамыз — корей технологиясы және қазақ бизнесінің біріктірілген нәтижесі. Өндіріс орнының негізгі мақсаты — сапасын бақылауда ұстап, қолжетімді ету. Шұлық шығаруға қажет шикізат арнайы экономикалық аймақта орналасқан тоқыма кәсіпорындарынан тапсырыспен алынады. Бояу цехы мен синтетикалық талшықтарды өндіру жабдықтары қосымша сатып алынған. Бұл бізге өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді,-дейді менеджер Ләззат Дүйсенбиева.

Фабриканың жылына 24 млн, ал тәулігіне 70 мың дана шұлық шығаруға қауқары жетеді. Ләззат Дүйсенбиеваның айтуынша, отандық фабрика өндірген шұлықтың өзге бренд өнімдерден айырмашылығы жоқ. Жоғарғы сапалы корейлік жабдықтар қолданылатындығын алға тартты.

«Бизнес» және «эконом» санатты шұлық өнімдерінің ірі өндіріс орны «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Ал, жобаны іске асыру үшін 2 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылған.
Бір айта кетерлігі, мұндағы мамандар 25 желтоқсанға дейін шұлықтардың барлығы жеңілдікпен 100 теңгеден сатылатындығын айтады.

«Назар-Текстиль» және «Баль текстиль» кілем зауыты
Көрмеде тоқыма өнімдерінің арасында ұлттық нақыштағы қазақ кілемдері ерекше көзге түседі. «Назар-Текстиль» және «Баль текстиль» зауыттарының кілемдері бүгінде әлемге танылғаны белгілі.

img_4570

– Бізде сапасы жағынан әлемдік стандартқа сай, денсаулыққа ешбір зияны жоқ кілемдер тоқылады. Шетелдік тауардан ешбір кем емес. Өйткені, қолданылатын станоктар, жіп бірдей. Тек дизайны жағынан өзгешелік бар. Келушілердің қызығушылығы жоғары. Көбісі бағасын сұрап жатыр,- дейді «Баль текстиль» кілем зауытының мамандары.

«Тұран», «Хан Тәңiрi», «Лидер», «Алатау», «Сарыарқа», «Барыс», «ANTIQUE IMPERIAL», «VIZION», «FRIZE», «KASHAN» сауда белгісіндегі кілемдерін алып келіпті.

bbn_4001

Фабрикада шығарылған өнімнің 70%-ы Қазақстанда, 30%-ы шет мемлекеттерге сатылады. Жуырда ғана «Бал текстиль» кілемдері Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда үздік сапа номинациясы бойынша Алтын жұлдызды иеленді.

Перизат БҰҚАРБАЕВА, қала тұрғыны:
– Әдетте, балаларға киімді және үйге қажетті тоқыма бұйымдарды базардан аламыз. Көрменің болатынын естіп, жолай соқтым. Елімізде, Оңтүстікте балалардың сырт киімін шығаратын, тұрмыстық заттар шығаратын фабрикалардың бар екендігін расында енді білдім. Балаларға шұлық сатып алдым. Кілемше алдым. Арзан екен. Сапасы да жақсы.

Илияс Оспанов, облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
– Бүгінгі таңда, кәсіпорындар саласын дамыту үшін жан-жақтылық қажет. Көрмені ұйымдастырудың да мақсаты осы. Қазақстандық не болмаса шетелдік мамандар тоқыма өндірісіндегі тәжіриебелерімен ой-пікір бөліседі, озық технологияларын таныстырады. Бізде ұлттық қолөнер жақсы дамуда. Шетелдік компанияның замануи құрал-жабдықтарын алып келіпті. Бұл олардың ісін дамытуға мүмкіндік береді.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *